21 Мамыр, 2016

Орындалған арман

374 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Стахан-177Өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Стахан Белғожаев аға жайында сөз бастасақ есімізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ғасыр жобасы» деп ат берген Мойнақ су электр стансасы түсетіні анық. Жалпы, ұқсата білгенге су – тек тіршілік көзі ғана емес, сондай-ақ, арзан қуат көзін өндіретін дайын табиғи ресурс. Осы орайда Тәуелсіз Қазақстанның энергетика саласындағы ең ауқымды жобаларының бірі әрі бірегейі Мойнақ ГЭС-і дер едік. Шарын аймағында ГЭС салу мәселесі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап сөз бола бастады. Сол кезде арнайы мамандар келіп, өңірдің жер бедерін байыппен қарап, мұқият зерттеген. Оның шет жағасын бала кезінде Стахан Белғожаев та көргенін үнемі айтып отырады. Бұдан кейін біраз уақытқа ГЭС салу мәселесі тыншып қалды. Ол кезде Кеңес Одағы Красноярск, Братск, кейіннен Саян-Шушенск ГЭС-терін салуға бар күштерін жұмылдырып, Қазақстанға мойын бұратындай мүмкіндіктер болмады. Осылайша Жетісуда Мойнақ ГЭС-ін салу мәселесі ұзақ жылдар бойы кешеуілдеді. Сол кезде Стахан Белғожаев өзінің гидротехника мамандығы бойынша таңдаған оқуын тәмамдап, Братск ГЭС-інің құрылыс жұмысына араласып жүрген еді. Кез келген жұмысты жапыра істеген жас маман Сібірдегі бұл жоба аяқталғаннан кейін дәл осындай қызу құрылыс Шарын шатқалында орын алатынына қатты сенді. Бірақ көкейде жүрген арман бірден орындала қойған жоқ. Ішкі Ресейдегі жоғарыдағыдай гидроқұрылымдар біткен соң Қазақстандағы Екібастұз жылу электр стансасының құрылысы басталып кетті. Бұл уақытта Стахан Белғожаев Шардара ГЭС-і су қоймасының құрылысын жүргізуге қатысып, гидротехникалық нысандар салуда зор тәжірибе жинақтаған маманға айналды. Ол қайда жүрсе де бар ықыласы Шарын шатқалындағы жаңа ГЭС-тің құрылысын жүргізу ісіне ауды да тұрды. Білікті маманның бұлайша көп ойлануының өзіндік себебі бар болатын. Стахан Белғожаев оқу бітірген кезінде дипломдық жұмысын Шарын шатқалының гидротехникалық мүмкіндіктеріне арнаған еді. Ол оны жазардың алдында аймақтың тау-тасын, жер бедерін мұқият қарап, танысып шықты. Тау суының ағысын, сарқыраманың биіктен құлау және жер жыныстарының геологиялық ерекшелігін мұқият зерттеп, бұл өңірдің қуат көзін өндіретін гидротехникалық нысан салуға сұранып тұрғанын дәл анықтады. Енді Мойнақ ГЭС-ін салу туралы шешім­нің қалай туындағанына келейік, 70-жылдардың басында Ыстықкөлдегі су деңгейі төмен түсіп, айыр қалпақты ағайындар Кеген ауданындағы (қазіргі Райымбек ауданы) Қарқара өзенін Ыс­тықкөлге бұру турасында жоғарыға ұсы­ныс айтты. Ол кезде қырғыз-қазақ деп бөлінбегеніміз белгілі. Бәріміз Мәскеуге бағындық. Осылайша көршілер Шарынға құятын негізгі Қарқара өзені бұруға әрекет жасай бастады. Бұл бағытта арнайы жоба да әзірленді. Кейіннен іске Дінмұхамед Қонаевтың өзі араласып, сол кездегі КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Зия Нуриевтің жеке қабылдауында болды. Онда Димекең бұл Қазақстанның экологиялық ахуалына кері әсер ететінін дәлелдеп, Қарқара өзенінің арнасын Ыстық­көлге қарай бұрудан сақтап қалды. Сонымен қатар, Дінмұхамед Ахметұлы Шарын шат­қалы аймағында Бестөбе су қоймасының құрылысын бастауға Мәскеуден арнайы қаржы бөлгізгенін естігінде Стахан Бел­ғожаев жас балаша қуанғанын ұдайы айтып отырады. Бұл енді Мойнақ ГЭС-ін салуға бір-ақ қадам қалғанының белгісі еді. Осылайша 80-жылдардың басында алғашқы құрылыс жұмыстары қарқынды жүре бас­тады. Білікті маман дәрежесіне көтерілген Стахан Белғожаев су қоймасының төменгі сағасын ГЭС салуға ыңғайлы етіп салуға бар күш-жігерін жұмсады. «Маңызды гидротехникалық нысанның құрылысын жүргізу ісі сол кездегі «Есік­суқұрылысы» мекемесіне жүктеліп, 1984 жылдан бастап жұмыс қарқын ала бастады, – дейді кейіпкеріміз. – Осылайша құ­рылыстың 70 пайызы аяқталып, 94 метр болатын су қорғаны тұғызылып, аз ғана жұмыстар қалған кезде Кеңес Одағы құлап, жұмыс күрт тоқтады. Тәуелсіздікке жаңа ие болған Қазақстанның жағдайы алып құрылыс нысанын жүргізуге жетпеді. Қаржылық қиыншылықтар етектен тартып, Бестөбе су қоймасының жұмысын то­лықтай тұралатып тастағанын көргенде бәріміздің жанарымызға жас үйірілгені жасырын емес». Бестөбе су қоймасын салуда «Есіксуқұ­рылысы» механизаторлық жұмыс басқар­масы көп еңбектенді. Еліміздегі гидротехник мамандар бұған дейін жазық жерде су бөгенін салып, таулы жерде мұндай күрделі нысанды қолға алу ісімен айналыспаған еді. Осы тұрғыдан алғанда Мойнақ ГЭС-ін қажетті сумен қамтамасыз етіп тұрған Бестөбені салған жергілікті мамандар бұл бағытта көп тәжірибе жинағаны анық. Су қоймасын салу вахталық әдіс арқылы жүзеге асқаны белгілі. 80-жылдардағы Бестөбе су қоймасын салуда біраз қиын­дықтар туындағанын «Есіксуқұрылыс» механизаторлық жұмыс басқармасының бастығы болған Владимир Коротких былайша еске алған еді. – Сол кезде күрделі құ­рылыс бөлімінің жетек­шісі Стахан Белғожаевқа келіп, жұмыстың қиындығын айттым. Ресурс, механизм, машина мен жұмысшылар жетіс­пейтін. Негізінде сол тұста Үлкен Алматы ка­на­лының құрылысы аяқ­талу сатысында тұрған-ды. Өз кезегінде Стахан Белғожаев маған қажетті ресурстармен және тех­ни­камен қамта­масыз ететінін және жұ­мысшыларды да алдыратынын айтып, уәде берді. Бастықтың қабылдауынан кейін құрылысқа келіп бөгенді бойлай ұзақ жүрдім... Айналада ештеңе жоқ, құрылыс алаңына жетудің өзі қиямет. Техника әкелген күнде оны орналастыратын жер де дайын емес. Сонымен, бірінші жұмысты тау баурайын тазалап, тасқорымдарды аршудан бастадық. Ең бірінші кезекте тауды асырып электр сымдарын тарттық. Электр көзінсіз ештеңе істей алмайтын едік. Жұмысшыларды тамақтандыру, жатын орын дайындау сияқты қарапайым қажеттіліктердің өзі үлкен мәселеге айналды. Бірақ мұндай қосымша мәселелердің бәрін Стахан Белғожаев толықтай шешті. Жол мен жұмысшылар кентін салып берді. Шағын бетон зауытын да іске қосқанын айта кетуіміз керек. О баста ГЭС туралы сөз болмаса керек. Тек Шарынның төменгі ағысы тұсындағы 50 мың гектар жерді суландыру үшін су қоймасын салу ғана әңгіме болған. Бірақ болашақта міндетті түрде үлкен ГЭС болатынын Стахан Белғожаев бастаған мамандар біліп, сол арманмен күні-түні жұмыс істеген. Құрылыс басында «Казахвзрывпром», «Тоннельспецстрой», «Гидроспецстрой» сияқты бірнеше түрлі құрылысты жүргізуге маманданған ұйымдар жұмыс істеді. Олар жұмыс қанша ауыр болса да мойыған жоқ. Бір-біріне көмек қолын созып, ортақ істі тездетіп аяқтауға бар күштерін сарп етті десем артық айтқандық болмас еді. 1985 жылдан 1991 жыл аралығында негізгі ауыр жұмыстар бітті. Су шығару плиталары орнатылып, құрылыстық тоннельдер мен көптеген бетондық жұмыстары аяқталды. Негізгі құрал-жабдықтар алынып, кейбіреулері тіпті, орнатылып та үлгергені есімде. Содан КСРО құлап, құрылыс жұмыс­тарын қаржыландыру тоқтады. Негізгі жұмыс көлемі толықтай атқарылып біткен еді. Құрылысқа жанын берген Стахан Белғожаев тиісті орындарға нысанның ел экономикасы үшін маңыздылығын айтып хат жолдады. Алайда, естірге құлақ болмады. Сонда құрылыс су қоймасымен бірге Алматы облыстық су шаруашылығы басқармасына берілді. Мұндай алып құрылысты аяқсыз, қараусыз, тиісті бекіту жұмыстарын жүр­гізбей тастап кетудің өзі қауіпті болатын. Бұл кезде Стахан Бел­ғо­жаев мемлекеттік қыз­меттен кетіп, жеке бизнес­ке бет бұрғанын білеміз. Бірақ ол қайда жүрсе де көкейінде Мойнақ ГЭС-інің құрылысын аяқтау мәселесі тұрды. Орта жолда тоқтап қалған құрылыс ұдайы көз алдында көл­беңдеп, жанын жегідей жегені анық. 2000 жылдары еліміздегі экономикалық ахуал бір қалыпқа түскеннен кейін ол бұлайша іштен тынып жүре беруге болмайтынын түсінді. Содан кейін көптеген кабинеттердің есігін қағып, жүздеген шенеуніктермен Мойнақ ГЭС-інің құрылысын жандандыру турасында ұсынысын айта бастады. Бірақ бұл әрекетінен түк шықпады. Осыдан кейін 2001 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жағдайды баяндап хат жазуға отырды. Бұдан кейін ақжолтай хабар да көп кешікпей келді. Сол кезде осы бір маңызды мәселеге Елбасы баса мән беріп, іс барысын өз бақылауына алуынан Президенттің көреген саясаткер екенін анық аңғара түсеміз. Мемлекет басшысының қолдауы Стахан Белғожаевты шабыттандырып, зор қуанышқа бөледі. Қазақстан Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, Мойнақ ГЭС-інің негізгі нысандарының құрылысын салумен және оларды іске қосумен Қытай халықаралық су шаруашылығы және энергетика корпорациясы айналысты. Жалпы, ГЭС құрылысына 1 мыңнан астам адам қатысып, оның 75 пайызы жергілікті тұрғындар болды. ГЭС құрылысы 2012 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Гидроэлектрстансаның құрылысын ұйымдастырғандар және оның акционерлері «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы болғаны белгілі. Қазіргі кезде толық күшімен жұмыс істеп жатқан Мойнақ су электр стансасы Қазақстанның энерго жүйесінің оңтүстік аумағын толықтай қуат көзімен қамтамасыз ететін мүмкіндікке ие. Сонымен қатар, Қазақстан энергия жүйесі жағынан бұдан былай Орталық Азия елдеріне тәуелді болмайды. ГЭС жылына орташа есеппен 1 млрд. кВатт сағат электр энергиясын өндіреді. Бұдан Алматы облысының өнеркәсіптік көрсеткішіне жыл сайын 7,6 млрд. теңгенің тауар өнімі қосылады. Мойнақ ГЭС-інің негізгі құрылыс нысандарын салу 2011 жылы аяқталған болатын. Сол жылдың желтоқсанында «Қуатты Қазақстанды бірге жасаймыз!» атты индус­трияландыру картасының жобасын бастау бойынша жалпыхалықтық телекөпір кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мойнақ ГЭС-інің №1 гидроагрегатын іске қосуға бұйрық берді. 2012 жылдың 26 мамырында Елбасы нысанды көруге арнайы келді. Президенттің су ­электр стансасына келуінің жұмыс бағдарламасы Бестөбе су қоймасының үстінен тікұшақпен ұшып, мұқият бақылап шықты. Тікұшақ жерге қонғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы ГЭС-тің өндіріс ғимараттарына кіріп, алғашқы гидроагрегаттың жұмысымен танысып іске қосқаны тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Сондай-ақ, су электр стансасын қаржыландырған және құрылысын салған адамдармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Сол кезде Стахан Белғожаев стансадағы екінші агрегаттың жұмысқы қосылуға дайын екендігін баяндаған болатын. Сөйтіп, арада бір жыл өткеннен кейін станса жұмыс істеу тәжірибесін жинақтап, жүргізу-жөндеу режімінде жұмыс істеді. №1, №2 гидроагрегаттарды кешенді тексеруден өткізіп, іске қосқанға дейін жұмыс­шылар тиісті дайындықтан өтіп, арнайы оқуларға қатысып, біліктіліктерін шыңдады. Мамандардың жартысы Қы­тайдағы осыған ұқсас «Тян Ван Хэй» ГЭС-інде, енді бір бөлігі Алматы облысында, Қапшағай ГЭС-інде тәжірибеден өткенін білеміз. Стансада жұмыс істейтіндердің саны жоба бойынша – 127 адам. Мамандардың 100 пайызы жергілікті тұрғындар. Мұнда істейтін жұмыс­шыларға барлық жағдайлар жасалған. Қыз­меткерлердің айлық жалақы­ларының орташа көрсеткіші 150 мың теңгені құрайды. Мойнақ ГЭС-інің негізгі құрамдас бөлі­гіне – сыйымдылығы 240 млн. текше метр болатын Бестөбе су қоймасы, ұзындығы 9213 метрге созылған деривациялық жүйе, 150 МВт тұрақты электр қуатын беретін қалақты турбиналары бар екі гидроагрегат орналасқан ГЭС ғимараты, реттегіш, қосалқы ғимараттар және жұмысшылар тұратын қалашық кіреді. ГЭС жанынан жұмысшылар үшін 80 үйден тұратын коттедж қалашығы салынған. Онда 500-ден астам адам мекен етуде. Қалашықта балабақша, мешіт ашылған. Былай қарасаң су электр стансасының жұмыс үдерісі қарапайым. Алатаудан бас­тау алатын Кеген, Қарқара өзендері Бестөбе су қоймасын үнемі сумен қамтамасыз етіп отырады. Одан оншақты шақырым жерде, төменде жатқан Шарын өзенінің жағасында ГЭС ғимараты тұр. Диаметрі 4,5 метрлік құбырмен ағып келіп, 500 метрден астам биіктіктен құлайтын судың қатты ағыны гидроагрегаттың қалақшаларын шыркөбелек айналдырады. Гидроагрегат осы динамикадан электр қуатын өндіреді. Оны әрі қарай қалай іске жарататынын бәріміз білеміз. Ал қуат көзі ретінде пайдаланылған арыны қат­ты тау суы ГЭС-тен жуасып шығып, әрі қарай Шарын өзеніне құйылады да, төмен қарай аға береді. Бұл жерді су электр стансасын салу үшін табиғаттың өзі әдейі жаратқан секілді. – Бала кезімде ауылға бір топ геодезист мамандар келгені есімде. Ол кезде тау-тас­пен жүретін техника, тікұшақ жоқ. Олар тау бөктерінен су қоймасын салатын жерді іздеу үшін атқа мініп шығатын болды. Әкем мені жолбасшы қылып соларға қосты. Алғаш рет су электр стансасын салуға не қажет екенін мен сол кезде білдім, – дейді Стахан Белғожаев. Ол мектеп бітіргеннен кейін гидромелио­рация саласын меңгеру үшін оқуға түседі. Содан бергі арманы Жылысай ауылының маңынан баяғы геодезистер белгілеп кеткен жерден ГЭС салу болған. Ақыры дегеніне жетіп, арманы орындалды. Бүгінде Мойнақ ГЭС-і толық қуатында жұмыс істеп тұр және оны өзі басқарып отыр. Қырауы қат­қан қыстан соң жадырап жаздың келетіні секілді, бүгінгі күні арманымыз орындалып, Мойнағымыз ел игілігі үшін қызмет етуде. Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі Алматы облысы