20 Мамыр, 2016

Көне кенттің кенересі

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2479_oko_1нөсер жауыннан езіліп жатыр Археологтар біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырда салынған көне Яссы қаласының орталық бөлігінің бірі болған қорған көз алдымызда жауын-шашыннан құрып барады деп дабыл қағуда. Сырт көрінісі ашамайға ұқсайтын тарихи ескерткіш – Қазақстандағы ең көне қаланың жұрнағы. Бес жыл бұрын археологтардың күрегі тиіп, үш жыл бұрын «Қазқайтажаңғырту» мекемесі осы тарихи кешеннің үстін қымтап жапқан екен. «Шығасыға – иесі басшы» дейді хал­қымыз. Бізде қит етсе бол­ды «қаржы жоқ, қаржы керек» де­ген сөз айтылады. Бұрынырақта көр­некті жазушы Дулат Исабеков: «Мен ес білгенде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жөндеуге жабылатын еді, әлі жыл сайын жөндеу көріп келеді. Өзбекстандағы тарихи кешендерге саяхатшылар самсап барып жатыр. Өзбектер бір рет мықтап жөндейді, сосын қол тигізбейді. Ал біздегілер жыл сайын алақан жайып ақша сұрайды», деп күйінгені бар. Расы осы. Ұқсата алмаймыз. Көне қала асығыс-үсігіс жабылып, картон аралас жабынынан су өткен. Қабырғалары болаттан құйылса да, тасты тесетін су қойсын ба?! Өзіміздің жауапсыз­ды­ғы­мызды, немқұрайдылығымызды былай ысырып қойып, бар кі­нәні Үкіметтің мойнына артып қоятынымызды қашан қояр екен­біз? Төбесін картонмен қымта­ғаннан кейін алғашқы қыста-ақ езіліп, су ішке өтіп, пақсадан тұрғы­зылған қамалдың қабыр­ғалары құлай бастаған. Ә.Мар­ғұлан атындағы археология инс­титутының аға ғылыми қызмет­керлері Ерболат Сымағұлов қор­ған­ның бір бөлігі мүжіліп құлады дейді. Жақында Отырартөбеде болып қайттық. Археологтар қазған жер опырылып жатыр. Керекті қар­жыны әу бастан жоспарлап ал­маса, неге күрекке жүгінеді, неге көне тарихтың жүрегін жаралайды? Яссы қаласының орталық бөлігі болған қорған да осындай нем­құрайдылықтың құрбаны болуда. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы