Григорий МАРЧЕНКО:
«Экономиканы қалпына келтірудің 2010 жылы қалыптасқан жағымды қарқыны биыл да сақталуы тиіс»
Республиканың Ұлттық Банкі ағымдағы жылға арналған ақша-кредит саясатын айқындады. АКС-ның ықтимал маңызды сипаттарының бірі – теңгенің басқарылатын айырбастау бағамы жөнінде Ұлттық Банк Төрағасы Григорий Марченко желтоқсандағы баспасөз конференциясында айтты. Бұл Ұлттық Банктің Басқармасы осындай шешімді қабылдаған жағдайда ғана мүмкін болатынын атап өтті. Бұл шешім қабылданды. 1999 жылғы сәуірде енгізілген теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы – ЕӨАБ-дан айырмашылығы 21 наурыздан бастап енгізілетін бағамдық саясаттың негізгі ұғымы «басқарылатын» деген сөз болады. Яғни, Ұлттық Банк валюта нарығында сәл ғана толқу пайда болса, жағдайды тұрақтандыру мақсатында оған араласу құқығын сақтап қалуда. Биылғы жылы өзінің жиырма жылдығын атап өткелі отырған Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының тағы да немен сипатталатыны жайында ҚР ҰБ Төрағасы Григорий МАРЧЕНКОМЕН әңгімелесудің реті түсті. Оң қорытынды, тұрлаулы болжам – Григорий Александрович, алдымен қысқаша түрде қорытындылар жайында айта кетсеңіз. 2010 жыл аяқталды, оның маңызды оқиғалары, қателіктері мен сабақтары қандай? – Менің ойымша, өткен жылдың негізгі қорытындысы – экономика өсуінің қолайлы қалпына келтіру қарқыны және қазақстандық үш банкті –БТА Банкін, Альянс Банкін және Темiрбанкті қайта құрылымдау үдерісінің табысты аяқталуы. Мәселен, Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша елдің ІЖӨ-нің өсуі 2010 жылдың тоғыз айында 7,5% болды. Алайда қолда бар алдын ала бағалаулар бойынша, ІЖӨ-нің өсуі жыл қорытындысы бойынша 7% болуы мүмкін. Атап айтқанда 2010 жылдың 11 айында өнеркәсіп 10,5% өсті. Бұл ретте тау-кен өндірісі саласы 5,7%, өңдеу –18,8%, көлік – 12,6%, сауда –12,4%, байланыс –5%, сыртқы сауда –19,2% өсті. Тіпті құрылыс та 0,2% өсті. Тұтастай алғанда, қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты астықты толық жинап алмаудың салдарынан төмендеуге жол берілген ауыл шаруашылығын қоспағанда, экономиканың барлық салалары бойынша өсу байқалады. Елдің экономикалық өсуіндегі неғұрлым маңыздысы әртараптандырылған өсу, яғни экономиканың өндіру өнеркәсібімен байланысты саласы ғана емес, барлық салалары өсуде. Әлеуметтік үлкен мәні бар басқа да макроэкономикалық көрсеткіш те аса маңызды, жұмыссыздық деңгейі 2010 жылғы қаңтардағы 6,3%-дан 2010 жылғы қарашада 5,6%-ға дейін төмендеді. Қазақстандық экономиканың табысын рейтингілік агенттіктер де атап өтті. Өткен жылдың соңында Fitch халықаралық рейтингілік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингісінің болжамын «оңға» дейін көтерді, ал Standard&Poor’s шетелдік және ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша ұзақ мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтингілерді бір сатыға көтерді. S&P рейтингілері бойынша «тұрақты» деген болжам белгіленді. Банк секторына келетін болсақ, онда ең маңызды оқиға үш банк бойынша берешекті табысты қайта құрылымдау. Бұл ретте оның қорытындыларын әлемдік қоғамдастық таныды. Халықтың банк жүйесіне және ұлттық валютаға сенімінің сақталғаны аса маңызды. Мұның өзі банк жүйесінде депозиттердің өсуі сияқты көрсеткіштен жақсы көрінеді. 2010 жылы депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттерінің көлемі 12,5%-ға 7398 млрд. теңгеге дейін өсті. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттер 8,1%-ға азайды, ал ұлттық валютадағылары 30% ұлғайды. Өткен жылдың басқа маңызды оқиғалары туралы айтатын болсақ, Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында жасалған Кеден одағының жұмыс істей бастағанын айрықша атап өткен жөн. Өткен жылы атап айтарлықтай қателік жіберілген жоқ. Ал сабақ ше? Меніңше, бұл – теріс салдарын үш жыл бойы еңсерген дағдарыстың сабақтары деп ойлаймын. Оның ішінде ең бастысы – экономикадағы және қаржы секторындағы туындайтын тәуекелдерді уақтылы және барабар бағалау қажеттілігі, сондай-ақ экономиканың шикізаттық тәуелділігін азайту мақсатында әртараптандыру үдерісін жеделдетудің қажеттілігі. 21 наурызда теңге басқарылатын өзгеруге кетеді – Жыл басындағы ең шытырман мәселе – жаңа валюта дәлізі туралы. Қазіргі кезде жергілікті болжамдар негізінен, теңгенің айтарлықтай нығаюын жақтайды. Атап айтқанда, 25%-ға. Сіздің болжамдарға көзқарасыңызды біле тұра, нарыққа қатысушылардың дүрбелеңді күтулеріне қарамастан, Ұлттық Банктің не себепті екі жыл бойына үйреніп қалған дәліз шекарасын емес, бағамдық саясатты айқындауға арналған қағидаттарды, тәсілдерді өзгертуді орынды деп санайтыны неліктен. Тәсілді өзгертудің себебі не және тұтастай алғанда, ҚР ҰБ-нің бағамдық саясаты қандай болмақ? – Маған осы «дүрбелеңді күтулер» түсініксіз, себебі өткен жылы ішкі валюта нарығындағы ахуал өте тұрақты болды. Дегенмен валюта дәлізінің шекарасын айқындау мәселесіндегі Ұлттық Банктің ұстанымын айқындай кетейін. 2010 жылы қолданыста болған барынша кең дәлізге қарамастан теңге номиналдық көрсетуде 0,6%-ға ғана нығайды. Бұл ретте Ұлттық Банктің нарыққа қатысуы аз ғана болды. 2011 жылғы қаңтарда да сол көрініс: теңге долларға шаққанда нығайды, ал Ұлттық Банк миллиардтан астам долларды сатып алып та қойды, себебі нығаю аса күшті болмауы керек. Осыған байланысты біз бағамның ауытқу дәлізін одан әрі белгілеудің қажеті жоқ деп санаймыз. Теңгенің айырбастау бағамының ауытқу дәлізінің қолданылуы аяқталғаннан кейін, яғни 2011 жылғы 21 наурыздан бастап Ұлттық Банк бізде 2009 жылға дейін қолданылған басқарылатын өзгермелі валюталық бағам режиміне қайта оралады. Бұған ұлттық валютаның тұрақтылығы себепші болып отыр, мұның өзіне қазақстандық экспорттың әлемдік нарықтардағы негізгі ұстанымына қолайлы баға конъюнктурасы және төлем балансының жай-күйі себепші. Орташа мерзімді кезеңде теңгенің құнсыздануына түбегейлі алғышарттар жоқ, оған қоса, шикізаттың жоғары әлемдік бағасы сақталып тұрған кезде ұлттық валютаның нығаюының жалғасу ықтималдығы жоғары. Бұл ретте басқарылатын валюталық бағам режиміне көшу Ұлттық Банкті ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесінен босатпайды. Ұлттық Банктің бағамдық саясаты ұлттық валютаның нақты бағамының әлемдік конъюнктураның тұрақты өзгеруі жағдайында отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне теріс ықпал етуі ықтимал айтарлықтай ауытқуын болдырмауға бағытталады. Бұлжымайтын басты мақсат – баға тұрақтылығы – Бағамдық саясат – Ұлттық Банктің жалпы ақша-кредит саясатының бір бөлігі. АКС-тың негізгі бағыттарының қабылданғаны белгілі. Оған қандай макроэкономикалық өлшемдер кіреді, ҚР ҰБ-нің ағымдағы жылға арналған болжамдары қандай, АКС-тың жұмсаруы күтіле ме әлде керісінше қатаңдатыла ма? – Ұлттық Банктің негізгі мақсаты 2011 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляцияны 6-8% шегінде ұстап тұру болып табылады. Және оған қол жеткізу ақша-кредит саясатының барлық тиісті шараларымен қамтамасыз етіледі. Бұған күмән болуы мүмкін емес. Бұл ретте инфляциялық қысым айтарлықтай және күрт өзгерген жағдайда Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын қатаңдату бойынша шаралар қабылдау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен қатар Ұлттық Банк ақша-кредит саясаты қалыптасып отырған макроэкономикалық жағдайларға барабар болады және ол Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын орындауға ықпал етеді. Теріс күтулерге себеп жоқ – Статистика агенттігінің ақпаратына сәйкес инфляция бір жылда (2009 жылғы желтоқсанға) 7,8%, қаңтар-желтоқсанда орташа алғанда 7,1% құраған, бұл Ұлттық Банктің болжамдық шектеріне сәйкес келеді. Ұлттық Банктің инфляция бойынша 2011 жылға арналған болжамы қандай? Қалыптасқан ахуалды ескерсек, инфляцияны басқарудағы, мақсатты көрсеткіштерді ұстап тұрудағы қиындық неде? – Расында, 2010 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция (2009 жылғы желтоқсаннан бастап 2010 жылғы желтоқсан аралығында) 7,8% деңгейінде қалыптасты. Бұл ретте инфляцияны 6-8% шегінде ұстап тұру ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты болып айқындалды. Яғни нақты инфляция Ұлттық Банктің мақсатты дәлізіне сәйкес келеді. 2011 жылға келер болсақ, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляцияны 2011 жылдың қорытындысы бойынша, бұрын айтып кеткендей, 6-8% шегінде ұстап тұруға бағытталған ақша-кредит саясатын жүргізетін боламыз. Ұлттық Банктің Үкіметпен бірлесіп көрсетілген мақсатқа қол жеткізуге бағытталған барлық қажетті шараларды қолдануды жалғастыра беретінін атап өткім келеді. Бұл ретте қазіргі уақытта Қазақстанда тұтыну нарығындағы ахуал тұрақты болып қалып отыр, инфляциялық қысымды күшейтудің қазіргі кезде ешбір себебі жоқ. Сыртқы факторлар тарапынан теріс күйзелістік құбылыстар болмаса, белгіленген дәліз сақталатын болады. – Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 30%-ға көтерілді. Бұл зейнеткерлер үшін жағымды жаңалық, ал экономика тұрғысынан алсақ, оның инфляцияға әсері бола ма? – 2011 жылы бюджеттік төлемдердің көтерілуінен инфляциялық қысымның айтарлықтай күшеюін Ұлттық Банк болжап отырған жоқ. Ақша-кредит саясатын әзірлеген кезде Ұлттық Банк зейнетақының, жәрдемақының, жалақының және бюджеттен төленетін басқа да төлемдердің 2011 жылы көтерілетінін ескерді. Бұл көтерудің экономикадағы жиынтық ұсынысты жиынтық сұранысқа сәйкес деңгейде ұстап тұру бөлігінде Үкімет пен Ұлттық Банктің тарапынан тиісті шараларды талап ететіні сөзсіз. Бұл міндетті шешу үшін Үкіметтің де, Ұлттық Банктің де барлық қажетті қаражаты және құралдары бар. Яғни, тағы да қайталаймын, теріс күтулерге себеп жоқ. БЭК белгілейтін өлшемдер қазақстан үшін қолайлы – БЭК-тің макроэкономикалық саясатын қалыптастыру туралы келісімге сәйкес бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің мемлекеттік бюджеттің жылдық тапшылығының, жылдық инфляцияның және мемлекет борышының көрсеткіштерін келісетіндігі туралы БАҚ-та хабарланды. Атап айтқанда, мемлекеттік борыштың көрсеткіші ІЖӨ-нің 50%-нан аспауы тиіс, ал инфляция деңгейі жылына орташа алғанда бағаларының өсуі ең төмен, БЭК-ке мүше мемлекеттің инфляция деңгейінің 5 пайыздық тармағынан аспауы тиіс. Экономикалық дамудың тұрақтылығын айқындайтын сандық өлшемдердің 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетініне қарамастан, олар АКС қалыптастырудың тәсілдерін өзгертуді талап ете ме және Қазақстан оларды қаншалықты орындай алады? – Бірыңғай Экономикалық Кеңістіктің құқықтық базасын қалыптастыру шеңберінде Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісім әзірленген болатын. Бұл Келісімнің нормалары экономикалық дамудың тұрақтылығын айқындайтын, мемлекеттік бюджеттің жылдық тапшылығынан, мемлекеттік борыштан, сондай-ақ инфляциядан тұратын сандық өлшемдер шеңберінде Қазақстанда, Ресейде және Беларусьте экономикалық саясатты қалыптастыруды көздейді. Инфляцияға келер болсақ, Келісімге сәйкес оның орташа алғандағы жылдық деңгейі бағаларының өсуі ең төмен, БЭК-ке қатысушы елдің инфляция деңгейінің 5 пайыздық тармағынан аспауы тиіс. Қазақстан үшін бұл өлшемнің қолайлы екендігін атап өткен жөн. Қазақстандағы, Ресейдегі және Беларусьтегі 2002-2009 жылдар аралығындағы орташа жылдық инфляцияның тарихи статистикасына қарасақ, бұл талапты Қазақстанның барлық кезең бойына орындағанын, Беларусьтің 2002-2004 және 2009 жылдары, Ресейдің 2002-2003 жылдары орындамағанын атап өтуге болады. Бұл талапты орындауда болашақта да қиындық болмайды деп ойлаймын. Қазақстандағы инфляция деңгейін әрқашан да Ресейдегі және Беларусьтегі инфляциямен салыстыруға болады. Бұдан басқа Келісім БЭК-ке қатысушы елдердегі келісілген макроэкономикалық саясатты әзірлеуді және жүргізуді болжайды, бұл осы елдердің экономикаларының ішкі тұрақтылығын көтеру үшін қолайлы жағдайлар жасауға және теңдестірілген макроэкономикалық көрсеткіштерге, оның ішінде мемлекеттік бюджеттің тапшылығы, мемлекеттік борыш және инфляция бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуге ықпал ететін болады. Нарыққа кіретін әрбір инвестор түсінуі тиіс – Рейтингілік агенттіктер бірінен соң бірі елдердің, банктердің және компаниялардың рейтингілерін жақсару жағына қарай қайта қарауда. Рейтингілік агенттіктерге қатысты Сіздің көзқарасыңызды білеміз, дегенмен барлығына белгілі қателер мен қате есептеулерге қарамастан, қазіргі кезде инвесторлық қоғамдастық инвестициялау үшін елдерді, компанияларды таңдаған кезде осы бағаларға сүйенеді. Бұл бағаларды Сіз қандай жағдайда назарға аларлық деп санар едіңіз және Сіздің бағалауыңызша, республикаға шетелдік инвестициялардың әкелінуі 2011 жылы бұрынғы деңгейінде қала ма? – S&P, Moody’s және Fitch халықаралық рейтингілік агенттіктеріне қатысты инвесторлар тарапынан айтылып жүрген сынның негізі бар. Рейтингілік бағалардың дәлме-дәл және уақтылы берілмеуінің әлемдік дағдарысты арандатқан факторлардың бірі ретінде айтылған соңғы жылдардағы оқиғаларға байланысты инвесторлар мұндай қаржы институттарының пікіріне сөзсіз сенбейтін болды. Қазіргі уақытта рейтингілерді белгілеу тетігін түбегейлі қайта қарау қажеттілігі кеңінен талқылануда. Рейтингілік агенттіктердің өздерінің, сондай-ақ жоғары рейтинг алуға мүдделі бағалы қағазды шығарушылар мен қаржы институттарының мүдделер қақтығысын болдырмау үшін маңызды тәсіл қажет. Соған байланысты Fitch, Moody’s және Standard & Poor’s-ке балама ретінде Қытайда алғашқы рейтингілік агенттік құрылды, оның қызметтерін бағалы қағаздарды шығарушылар емес, инвесторлардың өздері төлейтін болады. Еуроаймақта да осындай агенттік құру жоспарланып отыр. Рейтингілік агенттіктердің бағаларына деген сенім туралы сұраққа жауап ретінде олардың пікірлерінің және бағаларының нарық үшін тек болжам және бағдар ғана екендігін атап өткім келеді. Тиісінше, нарыққа кіретін әрбір инвестор өз тәуекелін түсініп, өз бетінше бағалай білуі тиіс. Қазақстанға келер болсақ, 2010 жылдың аяғында S&P және Fitch-тің еліміздің тәуелсіз рейтингі бойынша бағасы жақсартылды. Агенттіктердің пікірлері қаржы нарығының тұрақтылығын, бірқатар қазақстандық банктердің банкроттығынан және 2008-2009 жылдардағы сауданың күрт нашарлауынан кейін Қазақстанның төлем балансының тұрақтылығын, еліміздің өтімді активтері көлемінің ұлғайғанын көрсетеді. Қазақстан Республикасының инвестициялық климаты шетелдік инвесторлар үшін айтарлықтай тартымды болғандықтан, біздің пікірімізше, шетелдік инвестициялардың әкелінуі 2011 жылы сақталады. Шетелдік тікелей инвестициялардың Қазақстанға жалпы әкелінуі Елдің төлем балансының деректері бойынша соңғы 4 жыл ішінде шетелдік тікелей инвестициялардың Қазақстанға жалпы әкелінуі өте жоғары деңгейде сақталып отыр – 2007-2009 жылдардағы орташа жылдық көрсеткіш 19 млрд. АҚШ долларынан асады және өткен жылдың 9 айының қорытындылары бойынша 13,1 млрд. АҚШ долларын құрайды. Осыны ескере отырып, Қазақстанға келіп түсетін тікелей инвестицияларға рейтингілік агенттіктердің бағалары нашар әсер етеді деп пайымдауға болады, өйткені бұрын жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша ірі мұнай-газ жобаларын қаржыландыру тікелей инвестициялардың басым бөлігін құрайды. Осылайша, 2011 жылы шетелдік тікелей инвестициялардың әкелінуі жоғары деңгейде сақталады деп күтуге болады. Оған қоса, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде басқа жобалар бойынша шетелдік инвестициялардың анағұрлым көп әкелінуі күтілуде. Шетелдік инвесторлардың жобаға қатысуының нысанына байланысты (капиталға кіру немесе кірмей) бұл инвестициялар тікелей де, портфельдік те болуы мүмкін. Кредиттік портфель туралы іс – Банк деген сөзге синоним ретінде жиі пайдаланылатын кредиттік мекеме сөзі – бүгінде жұмыс істемейтін термин ретінде көрініп отыр. Өйткені кредиттеу іс жүзінде өсіп отырған жоқ. Сіз экономиканы кредиттеуге байланысты жағдайға осыған дейін түсініктеме бердіңіз, соған қарамастан Ұлттық Банк осы жылы банктердің кредиттік белсенділігін ынталандыратын шараларды қабылдай ма? Және бұл шараларға ҚРҰБ дәстүрлі on-lin пікіртерімінің 500-ден астам респонденттің (15 қарсы) банктерді кредиттеу талаптарының шағын және орта бизнес үшін қолайлы еместігі көрсетілген нәтижесі әсер етеді ме? – Шын мәнінде кредиттеуге байланысты жағдай 2010 жылы онша қолайлы бола қойған жоқ. 2010 жылғы 11 айдың деректері бойынша банктердің экономиканы кредиттеуі 2,0%-ға азайып, 7494,6 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте кредиттеудің төмендеуіне негізінен валюталық қарыз алу сегментіндегі кредиттік белсенділіктің құлдырауы ықпал етті. Өткен жылдың қаңтар-қарашасында ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 7,9%-ға көтерілді, ал шетел валютасында –12,5%-ға төмендеді. Нәтижесінде теңгемен берілетін кредиттердің үлес салмағы өткен жылдың қарашасында 2009 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 51,6%-дан 56,8%-ға дейін көтерілді. Валюталық кредиттеудің төмендеуіне валюталық түсімі жоқ заемшыларға кредит беретін банктерге қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталған ҚҚА ынталандырмау саясаты ықпал етеді. Сондай-ақ көрсеткішке осы заемның түріне тұтынушылық сұраныстың төмендеуі және валюталардың бағамдық ауытқуларына байланысты туындайтын тәуекелдердің болуы ықпал етеді. Өз тарапынан Ұлттық Банк өз қарауындағы ақша-кредит саясаты құралдарының көмегімен банктердің кредиттік белсенділігін ынталандыру бойынша барлық мүмкіндіктерін іс жүзінде пайдаланып болды. Қазір біздің бұл бағыттағы жұмысымыз көбінесе басқа аспектілерге негізделіп отыр. Мәселе мынада: кредиттік портфельдер сапасының қанағаттанарлықсыз болуы қазақстандық банктердің басты проблемасы болып отыр. Портфельдердің сапасы өз кезегінде банктердің кредиттік саясатын белгілей отырып оларды жаңа тәуекелдерді қабылдау кезінде тежейді. Яғни олардың заемшыларға қойылатын талаптарын жұмсарту саясатын тежейді. Ал бұл, әрине жаңа заемдар беруді шектейді. Осыған қарамастан Ұлттық Банк әртүрлі іс-шараларды дайындау және банктердің кредиттік портфелінің сапасын жақсартуға және сапасыз активтермен проблемаларды шешуге бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізу үдерісіне белсенді қатысады. Атап айтқанда, Үкіметтің екінші деңгейдегі банктердің активтерінің сапасын жақсартудың қадамдық жоспарын әзірлеу жөніндегі бастамасы туралы сөз болып отыр. Бұл жоспар бес жылдық кезеңге есептелген. Бұл жерде сондай-ақ, ҚҚА мен Ұлттық Банктің бастамасы бойынша Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы сөз болып отыр. Атап айтқанда, біз Салық кодексінің 90-бабын 2-1-тармақпен толықтыру қажет деп санаймыз, мұнда борышкерге қойылатын талаптардың мөлшерін азайту кезінде бұрын шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомаларын төмендету кіріс деп танылмау үшін негіздер кеңейеді. Бұл түзету үмітсіз берешек сомаларын есептен шығару не қайта құрылымдау кезінде банктер үшін салық шығындарын төмендетеді және банктердің проблемалы кредиттерден тазару үдерісін жылдамдатады. Ұлттық Банктің сайтында кредиттеу мәселелері бойынша жүргізілген интерактивті пікіртерімінің нәтижелеріне келетін болсақ, мұндай пікіртерімдер (оларды біз әртүрлі тақырыптар бойынша жүргізіп отырамыз) әртүрлі пікірлерге мониторинг жүргізуге және сайтты пайдаланушылардың қандай болсын мәселеге деген көзқарасын жедел байқауға мүмкіндік береді. Бұл ақпарат кейбір жағдайда субъективті болуына қарамастан назарға алынады және Ұлттық Банктің шешімдерін қабылдаған кезде ескеріледі. Ұлттық банктің мұражайы барлық келем деушілерге ашық – Газет поштасынан келіп түскен сұрақ. Біздің оқырмандар Ұлттық Банктің мұражайы қалай жұмыс істейді және ол барлық келем деушілерге неге ашық емес деген сұрақ қойып отыр? Ұлттық Банктің биыл жиырма жылдығын атап өтетіндігін және осы кезеңде жұртшылық үшін көптеген қызықты артефактілердің жинақталғандығын ескере отырып, шын мәнінде неге деген сұрақ туындайды? – Шын мәнісінде, Ұлттық Банктің мұражайы барлық келем деушілерге ашық және оған келу үшін тек алдын ала өтінім қажет. Оған қоса, қазіргі кезде Мұражайдың рөлін күшейту жөнінде жұмыс жүргізілуде. Ұлттық Банк Мұражайды дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр, оған сәйкес ақпараттық-түсіндіру қызметінің бірден бір құралы ретінде оның рөлін арттыру мақсатында қолма-қол ақша айналысы тарихы бойынша экскурсиялардан басқа, сондай-ақ экономика бағытындағы жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары мен оқушылары үшін факультативтер, дәрістер, семинарлар ұйымдастыру жоспарланып отыр. – Егжей-тегжейлі мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ.