19 Мамыр, 2016

* Лебіздер легі

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жер мәселесіНұрлан ЕРІМБЕТОВ, «Қазақстанның аза­мат­тық альянсы» заң­ды тұлғалар бір­лес­­­тігінің прези­денті: – Қазіргі күні 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым­ бар. Таяуда осы жақын ай­мақ­тардағы біраз елді ме­кен­дерді аралап шықтық. Онда нақты еңбек етіп жүрген адамдармен кездес­тік. Олардың көбісі осы жер реформасын негізі­нен қолдап отыр. Ал енді бүгінде, міне, жақсы бір жұмыс басталып жатыр. Менің ұсыны­сым: біз ауылда нақты қанша халық қалғанын неге зерттемейміз? Жалпы, ресми мәлімет 40-42 пайыз дейді, бұл тек тіркеу бойынша, тіркелмегендері қаншама? Көбі қалада жұмыс іздеп жүр. Ал егер ертең ауылға қаржы бөлінсе, онда қаржы нақты қанша адамға қажет екенін, кімдер игеретінін біз біліп отыруымыз керек.  Жанарбек ӘШІМЖАН, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төр­­­­ағасының орынбасары: – Жер мәселесін тек нақты мамандар ғана талқыласын деген пікір айтылды. Бірақ менің ата-бабам осы жерді қорғаса, онда бұл салаға қатысым жоқ екен деп мен неге ол мәселеге үн қоспауым керек? Алматы қаласында жастармен көп пікірлестім, олардың көбі жерге қатысты заңмен таныс емес, тек жер сатылмасын дегенді басым бағыт етіп ұстанып алған. Сондықтан ақпараттандыру мәселесі қолға алынуы қажет және жастардың санасына мұның не мәселе екенін жеткізу керек. Жер мәселесінің даулы жағынан белең алып кеткені осы түсіндіру шараларының жеткілікті жүргізілмегендігінен деп ойлай­мын. Сондықтан мұны халыққа ұғынықты етіп жеткізу қажет. Әкім ЖАНҰЗАҚ, Халықаралық адам институтының басшысы: – Жерге қатысты мә­се­леде еліміздің ауыл ша­руа­шылығы жағдайы ко­миссияға мүше шаруа қожа­лықтарының айтқа­нымен өлшенбейді. Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығының еңбек өнімділігі Украина мен Ресейден 7-8 есеге дейін, Батыс елдерінен 10-15 есеге дейін төмен болып отыр. Міне, осы мәселені көтеру керек. Қазір ең мықты шаруа қожалықтарының бас­шыларын көрсетіп, бәрі керемет деп айт­қаннан ештеңе өзгермейді. Мәселе 25 жылға шетелге жалға берумен шетелдік үлесі бар компаниялардың жайына тіреліп тұр. Бұл жерде мынаны ашық айту керек, инвестиция Франция, Канада, Еуропа немесе Америка сияқты елдерден келіп, жаңа технология, инновация әкеліп жатса, ешкімнің қарсылығы жоқ. Сондықтан, Үкімет экономиканы, оның ішінде ауыл шаруашылығын қолға алуы керек. Зәуреш БАТТАЛОВА, «Қазақстанда пар­­ламентаризмді дамыту қоры» акцио­нерлік қоға­мы­ның директоры: – Бұл Жер кодексінің өзіндік тарихы бар. 2003 жылы Жер кодексін қабылдаған кезде Премьер-Министр отставкаға кеткен болатын. Сол кезде Мәжілістің ұсыныстарының бәрі өтпей, Үкіметтің жобасы өтті. Сол заң қазір іске асырылып жатыр. Бүгінгі күні туып отырған дау сол кезде ескерілмей қалған ұсыныстардың салдары ма деп ойлаймын. Екіншіден, ол кезде енгізілген нормалардың біразы жақсы нормалар болатын. Бірақ сол нормалар бүгінге дейін іске асырылмай қалды. Қазіргі күні ауылдағыларда заң туралы түсінік, ақпарат аз дегеннен гөрі, сол заңның қалай орындалып жатқандығы туралы айтылу керек. Мысалы, сол кодексте ауылда тұратын әр адамға 25 сотық, қалада тұратын адамға 10 сотық беріледі деп көрсетілген ғой. Бірақ ол мәселе шешілген жоқ. Халық осындайдан келіп шулайды. Наразылық осындайдан туындайды. Біз бір мәселені назарда ұстауымыз керек. Қазақстанның жерін игеруде, игілігін көруде барлық қазақстандықтар­дың құқықтары бірдей, жер бәріне тиесілі. Комиссия отырысында бұған дейінгі заң бойынша қандай заңдар орындалмады, не се­бептен орындалмады, оны қалай орындаймыз, деген мәселені көтеруіміз керек. Соны халық­қа айтуымыз керек. Оны дұрыс түсіндірсек, халық түсінеді ғой деп ойлаймын. Сосын тағы бір мәселе, жер мәселесінің төңірегінде жемқорлық өте көп. Қайта-қайта сатып, жерді тауарға айналдырғандар бар. Мәселен, осы Астана маңындағы елді мекендерде де жерді алып-сату мәселесінде былық көп. Осыдан барып, халықтың арасында наразылық көбейеді. Жер мәселесін ел азаматтарының әлеуметтік тұрмысымен бірге қарастыру керек. Халық «бiз өз елiмiзде жетiм болып қаламыз, ешкiмге керек болмай қаламыз» деп шырылдап отыр. Осы мәселені дұрыстап түсіндірген жөн. Халық комиссияның шешiмiн қабылдауы үшiн, бiрiншi кезекте, халықтың мәселесiн қарайық, өз азаматтарымызды қамтамасыз етейiк. Қорытындылай келе айтарым, қай кезде де халықтың ойынан шығатын шешiм қабылдануы керек.