21 Мамыр, 2016

Көкшетауда полицейлерге шабуыл жасаған екі күдікті ұсталды

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

21-05-16-arest

КӨКШЕТАУ. 21 мамыр. Ақмола облысының орталығында полицейлерге шабуыл жасады деген күдікпен екі адам ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Күдіктілер ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдеріне шабуыл жасады делініп отыр. Олар қара-көк түсті ВАЗ-21014 маркалы автомашинамен келіп, құқық қорғау қызметкерлерінің біріне пышақ ұрған. Содан соң оқиға орнынан қашып кеткен. Ұсталғандар Көкшетау қаласының 1984 және 1985 жылдары туған тұрғындары болып шықты. Олардың бірі бұрын сотты болған. Осыған дейін бұл екеуі жасырын қару жасаумен айналысып келген. «Сырттан видеобақылау камераларының көмегімен аталмыш учаскеден осы уақытта өткен көліктердің бәрі мұқият тексерілді. Осының нәтижесінде күдіктілердің қылмыс жасап болғаннан кейін оқиға орнынан бой жасырып, көліктерін Бурабай ауданына, таудың арасына апарып, жасырып қойғаны анықталды. Сол жақтан өздері қалаға қайтқан. Қазір күдіктілер қолға түсті. Олар уақытша ұстау оқшаулағышында отыр», - деді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук. Бақберген Амалбек. Дерек: Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.