Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан».
КӨШ-КЕРУЕН
Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігі мен шығысына бет алды
Бұл бағыттағы түйінді тарқатудың төте жолы – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы. Осы бағдарламаға орай Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің арасында меморандумға қол қойылған. Қазірдің өзінде 100-ден аса отбасы Шығыс Қазақстанға қоныс аударған. Олардың көші көлікті болды ма, жаңа орынды жатсынған жоқ па, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері толығымен шешілді ме? Мұны Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Думан АНАШ зерттеп көрген еді. Риддерге көшіп келгендер жұмысқа да орналасты, пәтерге де ие болды Былтыр еңбек күші артық өңірлерден Риддер қаласына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша отызға жуық отбасы көшіп келді. Еркін күрестен ардагерлер арасындағы әлем чемпионы Асқар Құлышев осы көштің ішінде киелі Қазығұрттан асқақ Алтайға қоныс аударған еді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Леңгір ауылының тумасы Асқар Советұлымен Риддердің шаңғы базасында өтіп жатқан жарыстардың бірінде таныстық. Көшіп келе салысымен Риддердегі жасөспірімдерге арналған облыстық спорт мектебінің басшысы болып қызметке орналасыпты. Жаңа ортаға тез сіңіп, бейімделіп кеткенін жеткізген жігіт ағасы екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр екен. Риддерде бағдарлама аясында салынған тұрғын үйден 3 бөлмелі пәтер алған. Жуырда тұңғышы еркін күрестен облыс чемпионы атаныпты. Кәнігі маман Риддердің таулы жерде орналасуы, табиғи рельефі мен саф ауасы балалардың спортқа бейімделуіне қолайлы екенін айтады. Өзі жетекшілік ететін мектепте балаларды шаңғы, сноуборд сынды қысқы спорт түрлерімен бірге бокс, күрес, волейбол, жеңіл атлетика және ұлттық спорт түрлерінен тоғызқұмалаққа тәрбиелейтінін жеткізді. Өңірдің іріктеуден өткен мығым балалары Астана мен Алматы қалаларының, өзге де облыстардың спорттық оқу орындарына орналастырылады. – Басқа қалалармен салыстырғанда риддерлік балалардың тұлғасы, сүйек бітімі ірі болып келеді. Біздің мақсатымыз осындай табиғатынан шымыр балаларды спортқа баулу, үлкен нәтижеге қол жеткізу. Спорт саласының өз қиыншылықтары болады. Оны спортшы жеңе білуі тиіс. Сол сияқты, қоныс аударушылардың да қиындығы бар. Климат, қоршаған орта, бәрі өзгереді. Біз мемлекеттің қамқорлығының арқасында барлығын еңсердік. Риддер – еліміздің шығысындағы тамаша қалалардың бірі, – деді Асқар Құлышев. Риддер туралы айтқанда, әйгілі кеніштерді айналып өту мүмкін емес. Оңтүстік Қазақстанның Мақтаарал ауданы Жетісай қаласынан келген Қанат Сағындықов «Қазцинк» ЖШС-нің Шубинский кенішінде сорғыш қондырғының машинисі болып еңбек етіп жүр. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тау-кен инженері мамандығы бойынша 2011 жылы тәмамдаған ол ұзақ уақыт бойы өз мамандығына сәйкес жұмыс таба алмай, Алматы мен Шымкенттің арасында алма-кезек түрлі жұмыс істегенін жеткізді. Қазір тұрақты жұмысым бар. Өзің таңдаған тау-кен мамандығы бойынша еңбек еткенге не жетсін, деді ол. Шығысқа қоныс аударар алдында шаңырақ көтерген Қанат келіншегінің аман-есен босануын күтіп жүр, Алтайдың аясындағы қалың әрі асқақ қарағайдай үбірлі-шүбірлі болып тамыр жайсам дейді. Ал, Ботагөз Айтуғанова Риддер қаласына былтыр қараша айында көшіп келген жас маман. Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін орман шаруашылығы бойынша тәмамдаған жасқа өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге шығыс өңірі өте қолайлы болып шықты. Өйткені, нулы орман-тоғайдың басым бөлігі осы облыста. Қызылорда облысы Шиелі ауданының Қарғалы ауылында туып-өскен Ботагөз Жантасқызы бүгінде Риддер қаласындағы Алтай ботаникалық бағында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. – Жаңа ортаға біртіндеп үйреніп келеміз. Бір бөлмелі үйге қол жеткіздік. Әрине, қиындықтар кездесіп жатыр. Мәселен, мамандығы заңгер күйеуіме жұмыс табылған жоқ. Еңбек биржасынан да еш нәтиже шықпады. Осы мәселе шешімін тапса, жас отбасы ретінде бізге үлкен көмек болар еді, – дейді Ботагөз Жантасқызы. Асланбек Нәби Риддерге келгенге дейін Петропавл қаласында тұрған екен. Батыс Алтайдың бауырына былтыр күзде келіп қоныстанған Асланбектің қадамы оң болып шықты. Жаңа орта, жаңа үйде іңгәлаған нәрестесі дүниеге келді. Яғни, келіншегі биыл 8 қаңтарда Сара есімді сүйкімді сәби сыйлады. Төрт бала тәрбиелеп отырған Асланбек балаларымен мақтанатынын жеткізді. Үлкен қызы Айжан Риддер қаласындағы республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервке арналған мектеп-интернатында оқиды екен. Алматыдағы Қазақ сәулет-құрылыс академиясын бітірген өзі болса қазір қаладағы Оқушылар үйінде еңбек етеді. Риддерлік бүлдіршіндерге ағаштан түйін түюді, түрлі мүсін жасауды үйретеді. Айтпақшы, Асланбек жуырда ағаштан ойып жасаған алып аю мен маралдың мүсіндерін өздерін құшақ жая қарсы алған қалаға тегін сыйлады. Он саусағынан өнер тамған Асекеңнің көркем мүсіндері қаланың орталық алаңына қойылды. Осылайша, ол болашағын байланыстырып отырған шаһардың көріктендірілуі мен абаттандырылуына үлес қоса бастады. Жалпы, Риддер қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Анастасия Абдрашитованың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде былтыр Риддерге 29 отбасы еліміздің жұмыс күші көп өңірлерінен көшіп келді. Атап айтқанда, Қызылорда облысынан – 6, Оңтүстік Қазақстан облысынан – 9, Алматы облысынан – 10, Жамбыл облысынан – 2, Қарағанды мен Маңғыстау облыстарынан 1 отбасынан және шығыс өңірінің Көкпекті ауданынан 1 отбасы, барлығы 106 адам аталған қалаға қоныс аударды. Көшіп келушілердің ішінде 47 адам еңбекке қабілетті жаста болса, оның 36-сы дереу жұмысқа орналасып үлгерді. 4 адам декреттік демалыста, 2 адам дәнекерлеуші мамандығы бойынша қайта оқудан өтті. Қоныс аударушылар ішіндегі 21 жастың 19-ы жұмыс істейді. Ал 48 баланың 29-ы мектепке, 19-ы балабақшаға барып жүр. 2015 жылы 86 қоныс аударушыға 6 679 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Барлық отбасына 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйден пәтер берілді. – Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып келеді. 6 отбасына 1 467 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Мамыр айында 1 545 мың теңге субсидия төленеді. Қалған қаржы қазан-қараша айларында төленетін болады. Қазіргі кезде жұмыс күші мол өңірлерден 32 отбасы көшіп келді. Сондай-ақ, қаламызға облыстағы экономикалық әлеуеті төмен елді мекендер санатына қосылған Күршім ауданының Матабай, Мойылды ауылдары мен Семей қаласының Таңат ауылынан 17 отбасы келмек, – деді Анастасия Владимировна. *** Тілге тиек етіп отырған мәселеге байланысты Солтүстік Қазақстан облысында да атқарылып жатқан жүйелі жұмыс бар. Сондықтан болар, шалғай облыс демей, Оңтүстік Қазақстаннан, Қызылорда мен Жамбылдан қоныс аударып жатқандар аз емес. Біздің осы облыстағы тілшіміз Өмір ЕСҚАЛИ оңтүстіктен қоныс аударған жандардың жай-күйіне назар аударып, осы істің басы-қасында жүрген атқарушы билік өкілдерімен тілдескен еді.Оңтүстіктен ескен жылы леп
Үкіметтің ішкі миграцияны реттеу туралы қаулысына сәйкес биыл Қызылжар өңіріне Оңтүстік Қазақстан облысынан 131 отбасын қоныстандыру белгіленген болатын. Бүгінде олардың алды келіп, үй-жаймен, жұмыспен қамтамасыз етілді. Алма МАХМЕТОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік қызмет көрсету және оралмандар мен ішкі миграция бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы: – Жылдың басында екі облыс арасында халықтың қоныс аударуы жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Соған орай 11 адамнан құралған делегация Шымкент қаласында, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында болып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, «Серпін-2050» бағдарламасы шеңберінде мектеп түлектерімен кездесулер ұйымдастырылды. Сапар кезінде теріскейге келуге тілек білдірушілерге көші-қон шарттары, жұмысқа орналастыру, өзге де әлеуметтік көмектер беру мәселелері бойынша кеңестер берілді. Әңгіме барысында 270 жаннан тұратын 120 жанұя өз тағдырларын Мағжан елімен байланыстыруға шешім қабылдады. Олардың арасында үлкен сұранысқа ие ауыл шаруашылық, білім, денсаулық салаларының мамандары бар. Бүгінгі күні 36 отбасы атбасын тіреп, Қызылжар, М.Жұмабаев, Шал ақын, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Мамлют аудандарына қоныс тепті. Серік МАЛАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданы «Ақселеу» ЖШС-нің директоры: – Делегация мүшесі ретінде іссапарда болғанымда бір байқағаным, Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындар тығыз қоныстанған екен. Мәселен, Мақтаарал ауданында 300 мың, Сарыағаш ауданында 330 мың адам тұратын көрінеді. Кездесулерде адамдардың еңбекке деген құлшынысы, мемлекеттің ішкі көші-қон саясатын реттеу жөніндегі бағдарламасын қолдайтындары бірден байқалып тұрды. Маған, әсіресе, Шымкент қаласында ұйымдастырылған митинг керемет зор әсер етті. Солтүстікке көшуге ниет еткен 30 тұрғынды шығарып салу салтанаты өте танымды болды. Мен өзім Сарыағаш ауданының тұрғыны Өмірзақ Керімқұловты аттай қалап алдым. Адам танитын жасқа келдік қой, іскерлігін, тындырымдылығын ә дегеннен аңғарып, «құда түстім». Көп балалы отбасы екен. Механизатор болып орналасып, баспанамен қамтамасыз етілді. Сәрсенкүл ҚОШЕНОВА, Сарыағаш ауданының тумасы: – Бұдан былай қызылжарлық деп есептей беріңіздер. Табиғаты әсем, ауасы таза теріскейден делегация келді дегенде бірден құлай берілдім. Көңілім алдамаған екен. Қасиетті бабамыз Шал ақын ауданына барасыз ба дегенде бәлсінген жоқпын, бірден келісімімді бердім. Қазір Афанасьевка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке фельдшерлік жұмысқа тұрдым. Уайымым су сепкендей басылды. Қазақстанның қай түкпірінде жүрсек те, кең-байтақ Отанымыз біреу. Жасыратыны жоқ, оңтүстік жақтарда адамдар тығыз шоғырланғандықтан, жұмысқа орналасу мәселесінде проблемалар жоқ емес. Ендігі міндетіміз – еліміздің гүлдене беруіне белсене атсалысу. Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық – басты мәселе. Себебі, кезінде жастар жаппай қаржыгер мен заңгер мамандығын таңдап, нәтижесінде, жұмыс таба алмай қиналды. Ал кейбір салада, керісінше, кадр жетіспеушілігі туындап, бұл мәселе күні кешеге дейін шешімін таппай келген болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Серпін-2050» бағдарламасы қолға алынды. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Батыс және Шығыс, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облыстарына оқуға түсіп, қол жеткізген мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Бұл бағдарлама мақсаты, ең алдымен, бәсекеге қабілетті мықты мамандар даярлап, ауылдағы жастарға қолжетімді әрі сапалы білім беру. *** Шынында, қазір Оңтүстік облыстарда бала туу деңгейі жоғары, өзге елдерден көшіп келушілер де көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудыруда. Ал кейбір аймақтарда керісінше, өнеркәсіп орындары көп болғанымен кадрлар жеткіліксіз. Осы түйткілді тиімді шешу мақсатындағы «Серпін-2050» бағдарламасы – игілікті іс. Жамбыл облысындағы тілшіміз Оралхан ДӘУІТ осы жайлы әңгімелейді.Жастар «Серпінге» сенеді
– Бұл бағдарламаның жастарға берер пайдасы көп, – дейді Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова. – Қазір біздің облыстан білім алуға аттанған жастар Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Батыс және Шығыс, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облыстарында оқып жатыр. «Серпін-2050» жобасы аясында өткен жылы Жамбыл облысынан солтүстік өңірлердің 19 жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік грант үміткері ретінде 2591 талапкер өтініш білдіріп, оның 398-і (15,4 пайыз) мемлекеттік грантты иеленді. 2014 жылы аталған бағдарлама бойынша облыстан өзге өңірдің жоғары оқу орындарына 77 жас аттанды. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері бойынша 45 талапкер 14 колледждің мемлекеттік тапсырысын иеленді. Аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімдері мен колледждердің мәліметтеріне сүйенсек, 2015 жылы «Серпін-2050» жобасы аясында оқуға түскен талапкерлердің 189-ы (42 пайыз) 2014-2015 оқу жылының бітірушілерін құраса, қалған 58 пайыз талапкерлер өткен оқу жылдарының бітірушілері. Бұл ерекше бағдарлама бойынша грант иегерлері стипендиямен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысы және жатақханамен, жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Ал колледждерге түскендерге 3 мезгіл тамақ және оқу киімі қаралған. Бұдан бөлек, аталған оқуды бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге немесе жұмысқа орналасуына ықпал жасайды. Осыны ескерген жасы 30-дан асқан ауыл жастары бағдарламаға қатысып, қазіргі таңда олар өзге аймақта оқып жатыр. Себебі, ол жерде жас маман жұмыс тауып қана қоймай, пәтермен де қамтамасыз етіледі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Серпін-2050» бағдарламасының жастарға берер пайдасы мол. Сондықтан да, аталған бағдарламаның игілігінен алдағы уақытта да жамбылдық жастар шет қалмайтыны анық. Р.S. Сонымен, ішкі көші-қон – мемлекеттік мәні зор мәселе. Оны «Егемен Қазақстан» газеті үнемі назарда ұстайтын болады, тақырып жалғасын табады.