Германияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы (EҚЫҰ) төрағалығы аясында жақында Берлинде өткен «Сауда мен инвестициялардың өзара байланыстылығы» («Connectivity for Commerce and Investment») халықаралық конференциясына Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған делегация қатысты.
Делегацияның құрамына Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай, Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов, тиісті министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ, ұлттық компаниялардың өкілдері енді.
«Еуразия кеңістігінде экономикалық өзара әрекеттестікті нығайту» тақырыбындағы пленарлық сессияда Р.Василенко сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларды Еуразия құрлығының кіндігіне орналасқан еліміздің географиялық орнының артықшылықтарын барынша толық және тиімді пайдалануға бағытталған саясатының басты басымдықтарымен таныстырды.
Конференцияға қатысушылар үшін «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолының құрылысы, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын дамыту жоспарлары, Ақтау теңіз порты мен Транскаспий логистикалық бағыттары үлкен қызығушылық тудырды.
Конференцияға қатысушыларға, сондай-ақ, Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) қоса алғанда Еуразиядағы түрлі интеграциялық бастамалар мен инфрақұрылымдық даму бағдарламаларының өзара тиімділігін көрсететін жоба-жоспарлар таныстырылды. Осы орайда, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың келешегін анықтау мақсатында ЕАЭО және Еуропалық одақ арасындағы үнқатысуды жолға қою туралы ЕАЭО төрағасы ретіндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрын жарияланған бастамасының маңыздылығы ерекше аталды.
Конференцияның мақсаты Ванкуверден Владивостокқа дейінгі экономикалық байланыстарды нығайту мүдделері үшін сауда және инвестициялық жағдайларды жақсарту мүмкіндіктерін іздестіру болды. ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі шеңберінде ұйымдастырылған бұл іс-шараға ЕҚЫҰ кеңістігі түрлі аумақтарының саяси-экономикалық және азаматтық қоғамның жетекші өкілдері қатысты. Үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-да Германия төрағалық етеді. Бүгінде Берлин «Үнқатысуды жаңғырту, сенімді жаңадан қалыптастыру, қауіпсіздікті қалпына келтіру» ұранымен федералдық үкімет өзекті тақырыптардың мейлінше мол саны бойынша үнқатысуды ілгерілету, ЕҚЫҰ кеңістігінде ұзақ мерзімді негіздегі сенімді қалпына келтіру үшін ЕҚЫҰ институттары мен құралдарын нығайтуға ықпал етуге ниетті екенін анық білдіріп отыр.
Берлинде болуы кезінде Р.Василенко ГФР СІМ-інің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері бойынша уәкілі Андреас Пешкемен, Қазақстан-Германия Стратегиялық ынтымақтастығы бойынша іскерлік кеңесінің тең төрағасы Петер Тильспен және Германияның Шығыс экономика комитетінің аймақтық директоры Мартин Хофманмен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сұхбаттастар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерімен қатар, екі мемлекеттің шикізат пен технологиялық серіктестігі шеңберінде экономикалық келісімдерді жүзеге асыру бойынша табысты өзара әрекеттестігі, Астанада өкізілетін ЭКСПО-2017 көрмесіне Германияның қатысуы, сондай-ақ, Қазақстанда қосарланған білім беруде неміс үлгісін енгізу мәселелерін талқылады.
Қазақстандық дипломат, сонымен қатар, Австрия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Михаэль Линхартпен кездесті. Кездесуде екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері мен Австрияның алдағы 2017 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық етуіне қатысты жайттар талқыланды. Австрия төрағалығының «Жасыл экономиканы құру, серіктестікті жасау» (Greening the Economies, Building Partnerships) бойынша ұсынған ұраны Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары мен алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің тұжырымдамасымен аса үндес екені атап көрсетілді. Осыған орай, сұхбаттастар келесі жылы екі мемлекеттің күш-жігерін ЭКСПО-2017 алаңында біріктіру туралы уағдаластыққа келді.
«Егемен-ақпарат»