23 Мамыр, 2016

Тәжікстан халқы президенттің елді шексіз басқаруына келісім берді

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
23-05-2016 tajikstanАСТАНА. 23 мамыр. Тәжікстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өтті деп есептелді. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00 кезінде халықтың 66,6 пайызы дауыс берді. Конституция бойынша, дауыс беру құқығына ие азаматтардың кем дегенде 50 пайызы дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген болып саналады. Референдумда дауыс берушілер «Тәжікстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап берулері тиіс. Референдум сауаламасында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның мемлекетті шек қойылмайтын мерзімге басқаруы мен президенттікке сайлану жас мөлшерін 35-тен 30 жасқа азайту туралы халықтың келісімі сұралды. Өзгертулерде сондай-ақ, шетелдерден қаржыландыратын ұлттық немесе діни негіздегі партиялардың құрылуына тыйым салу жағы қарастырылған. Мәліметтер бойынша, президенттік сайлауға түсу үшін жас мөлшерін азайту Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Рахмонға 2020 жылы 33 жасқа толғанында мүмкіндік береді. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша, сағат 20:00-де жабылады. Алдын ала қорытындылары бүгін жарияланады. Айта кетейік, Тәжікстан конституциясы 1994 жылы қабылданған. Ал 1994, 1999 және 2003 жылдары референдум арқылы өзгертулер енгізіліп тұрды. 2003 жылғы өзгеріс қазіргі президенттің екі мәрте жеті жылдық басшы болып қалуына мүмкіндік берген еді. Аян Әбдуәли. Дерек, фото: РИА «Новости».