20 Мамыр, 2016

Су келді дегенше, шу келді десейші...

578 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
затоп-2Бізде соңғы уақыттары жыл сайын көктем келіп, қар ері­ді дегенше, «ана жерді су басып кетіпті, мына елді мекен су астында қалыпты» деген сияқ­ты аттандаған сөздерді есту дағ­дылы әдетке айналып барады. Тіпті, етіміздің өліп кеткені сондай, күн жылына бастаса болды, «е, тағы да су астында қалатын болдық қой», деп өзіміз де соған іштей бейімделе бастайтын сияқтымыз. Әсіресе, кейінгі 5-6 жыл көлемінде орын алған оқиғалар осындай ойларға итермелейді. Сонда қалай, осыған дейін Қазақстанда қыс болмаған ба, әлде қыс болса да қар қазіргідей қалың жаумаған ба? Егер бүгінде ұмыт болуға айналған өткен жыл­дардың дәйектері мен деректерін қопарыстырып байқар болсақ, ол уақыттарда да климаты құбыл­малы саналатын елімізде талай-талай қарлы борандардың бол­ғанын, тіпті, кейде жауған қардың қал­ыңдығы кісі бойынан асатын кездердің кездескенін де еске түсіруге болады. Мәселен, менің өзімнің бала кезімдегі «жұт қоян» деген атымен тарихта қалған өт­кен ғасырдың сонау 60-шы жылдарының басындағы алай-түлей борандар жадымда әбден жатталып қалыпты. Оның олай болатыны, біріншіден, сол жылы ауылдың кейбір тұрғын­дарының ұйқыларынан оянып, таңертеңгісін сыртқа шығамын дегенде, қар бітеп тастаған есігінен шыға алмай, іште отырып қолдарына іліккен құралмен қарды қазып барып далаға шығуларына тура келгендерін өз құлағымызбен естігенбіз, керек десе, тіпті, көргенбіз де. Сол жылдары үй мен қораның екі ортасының қармен бітелгені сондай, үй иелеріне қораға барып малдарын жайлау үшін туннель қазуға тура келген еді. Ал біздер – ойын балалары жаңағы тау-тау болып үйілген қар арқылы үй төбелеріне оп-оңай шығып кететінбіз. Боранның күштілігі мен қар­дың орасан көп болғаны сондай, сол жылдары кеңшарлардың қарапайым техникаларының оны тазартуға қауқары жетпегендіктен Қостанай облысының шалғайда жатқан Амангелді, Жангелдин аудандарына әскери техника көмекке келген болатын. Өйткені, жоғарыда аттары аталған аудандарға азық-түлік, отынға қажетті көмір, мал­дың жемазығы, құрылыс материалдары сияқты керек-жарақтар теміржолдың жоқтығынан тек автокөліктермен ғана тасымалданады. (Өкініштісі, арада 50 жылдан астам уақыт өтсе де, бұл жағдай әлі күнге дейін өзгерген жоқ). Ал күндіз-түні соққан ақ түтек борандар дала жолдарын аттап жүруге келмейтіндей етіп мүлде бітеп тастаған болатын. Ха­лыққа азық-түлік, басқа да қа­жет дүниелерді жеткізу үшін шұғыл түрде жолдарды аршу керек еді. Кеңестік әскери техниканың алыс ауылдарға көмекке келуінің себебі де осындай маңызды мін­деттерден туындаған-ды. Ал егер жаңбыр жайына келер болсақ, табиғат-ана елімізді ол жағынан да кенде қылған емес. Бұл орайда да 1969 жылдың жазы менің есімде сақталып қалыпты. Сол жылы жауын айлап жауды. Қазақ ауылдарындағы шифер салынбаған саман үйлердің төбелерінен аққан тамшы онсыз да берік болып саналмайтын үйлерді құлатуға шақ қалды. Адамдар төсек-орындарын жинастырып, тамшы суды жинап отыру үшін бөлменің тұс-тұсына әртүрлі ыдыс­тар қоюға мәжбүр болды. Абырой болғанда, жаңбырдың бір ай бойы дерлік толассыз жауғанына қарамастан, үй де құлаған жоқ, мал да шығын болған жоқ. Біз елу жыл бұрын болған бұл жағдайларды неліктен еске түсіріп отырмыз? Ондағы ойымыз климаты қатқыл саналатын Қазақстанның қай кезде де боран мен жауынға кенде болмағанын айту. Тіпті, күні кеше, яғни 90-жылдардың аяғында Ақмола Астана атанбай тұрған кездің өзінде қала тро­туарларының қармен кептеліп, адамдардың өркештенген жасанды «таулардың» үстімен жүруге мәжбүр болғанын, кейде көше­лерде тайғанап құлап та қалып жат­қандарын көпшілік жұрт әлі де ұмыта қоймаса керек. Міне, осындай қиындықтар әкелген қыстардан кейін де көктем келіп, қар еріп, тасқын сулар сай-саланы толтырып жататын. Бірақ, бүтіндей бір ауылды су алып кетіпті, бетін аулақ қылсын, адам шығыны болыпты дегенді ешқашан естіген емеспіз. Ал бүгін ше?.. 2009 жылдың 19 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан мыңнан астам үйді су бас­ты. Оған ирригациялық жүйенің иесіз қалуы себеп болған. 2010 жыл­дың 11-12 наурызында Ал­маты облысының Қызылағаш ауылын тасқын су алып, 43 адам қаза тапты, 300 адам жарақат алды, 251 үй қирады, 42 үй зақымданды. Оның себептері туралы сол кезде кеңінен айтылды, кінәлі дегендер жазаға да тартылды. 2011 жылы 13 сәуірде Орал қаласы тү­гел дерлік су астында қалды. 2013 жылдың 11-17 сәуірінде Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше елді мекенін су басты. 2014 жылдың 25 ақпаны мен 3 нау­рызы аралығында Қызылорда облысындағы Жайылма кенті мен Бірлік ауылы да суда қалды. Оған Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолындағы суағардың тар­лығы себепкер болған. 2014 жыл­дың 12 желтоқсанында Шығыс Қа­зақстан облысының Восточный кенті суға кетті, үйлер қирап, 50 адам басқа жақтарға көшірілді. 2015 жылдың 23 наурызы мен 10 сәуірі аралығында Қарағанды облысында 35 елді мекен суға кетті. 5 көпір бұзылып, 6500-9000 адам көшірілді. 2015 жылғы 10 сәуірде Ақмола облысының Атбасар ауданында Теңдік, Майқайың ауылдары суға батты. Келген шығын – 900 мың теңге. Біз апатты оқиғалардың тек ірі-ірі дегендерін ғана мысал ретінде келтіріп отырмыз. Соның өзінде де бас-аяғы 6-7 жыл үшін бұл аз дерек емес. Сонда сыпайы­лап айтқанда, мұндай келеңсіз жағ­дайлардың орын ала беруі­нің мәнісі неде? Әлде жергілікті жер­лердегі жауапты адамдар су тасқынының қауіпті екенін, оған алдын ала дайындалып, сақтық шараларын жасау керектігін түсінбей ме? Әлде бұл жаппай жайлаған жауапсыздықтың, иесіздіктің, ел мен халық тағдырына деген нем­құрайдылықтың салдары ма? Сорақысы сол, осылардың бәрі елде төтенше жағдайлармен айналысатын арнайы құрылымның болғанына қарамастан, орын алып отыр. Бірақ төніп келе жатқан қауіп­тің алдын алу, ол туралы тұр­­ғындарға ескертіп, сақтық шараларын жасау ол құрылымның міндетіне жатпайтын сияқты. Сон­дықтан да шығар, олар көбіне-көп суда қалған адамдарды, мал мен дүние-мүлікті құтқаруға көмек­тесумен ғана шектеліп жатады. Ерте кездері халық, ешкім айтпаса да, көктем шыға үй­лері­­нің маңайын қардан тазартып, су ағатын жылғалар, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, қамсыз отырмауға тырысатын. Бала кезімізде өзіміз де сондай жұмыстармен талай рет айналыстық. Ол кездегі үйлер де негізінен шымнан тұрғызылған, осал болатын, су тиді дегенше шайға батырған қанттай езіліп сала беретін. Соны білгендіктен де үй иелері ерте бастан қамданатын. Бәлкім сондықтан да болар, ол кездері су тасқынынан мал-жан шығыны болмайтын. таскын77Ал бүгінде ше? Бүгінде су тасыды дегенше, үлкен бе, кіші ме, әйтеуір бір апат келді дей бер. Неге? Осы сауал төңірегінде ойланып, соған жауап іздеп жатқан адамдар бар ма? Жоқ болса, не­ліктен жоқ және қашан болады? Мәселенің шындығына келсек, торнадо, цунами сияқты алапат табиғи апаттардың алдын алу үшін күресіп, кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқан елдер де бар әлемде. Біз болсақ жылдың қар еритін мезгілінде міндетті түрде қайталанып тұра­тын су тасқынының алдын ала алмай әбігерге түсудеміз. Әлде осылардың бәрін талап пен тәртіптің әлсіреуінен, қандай да болмасын іске жауап беретін адамдардың жоқтығынан, былайша айтқанда, әркімнің өз күй­лерін өздері күйттеп кетуінен деп түсінген дұрыс па? Олай бол­са, су тасқыны халыққа, одан қал­ды ел экономикасына қашанға дейін қыруар зардаптар әкеле бермек? Осы мақаланы жазуға түрткі болған дәл осы сауал... Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»