20 Мамыр, 2016

Ішкі-сыртқы нарықты жаулаған ұн «патшасы»

576 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ФасовкаҚостанай өңірі еліміздегі бүкіл астықтың төрттен бірін береді. Соған орай диірмені де жеткі­­­лікті. Сонау 90-шы жылдары об­лыс өңірінде диірмендері қуат­сыз, бидайды жумай салатын шағын диірмендер қатары болушы еді. Қазір олардың барлығы да нарық жағасына шығып қал­ды. Бүгінде озық құрал-жабдық­тармен жабдықталған диірмендер ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігін құрайды. Соңғы жылдары ұн өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнес нысандарын қолдау бағ­дарламасының аясында дамытылып, ұн сапасын көтеруге атсалысып отырған кәсіпорынның бірі «Аруа­на-2010» диірменін қазір об­­лыс пен еліміздің өзге өңірлері ғана емес, шет­елдіктер де біле бастады. Мұнда өткен жылы өңдеу өнер­­­кәсібі саласындағы шағын және ор­та бизнес нысандарын қол­дау бағ­дар­ламасы аясында «Аруана-2010» жауап­кершілігі шек­­теу­лі серік­тестігі «Даму» қоры арқы­лы 30 миллион теңге қара­жат алып, оған Италияда шы­ғарыл­ған жабдық алған болатын. Қуат­ты жабдық мұндағы бұрынғы жаб­дықты ауыстыруға мүмкіндік жасады. – Бұрын бидайды жуатын, ыл­ғалдандыратын түркиялық жаб­­дықта компьютерлік басқару орта­лығы болмайтын. Бидайдың ылғалдылығын біз көзбен ғана шамалайтын едік. Ал италиялық жабдық бидайды жуғанда оның ылғалдылығын реттейді. Қазақша түсінікпен айтқанда, бидайды жуғанда дән суды бойына тым көп тартып алса езіліп кетеді. Ондай бидайдың ұны да сапасыз, бойына суды көп сіңірмейді. Италиялық жабдық жұмысы компьютерге негізделген, бағдарламаны қа­лай қойсаң, бидай солай жуы­лады, қанша ылғалдылық керек екенін көрсетсең, солай орындала­ды, – дейді «Аруана-2010» кәсіп­орны­ның бас инженері Жақсылық Мұхамбетов. Жақсылық Сағитұлының айтуынша, суды мол сіңіретін ұнды наубайханалар жақсы алады. Мұндай ұнның сапасы да жақсы, одан пісірілетін тандыр нанның да, бөлке нанның да саны артатын көрінеді. Кәсіпорында бидай сақтайтын элеватор, оның сапасын тексеретін лаборатория және диірмен бар. Өткен жылы лабораторияға Францияда шығарылған қымбат жабдық алынды, ол бидай сапасын бір мезетте анықтап береді. Элеваторға қосымша қамба жасалып, оған германиялық жабдық қойылды. – Қазір мемлекеттік бағдар­ла­малардың көмегімен элеватор мен диірмендегі жабдықтарды барынша еуропалық стандартқа сай ауыстырып жатырмыз. Өң­деу жұмысының сапасы тек үз­дік технологияға байланысты жақсарады. Ал үздік технология үздік техникалық жабдыққа тәуелді, – дейді бас инженер Жақсылық Мұхамбетов. «Даму» қоры арқылы алған несие қаржыны кәсіпорын бір жылда 6 пайыздық үстемемен өтеп шығады. Кәсіпорынның өн­дір­ген ұны еліміздің барлық облыс­тарындағы сауда нүктелері мен наубайханаларға жіберіледі. Оның сыртында Ауғанстан, Өз­бек­стан, Қырғызстанға да артылады. Қазір диір­мен экспорттың көле­мін 50 пайыз­ға жеткізді. Кәсіп­орын­да жүздің сыртында адам еңбек етеді. Жұ­мыстан кетіп жат­қан ешкім жоқ, өйткені, ұн тоқ­тау­сыз өтетін тауар. Ұн өткен сай­ын кәсіп­орын пайдасы да жаман бол­­майды, жұмысшылардың ай­­лық жа­ла­қысы уақытылы тө­леніп тұр. «Аруана-2010» диір­ме­ні­­нен шығатын «Патша» мен «Тұмар» ұны базар сөресінің мол­шылы­ғы­на кепіл. Базарға келгеннің көзі­не алдымен «Патша» ілігеді. «Пат­ша­дан» жабылған нан да әр үйдің дас­тарқанына патша көңіл сыйлайды. Үстіміздегі жылы шағын және орта бизнесті өңірлік қар­жы­ландыру бағдарламасы бойынша Қостанай облысына 1 миллиард теңге бөлінетін болды. Оның 500 милионын «Даму» қоры, 500 миллион теңгесін Қостанай облыстық әкімдігі салатын болады. Шағын және орта бизнес қадамы осылайша кеңейіп келеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ