22 Мамыр, 2016

Хоккей. Финляндия мен Канада чемпиондық үшін таласады

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

22-05-16-hokkey-2

АСТАНА. 22 мамыр. Кеше түнде Ресейдің екі қаласында өтіп жатқан хоккейден әлемнің 80-ші чемпионатының жартылай финалдық ойындары ойналды. Мәскеуде сайыс қыздырған екі матчтың қорытындысында Финляндия мен Канаданың финалға шыққаны белгілі болды. Бұл туралы «Р-Спорт» ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Осылайша бұдан 9 жыл бұрын Мәскеуде өткен әлем чемпионатының финалдық жұбы тағы қайталанды. Ресей астанасында осының алдында, 2007 жылы жалау көтерген жаһандық жарыста да Финляндия мен Канада алтын медаль үшін күш сынасқан еді. Бұл жолғы жартылай финалда Финляндия Ресейді 3:1 етіп ұтса, Канада аса тартысты өткен матчта АҚШ-ты 4:3 есебімен тізе бүктірді. Мұз айдынына алдымен Ресей және Финляндия құрамалары шықты. Ресейліктер осымен қатарынан үшінші чемпионат медаль жеңіп алуға қадам басты. Өткен жылы олар Прагада күміс жүлдені қанағат тұтса, бұрнағы жылы Минскіде алтын жүлдегер атанған еді. Ресей – Финляндия 1:3 (1:0, 0:3, 0:0) Голдар: Сергей Широков 1:0 (3-минут), Себастьян Ахо 1:1 (26), Юси Йокинен 1:2 (36), Себастьян Ахо 1:3 (39). Ойында бірінші болып ресейліктер есеп ашты. Оны 3-минутта Сергей Широков түсірді. Бірақ осыдан кейін чемпионат иелері бар тізгіннен айрылып қалды. Биылғы чемпионатты өте жақсы қарқында, жоғары дейгейде өткізген, өз тобында тіпті Канаданың өзін 4:0 етіп ұтып кеткен Суоми бұл біріншілікке өзінің өте жақсы дайындықпен келгенін осы кездесуде де байқатты. Финдер ойынның тағдырын екінші кезеңде біржола шешіп кетті. Сөйтіп, финалға емін-еркін өтті. Енді ақтық айқаста Финляндия жеңіс тұғырынан көрінсе, бұрын-соңды болмаған бір рекордқа қол жеткізгер еді. Әзірге әлемнің жастар арасындағы да, ересектер арасындағы да чемпионаттарын ұтып алған бірде-бір ел жоқ. Міне, финдер сол рекордқа жақын тұр. Осының алдында олардың жастар командасы әлемде топ жарған. Сол құрама сапында өнер көрсеткен Микко Рантанен (19-да), Себастьян Ахо (18) және Патрик Лайне (18) секілді жас хоккейшілер енді ересектер жарысына да қатысып жатыр. Соның ішінде Ахо Ресеймен ойында шешуші тұлға бола білді. Түннің жарымы ауа алаңға Америка құрлығының екі командасы беттеді. АҚШ құрамасы осы жолы ұтылып, 3-орын үшін таласта қарсыласынан басым түссе, соңғы 4 жылда үшінші рет қола жүлдегер атанар еді. Бұған дейін бұл құрама 50 жыл ішінде екі-ақ рет қола медаль жеңіп алған екен. Ал финалда хоккейдің иелері жеңіске жете қойған жағдайда оның капитаны Кори Перри Олимпиада мен әлем чемпионатында жеңіске жеткен, сондай-ақ Стэнли Кубогын ұтқан ойыншыларға арналған «Үш дүркін алтын» клубының 28-ші мүшесі атанады. Канада – АҚШ 4:3 (2:0, 1:3, 1:0) Голдар: Бренден Галлахер 1:0 (9-минут), Брэд Маршан 2:0 (19), Остон Мэттьюс 2:1 (22), Давид Ваорвски 2:2 (24), Тайлер Мотт 2:3 (29), Дерек Брассар 3:3 (36), Райан Эллис 4:3 (42). Матч бірден Үйеңкі жапырағы елі құрамасының қауырт шабуылымен басталды. Соған орай олар тез алға да шыға білді. Бірінші кезеңнің соңында есеп сондықтан 2:0 болып, канадалықтардың пайдасына шешіліп тұрды. Бірақ АҚШ-тың құрамында 6 студент ойнайтын жас командасы бұған аса көп қаймыға қойған жоқ. Олар екінші кезеңде бас-аяғы 7 минуттың ішінде екі шайба айырмашылығын жауып, алға да шығып кетті. Бұған канадалықтар соңғы сәттерде бір шайбамен жауап қайтарып, кезеңді теңге жеткізді. Олар соңғы кезеңнің басында тағы бір шайба салып, таразы басын өздеріне қарай біржола аударып алды. Сонымен, бүгін әлем чемпионаты өзінің мәресіне жетеді. Алдымен Ресей және АҚШ құрамалары қола медальдің тағдырын шешіп алады. Содан кейін алтын медаль үшін күреске Финляндия мен Канада кірісіп кетеді. Естеріңізге сала кетейік, бұл чемпионатқа өткен жылы бірінші дивизионда ұтқаннан кейін Қазақстан құрамасы да қатысқан еді. Біздің хоккейшілер Швейцариямен өткізген бірінші маусымашар матчта 3:2 есебімен буллитте жеңіске жетті де, қалған ойындардың бәрінде пырдай болып ұтылып шықты. Нәтижесінде Мәскеуде ту тіккен А тобында 2 ұпаймен ең соңғы орында қалып, топтап шыға алмады. Сонымен бірге бірден бірінші дивизионға түсіп қалған болатын. Талғат Райымбек. Дерек: Р-Спорт, фото: Советский спорт.