23 Мамыр, 2016

Шымкентте жоғалып кеткен 12 жасар қыз табылды

386 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

23-05-16-Nasy-r-Baln-r

ШЫМКЕНТ. 23 мамыр. Кеше кешкі сағат 21:00 шамасында із-түзсіз жоғалып кеткен 12 жасар Балнұр Насыр табылып, ата-анасына хабары жеткізілді. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Бүгін, 23 мамыр күні сағат 15:30 шамасында балалар кеше жоғалып кеткен Балнұр Насырды таратылған бағыттама бойынша «Нұрсат» шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің жанынан көріп, танып қалған. Сосын оқушылар өздерінің мұғалімдеріне қоңырау шалған. Осыдан кейін оқытушылар қызды өзі оқитын мектепке ертіп әкеліп, полицияға болған жай туралы хабар берген. Еске сала кетейік, 2016 жылғы 22 мамыр күні түнде Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Қаратау полиция бөлімшесіне «Нұрсат» шағын ауданында тұратын 34 жастағы әйел өзінің 2004 жылы туған, №80 орта мектептің 5-сыныбында оқитын Насыр Балнұр Бақытжанқызы есімді жасы кәмелетке жетпеген қызының із-түзсіз жоғалып кеткенін айтып, шағымданып келген. Ол үйден 22 мамыр күні сағат 21:00 шамасында шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Полицейлер аталмыш фактіні тіркеуге алып, кәмелетке толмаған Балнұр Насырдың жүрген жерін анықтау үшін облыстағы барлық ішкі істер бөлімдеріне бағыттамалар жіберген. Полицейлер таңертеңнен бастап жоғалған қыз туралы бағыттаманы көпшілік жүретін жерлерге жапсырып шыққан. Қазір 12 жасар қызбен психолог мамандар жұмыс жасап жатыр. Барлық тексеру процедурасынан өткеннен кейін Балнұр ата-анасына табыс етіледі. Бақтияр Тайжан. Дерек, фото: Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі.