Тіл жанашыры Алла Гаврина осыны замандастарына ісімен үйреткісі келеді
Осы жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне арналып еліміз бойынша барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларда, жоғары оқу орындары мен достық үйлерінде бір мезгілде мемлекеттік тілде жалпы, қазақстандық ашық диктант жазу шарасы өткені белгілі. Бұл игі іс-шара қазақ тілін қадірлеп, қастерлейтін, бойларын шын мәніндегі отаншыл, парасатты сезім кернеген алуан этностардың көп екенін айғақтады. Мемлекеттің тілдің мерейін асырған сондай ғибрат жандардың бірі – бүгінгі әңгіме арқауы.
Қостанайлық көрермендер облыстық «Қазақстан-Қостанай» теледидарына келген жаңа дикторды бірден байқаған. Көрерменнің көзін тойдырып, экрандағы әдемі орыс қызының қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп отырғаны одан сайын ішіңді жылытатын. Ылғи ізденісте жүретін Алла дикторлықпен шектеліп қалған жоқ, авторлық хабарлар ұйымдастыруға кірісті. Оның орыс және қазақ тілдерінде бірдей жүргізген «Бойтұмар» деген хабары тек тілді дәріптеу ғана емес, қайырымдылығымен де, ізгі ісімен де көрерменнің көзайымына айналды. Барлығы 40-тан аса саны экранға шыққан хабардың кейіпкерлері арасынан 8 бен 15 жас аралығындағы 15 бала өзінің жаңа отбасын, жаңа ата-анасын тауып, мейірімге бөленді. Мұнда жас журналистің шеберлігі, ұйымдастырушылығы басты орын алған болатын. Алла хабарына қатысқан бала орыс немесе жалпы славян халықтары ұлтынан болса орыс тілінде, қазақ немесе түркітілдес халықтан болса қазақ тілінде сөйледі. Сонысымен хабардың барлық бояуы, мазмұны көрермен жүрегіне жетіп отырды.
– Мен хабарда баланы жан-жақты ашуды мақсат тұттым. Олармен экраннан тыс жұмыс істедім, барлық өнерін, ішкі тұп-тұнық жан дүниесін, тағдырын көрерменге жеткіздім. Содан біздің студияға телефон қоңыраулары жиі шырылдап, ата-аналар балалар үйіне барып, олармен танысып, үйіне алып кетіп жатты. Ең соңғы хабарыма 9-11 жастағы апалы-інілі Әсия, Алмас атты жетім балаларды қатыстырған едім. Біздің хабарымызды тамашалаған Тараз қаласының тұрғындары телефон шалды. Қостанай облысының тұрғындары да әлгі сүйкімді, өнерлі екі баланы сұрастырумен болды. Қазір балалар Қарабалық ауданынан өзінің жаңа ата-анасын тауып, тұрып жатыр, құжаттарын ресімдеді, – дейді Алла Николаевна.
Облыстық теледидардан берілетін «Полиглот» хабары да Алла ізденістерінің мазмұнды жемісі болатын. Онда журналист үш тұғырлы тілді насихаттайды. Хабарға қазақша, ағылшынша білмейтін бір орыс немесе басқа ұлт өкілі, орыс тіліне шорқақ, ағылшынша білмейтін қазақ, сонымен қатар, қазақ, орыс тілдерін білмейтін шетелдік бір кісі шақырылады. Хабарда осы үш кейіпкер ортақ әңгімеге шақырылады. Ал жүргізуші Алла Гаврина болса кейіпкердің үшеуімен де үш тілде еркін сөйлеседі.
– Көрермен бірі бірінің тілін білмейтін үш кейіпкердің бір сәттік ізденісіне куә болады. Олар сөздікті қолданады, қолдарымен сілтеп көрсетеді, бір сөздің үш тілде қалай аталатынын табады.Ақырында, жарты сағаттық хабарда ортақ тақырыпты үш кісі де түсініп, сөйлесуге дейін барады, – дейді Алла. – Сонымен қатар, хабарға тіл маманы қатысып, ағылшын тілінің грамматикасы туралы айтып отырады.
Алла қазір қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Ресейде орыс мектебінің есігін аттады, бірақ көп ұзамай Қостанай облысына қоныс аударған соң, кішкентай бүлдіршін қыз өз қалауымен қазақ сыныбына баратынын айтты.
– Қазір ойлап отырсам, қазақ мектебін бітірсем де, тілді терең білем деуім астамшылық екен. Тележурналистикаға келгелі қазақ тілінің нәріне сусындадым, өстім деп ойлаймын. Алдыма келген жаңалықтарды қарап шыққанда Айдын деген журналист жігіттің сөз саптауына таңғалып жүрдім, басқалардан бөлекше, тілдің бояуын келтіріп жазады. Ішімнен оның сөз саптауын ұмытпауға тырысып, сөйлегенде өзім де пайдаланып отырдым. Кітаптар оқимын, маған көбіне жазушылардың әңгімелері ұнайды. Шіркін, Оралхан Бөкеевтің, Шерхан Мұртазаның, тағы басқалардың әңгімелерін оқығанда тіл жұмағына барып келгендей әсерде боламын. Дегенмен, күнделікті тірліктегі сөз қолданысымызда қазақ тілінің құнарына, керемет бояуына мән бере бермейміз, – деп толғанады Алла.
Ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының шет тілдер факультетіне түсіп, ағылшын-француз тілдері мамандығын меңгерді.
– Осы мамандықты таңдауға нағашы ағамның ықпалы тиген еді. Ол кісі: «Қазақ, орыс тілдеріне ағып тұрсың, енді шетел тілдерін меңгеруің керек» деген болатын бала кезімде. Қазір керек болған жағдайда төрт тілде де сөйлесе аламын. Бірақ орыс тілін ана тілім деп ұққаныммен, қазақ тілі жаныма жақын. Өзім орыс қызымын, бірақ жаным қазақ. Мүмкін, нағашыларым қазақ болғандықтан, нағашы әжемнің қолында өскендігімнің де әсері бар шығар, – дейді Алла.
Алла тіл үйренуге еңбекпен қатар, ұлттық намыс та керек екенін айтып жүреді. Оны бұлай ойлантатын да, айтқызатын да қазақ тілінің жайы. Осыдан екі жыл бұрын, студент кезінде Францияда бір ай болып келді. Сонда француздардың өз тілінің патриоты екендігіне таңғалған әрі қызыққан.
– Францияда екі тіл – ағылшын тілі мен француз тілі қатар жүреді. Бірақ біз болған Парижде француздар негізінен өзінің мемлекеттік тілінде – французша сөйлеседі. Оларға қарап біз секілді сырттан барған өзге ұлт өкілдері де французша сөйлеуге тырысады екен. Француз халқы өз елінің, тілінің патриоты екен, – дейді Алла. Бұл сапар оның санасында «тіл патриоты» деген ұғымды орнықтырды.
– Мен ағылшын тілінің халықаралық тілге айналып кеткенін, дүниежүзінде ғылымның да басымы осы тілде дамып жатқанын білемін, түсінемін. Уақыттың талабына қарай оны да білгеніміз дұрыс болар. Бірақ қоғам мен ғылым өзге тілдерде де дамып жатыр ғой. Мемлекеттік тілімізде біз сөйлемесек, кім сөйлеуі қажет? Отанды, елді, халқымызды мемлекеттік тілсіз қалай елестетеміз? – дейді Алла.
Расында, «Ана тіліңді құрметте» деген аталы сөз қазір жауыр боп бара жатқандай. Қалай құрметтеу керек? Әңгіме сонда емес пе? Баланы анасы жақсы көргенде оны тек шолпылдатып сүйе беруі керек пе? Баланы мәпелеп өсіріп, тәрбиелегенде ғана ата-ананың балаға деген махаббаты көрініс таппақ. Ал баланың ата-анаға деген құрметі тіпті, бөлек болмаушы ма еді? Ана тілдің жағдайын да өмірдің осы көріністеріне баласа ләзім.
– Бізде жастар мемлекеттік тілімізде сөйлеуі қажет. Тілдің шырағы сонда жанады. Біз студент кезде көбіне орыс тілінде сөйледік. Мен теледидарға қызметке келгенімде осының қателік екенін сезіндім. Өйткені, өзге тілде сөйлеп, өз ана тіліне өгейсіп қараған жан өзінің ана тілінің нәрінен айырылады екен. Тілге құрмет құр сөз болмауы тиіс, құрметің – сол тілде сөйлеуің. Жалпы, тіл үйренудің еңбек екенін айтқым келеді, – деп түйді Алла қыз.
Қазір Алла Гаврина журналистік ізденістер үстінде. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады, іске кірісіп кеткенде топты жарып жүретін қасиеті де бар. Оның сүйікті тақырыбы – тіл мәселесі. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін аспандатып, адымын жазуды, Елбасы айтқан үш тұғырлы тілдің талайлы болуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей өз үлесін қосып жүр. Сөзбен емес, әрине, іспен.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ