20 Мамыр, 2016

Бекіре

1293 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2459_oko_5Каспийде ғана емес, оңтүстіктегі тоғандарда да өсіріле бастады Ел арасында «не шықса да Оңтүстіктен шығады» дейтін тәм­сілге ұқсас сөз бар. Көбіне риза­шылықпен айтылады. Сүйсін­геннен айтады. Өйткені, мұндағы халық сергек, еңбекқор. Шағын және орта бизнеске бейім. Тиыннан теңге құрай алады. Ебін тауып, ұқсата біледі. Ауылда тұратын бір жігіт тұрмыс тауқыметі қа­жытқаннан кейін қаладағы кәсіп­кер досына келіп мұң шағады. Бала-шаға өсіп қалған. Айлық алып жұмыс жасаудың күні кеткен. Егер досы үш-төрт сауын сиыр алып берсе, бір-екі жылда қарызын қайтармақ. Кәсіпкер досы сүтті сиырлардың қанша тұратынын сұрайды. Анау 250 мың­нан дейді. «Берем» дейді кәсіп­кер. «1 млн. теңге берем, төрт сиыр ал. Бірақ, бір шартым бар. Ма­ған бір жылда 1 миллион дана құрт да­йындап бересің. Соны істе­сең, ана сиырлар өзіңе тегін қа­лады. Құдай ақы, сұрамаймын». Ауыл жігіті қуанып кетеді. 1 милллон теңгеге сүтті, керіс­кедей төрт бұзаулы сиыр сатып алады. Сиырдың сүті – тілін­де. Келіншегі, балалары бәрі еңбек­теніп, сауылған сүттен құрт қай­на­тады. Сонымен, уәделі мерзім жақындайды. Қаптағы құрттарды санаса сегіз жүзге жетеғабыл. Көрші, ағайын-туысқа сауын айтады. Мерзімді күні досы келеді. Алдында 1 миллион дана құрт. «Ал, сиырларың құтты болсын», дейді де телефонымен біреуге қоңырау шалады. «Әй, Мұрат, өткендегі тапсы­рысыңды орындадым. Келіп алып кет». Көп кешікпей аларман келеді. Құртты санап алады. Қалтасынан әлденеше миллион теңге шығарып, кәсіпкердің қолына ұстатады. Ауылдық жігіттің жағы түсіп кеткен, аң-таң. Сөйтсе, құртпен сауда жасайтын жігіт 1 миллион данаға тапсырыс берген екен. Бір талын 8 теңгеден алмақ. Ал, базарда, ірі сауда орындарында құрттың бір данасы 20 теңгеден кем сатылмайды. Екі жақ та пайдаға шығып отыр. Бұл ойдан шығарылған оқиға емес. Осы әңгіменің ішінде болған Закреддин деген досымыз рахаттанып айтып берген. Міне, шымкенттік жігіттердің алғырлығы. Жұрттың бәрі хош иісті кофе Бразилиядан әкелі­неді деп ойлайды. Ол солай ой­лайтын­дар үшін ғана солай. Ал, шымкенттік Гаджиев деген жігіт осы кофеңізді Шымкентте-ақ дайындап, саудаға шығарып отыр. Ең таң­даулы түрін. Қаражатты «Даму» қорынан алған. 14 пайыз н­е­сие­сінің 7 пайызын Үкімет мойнына алған. Шикізат Бразилиядан тасы­мал­данады. Кәсіпкердің ұрты майлы. Жұртқа қою кофе ішкізіп отыр. Бекіре, қара уылдырық десе жұрт Атырауды еске алып, тісінің суы құрғайды. Қара, қызыл уыл­дырықтардың құны алтынмен тең, жеңсік ас. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, осы бекіреңіз Оңтүстікте өсіп жатыр. Түлкібас ауданы Керейт деген ауылда «Ақсанат инжиниринг» серіктестігі балық зауытын ашқан. Асқақтаған тау, одан құлдыраңдап құлаған мың бұлақ нағыз балық өсіретін жер екен. 2012 жылы ашылған балық зауытын іске қосуға 452 млн. теңге қаражат жұмсалса, бүгіндері шығын толық ақталған. Арнайы жасалған бассейндерде қара жоны жылт-жылт еткен жеңді білектей бекірелер ерсілі-қарсылы жүзіп жүр. Марғау. Каспийдің дауыл соқса астаң-кестең шығатын долы теңізінде сабылып жем із­деген туысқандарындай емес, мұнда құрамажем дегеніңіз ағыл-тегіл. «Сен же, мен же». Зауыт бас­шы­лы­ғы да разы. Браконьерлер пай­дамды қақшып кетеді демейді, қара уылдырығы екі бүйірін сыз­­­дат­­қан бекірелері көз алдында. За­­уыттың орта қуаты жылына 100 тон­на балық еті мен 1200 кило қара уыл­дырық дайындауға есеп­телген. – Бізде бекіре тұқымдас бес түрлі балық өсіріледі, – дейді балық зауытының меңгерушісі Николай Царев. – Сонымен қатар, арқан балықтың үш түрі, сүйрік балықтың бес түрі бар. Әлемде сирек кездесетін альбинос бекіресін де өсіріп жатырмыз. Бір қызығы, альбинос бекіресі үш жылда бір рет уылдырық ша­шады екен. Уылдырығы өте қым­бат бағаланады. Бір кило уыл­ды­рықтың бағасы 3,5 млн. теңге. Зауыттағы аквапоника жылы­жайындағы бассейнде жүз мыңға жуық шабақ өсіріліп жатыр. Кәсіпорынның басшылығы егер бізден шабақ алып, балық өндірі­сін жолға қоям деген азаматтар болса, қалай күтіп-баптау жағын өзіміз үйретеміз дейді. Яғни, өз тауа­рыма бәсекелес болады деген қызғаныш жоқ, сұраныс үлкен. Мұндайда қазекең «кең болсаң кем болмайсың» дейді. Керейт ауылындағы бекіре өсіріп, құны алтынмен пара-пар қарауылдырық алып, пайдаға шығып отырған зауыттың мық­тылығы да осы қасиетінде болса керек. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы