20 Мамыр, 2016

Ұсыныстардың бәрі түгел қаралады

310 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ERA_3543+Орталық коммуникациялар қызметінде Жер реформасы бойынша комиссияның  бірінші аптадағы жұмысы қорытындыланды. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев, комиссия төрағасының орынбасарлары «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысты. «Елбасының тапсырм­а­сымен құрылған жер рефор­масы жөніндегі комиссия өткен сенбіде өз жұмысын бас­таған болатын. Сол бір апта аралығында атқарылған іс-шаралар  туралы мәлімет берейік деп отырмыз. Өткен  сенбідегі отырыста айтылғандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан штаб құрдық, сол штаб өз жұмысын бастап кетті. Жəне комиссияның хатшылығы да өз жұмысын бастады. Қазір комиссия мүшелері айтқан жəне қарапайым халықтан келіп жатқан ұсыныстардың барлығы штабта талқыланып,  сенбі, 21 мамыр күнгі кезекті отырысымызда қорытынды шығарылады. Оған қоса, ко­мис­сияның  call-орталығы жұ­мыс істейді. Телефон нөмірі – 1434.  Бұл нөмірді де өткен сенбі күні жария еткенбіз. Содан бері, яғни бір апта ішін­де осы нөмір арқылы ай­мақ­тар­дан 700-ден астам ұсы­ныс қабылданды, деп мəлім етті Бақытжан Сағынтаев. «Ұсыныстардың ешбірі қараусыз қалмайды, – деп уəде етті Б.Сағынтаев. – Жер мә­­­селе­сіне қатысты ұсы­ныстардың бар­лығы комис­сияның қарауына шығарылады. Сонымен қатар, əлеу­меттік желі­лерде және бұқа­ралық ақ­парат құралдарында жазы­лып жатқан ұсыныс-пікір­лердің барлығы қаралып жатыр. Бұған қосымша, Алматы мен Астана қалаларының және облыс әкімдерінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер өз жұмыстарын бізбен қатар бастады. Қазіргі кезде олар өз­дерінің кезде­су­лерін өткізуде. Оларда да осы мәселеге бай­ланысты сұрақтардың бар­лығы талқыланады. Қажетті ұсы­ныстар, ой-пікірлер бол­са, оның бәрі комияссия қарауы­на жіберіледі. Яғни, барлық ұсыныстар қаралатын болады дей аламыз. Бұған қоса, «Нұр Отан» партиясы бұл іске бел­сенді түрде кірісті. Өзінің облыс­тардағы филиалдарымен бірге жұмысын бастап кетті. Əрбір адам осы жанды тақырып жайлы өзін толғандырған ойын жеткізе алады. Елбасы атап өткендей, «жер үшін шын жаны ауыратын адам өз ойын ашық айтуы керек. Сол себептен де мен баршаңызды осы мәсе­лені белсенді талқылауға шақырамын». Өткен сенбіде комиссия мүше­­лерінің тарапынан комиссия жұмысын бастаған соң, белгілі бір жұмыс топтарын құрып, әр жұмыс тобы өз бағытында жұмыс істесін деген ұсыныс айтыл­ған еді. Сол ұсыныс қабыл­данып, қазір төрт топ құрылған. Бірінші жұмыс тобы – эконо­микалық, екіншісі – құқық саласын қамтитын, үшін­шісі – ресім­дердің заңдылығы мен ашық­тығын қамтамасыз ету тобы, төртінші жұмыс тобы комиссия шешімдерін түсіндіру мен ақпараттандыру тобы болады. Б.Сағынтаев түсіндіріп өт­кендей, Жер реформасы бо­йын­ша комиссияның штабы қазір комиссияға мүше әрбір адам­ның пікірін біліп, қай жұмыс тобында жұмыс істеуге ниеті бар екенін анықтап жатыр. «Келесі отырысымызда, яғни алдағы сенбі, 21 мамыр күні төрт топтың құрамы мен топтардың жетекшілері бекітіледі», деді Б.Сағынтаев. Комиссия төрағасы атап өткендей, келесі отырыстардың барлығы белгілі бір бағытқа арналып өтеді. Мысалы, осы сенбідегі комиссияның отырысы Жер кодексінде жерді сату мәселесі жоқ екенін талқылап, түсіндіруге арналады. Комиссия маусым айынан бастап өңірлерге шығуды жоспарлап отыр. Өңірлерге шыққанда әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестермен және сол жерлердегі қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып осы мәселені әрбір өңірде талқылайды. Бұрын Ұлттық экономика министр­лігіне қараған жер мәсе­лесімен енді Ауыл шаруа­шылығы министрлігі айналысатын болды. Атап айтқанда, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ішінен жаңадан Жер ресурстарын басқару комитеті құрылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті. «Елбасының Жарлығына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігіне қараған жер мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру туралы шешім қабылданды. Осыған орай, сейсенбі күні Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы комитет, яғни Жер ресурстарын басқару комитетін құру туралы шешім қабылданды. Ұлттық экономика министрлігінде істеген қырық жеті қызметкер АШМ ішінен құрылған осы комитетке ауысып жатыр», деді министр. А.Мырзахметовтің мәліметіне сүйенсек, call-орта­лығына келіп түскен осы 700 ұсыныс-пікірдің 90 пайызы жер­ді жекеменшікте пайдалану төңірегінде болып отыр екен. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»