22 Мамыр, 2016

«Қайрат» бірінші айналымды үздік үштіктің қатарында аяқтады

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
22-05-2016-KPL suret 02АСТАНА. 22 мамыр. Кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасының 12-туры ойындары ойналды. Осылайша, ел чемпионатының бірінші айналымы аяқталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Тур барысында көш басындағы «Астана» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасын» 3:1 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. Ал елордалықтармен үзеңгі қағыстырып келе жатқан Павлодардың «Ертісі» өз алаңында лига аутсайдерлерінің бірі Оралдың «Ақжайығымен» тең түсіп, ұпай жоғалтты. Жалпы, бұл турда жанкүйерлер ерекше назар аударған кездесу Алматыда өтті. Атап айтқанда, жергілікті «Қайрат» Көкшетаудың «Оқжетпесімен» сынға түсіп, қарсыластарының қақпасына жауапсыз 6 гол соқты. Ойынның 28-минутында «Қайрат» сапындағы ресейлік легионер Андрей Аршавин есеп ашып, командасын алға шығарды. Бұл есеп үзіліске дейін өзгерген жоқ. Ал екінші таймда алматылықтар «Оқжетпес» қорғанысының тас-талқанын шығарды. Алдымен 52-минутта Аршавин дубльдің авторы атанса, ойын соңына дейін команда капитаны Бауыржан Исламхан мен «Қайраттың» үздік шабуылшысы Жерар Гоу да екі реттен мергендіктерімен көзге түсті. Нәтижесінде маусымды сүреңсіз бастап, көш соңында келе жатқан «Қайрат» маңызды жеңіске қол жеткізіп, турнир кестесінде үздік үштіктің қатарына қосылды. Айта кетейік, алматылықтардың бұл жеңісі әзірге осы маусымдағы ең ірі жеңіс ретінде тіркелді. Осылайша, премьер-лиганың бірінші айналымы мәресіне жетті. Енді командалар 29 мамырда екінші айналымды бастайды. 22-05-2016-KPL suret 01 12-тур ойындарының нәтижелері: «Астана» (Астана) – «Ордабасы» (Шымкент) 3:1 Голдар: Марин Аничич 7, Рохер Каньяс 21, Таңат Нөсербаев 72 – Александр Симчевич 10. «Тобыл» (Қостанай) – «Атырау» (Атырау) 1:2 Голдар: Нұрбол Жұмасқалиев 69 – Александр Дамчевски 9, Александр Макась 83. «Жетісу» (Талдықорған) – «Шахтер» (Қарағанды) 2:0 Голдар: Душан Савич 57, Илья Калинин 64. «Ертіс» (Павлодар) – «Ақжайық» (Орал) 0:0 «Қайрат» (Алматы) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 6:0 Голдар: Андрей Аршавин 28, 52, Бауыржан Исламхан 54, 68 (пенальти), Жерар Гоу 82, 85. «Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Тараз» (Тараз) 2:2 Голдар: Самат Смақов 44 (пенальти), Дидар Жалмұқан 45 – Виталий Евстигнеев 38, Малик Мане 50. 12-тур ойындарының қорытындысы бойынша турнир кестесі 22-05-2016-KPL keste Үздік мергендер:
  1. Роман Мұртазаев («Ертіс») – 7 гол;
  2. Жерар Гоу («Қайрат») – 6 гол
  3. Душан Савич («Жетісу») – 5 гол;
  4. Самат Смақов («Ақтөбе») – 5 гол.
13-тур ойындары 29 мамыр күні ойналады. Аталған турдағы қарсыластар реті төмендегідей: «Ақтөбе» – «Астана» «Атырау» – «Ертіс» «Қайрат» – «Ақжайық» «Оқжетпес» – «Тараз» «Ордабасы» – «Жетісу» «Шахтер» – «Тобыл». Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Фото: vk.com.