24 Мамыр, 2016

Астананың мәдени капиталы

622 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
20160524074237 Ел жүрегі – Астана. Ел сенімі – Астана. Елорданың жасампаз тари­хын Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінен (ЕҰУ) бөлек қарау мүмкін емес. Елбасының 1996 жылы 23 ма­мыр­дағы арнайы Жарлығы­мен негізі қа­ланған осы оқу орнын – Ас­тана­ның рухани-интел­лектуал­дық ірге­тасы десек, шын­дыққа сәйкес келеді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев­тың «Еуразия жү­ре­­гінде» атты тағылымды кіта­бы қалың оқырманға жақсы таныс. Еңбек атауының өзінде рәміздік мән бар. Ол «Астана – еуразия­лық жаңғыру мен серпілістің орта­лығы» деген саяси салмақты мағынаға және «Жаңарған дүние­дегі әлем оқиғасын Қазақ­стан жүрегі қалай сезінеді?» деген гуманистік пайымға ие. Осы кітапта Елбасы: «Астананың ажарына ажар қос­қан, жаңа корпустарымен қала ланшафтына кірігіп кеткен Лев Гумилев атындағы Еуразия универ­сите­тін айтпай тұра алмаймыз. «Ас­тана­ның мәдени капиталы» деген ұғым Еуразия университетіне көз түскен сәттен-ақ адам санасында нақты бейнеге айналады деп ойлаймын» деп жазды. Көзіқарақты оқырман хабардар: жалпы, өркениеттің асыл атауы – мәдениет. Кең ұғымда білім де, ғылым да, адамзаттың жан-жақ­ты жетілуі де осы мәдениетке кіреді. Әрине, Елбасы Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­­­ситеті елор­даның мәдени капиталы боларына сенгенде, жалпыадамзаттық және ұлт­тық құндылықтарды ескергені сөзсіз. Өйткені, әу баста, дәлірек айтсақ, осыдан дәл 20 жыл бұрын (1996 жылы 23 мамыр күні), тарихи 1962 жылғы Целиноград педагогика институты мен 1964 жылғы Целиноград инженерлік-құрылыс институтының қосылуы нәтижесінде өмірге келген Ақмола мем­­ле­кеттік универ­с­итеті негізінде Еуразия универ­ситетін жасақтау – отан­дық білім­дегі ғасыр жаңалығы деуге лайық қадам еді. Біріншіден, бұл – жаңа елорданың мәдени-интеллектуалдық негізі. Екіншіден, бұл – заманға лайықсыз одақ идеясы мен ұлттық шектеушілікке тоқтау сала отырып, әлемдік жаңашыл ықпалдастыққа батыл бет бұру. Үшіншіден, бұл – дүниежүзіне «Н.Назарбаевтың Еуразия идеясы» ретінде танылған жаһандық ақыл-ойдағы трансформация мен реформаның білім мен ғылымдағы табалдырығы. Елбасының стратегиясы мен тактикасы ешқашан мүлт кеткен емес. Мақсат – айқын, жоспар – баянды, іс-шаралар да жүйелі жүзеге асты. Осы тұста «Еуразия жүрегінде», Елбасы айтқандай, Астана идеясы мен оның ғимараттары ел санасында күннен-күнге асқақтай берді. Қазақстан жұртшылығы елорданы тұрғызуға қалай жұмылса, Еуразия ұлттық университетін қалыптастырып, дамытуға да солай жұмылды. Мұнда да екі фактор айқын көрінді: бірінші – әр кезеңдегі университет басшылығы Елбасы алға қойған мақсатты терең сезініп, республиканың бұрынғы бас қаласынан облыс орталықтарына дейін білікті ғалымдарды шақырып, мамандар легін шоғырландыра бастауы; екінші – нарық пен бәсеке заманында мектеп бітіруші жастардың Астана феноменіне иек артып, елорданың жетекші универ­ситетіне көптеп-көлемдеп тартылуы. Нәтиже мен тәжірибе сәтті болған секілді. Университеттің 10 жылдық мерейтойына орай 2006 жылы 26 мамырда оқыған «Инновациялар мен білімді жетілдіру арқылы – білімге негізделген экономикаға» дәрісінде Елбасы былай деді: «Осы жылдар ішінде жаңа университет өзінің тарихын өнегелі бастамалармен, өміршең істермен жасай білді. Сөйтіп, қазір ол іргелі ғылым ордасына, білімнің шын мәніндегі киелі шаңырағына айналып отыр. Бүгінде Еуразия университеті – жоғары білім көшбасшыларының бірі. Астана құрылысы осы оқу ордасының жаңа ғимаратын тұрғызудан басталды деуге де болады». Қазақстанның күллі студент-жастарына арналған осы тарихи дәрісінде Н.Ә.Назарбаев аса көрегендікпен «Еуразия­­ның жүрегі, рухани кіндігі – Астана бола алады, ал осы жүректің ең асыл орталығы – елордадағы Еуразия универ­ситеті», деген еді. Мемлекет басшысы ғаламдық тұлға, саяси қайраткер ретінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті­не мұншама мұрат жүктеуі жайдан-жай емес. Өйткені, ол кемел басшы ретінде жоғары оқу орындарының қоғам ой-санасын­­­да­­­­ғы серпілісін, жасам­паз­дығын жете түсінді. Әу баста латынның «universitas» ат­ауы ақыл-ойдағы қоғам­дасу мен бірлікті біл­­­дір­се, жаңа ғасыр­дағы университет – білім, ғылым, мәде­ниет үштағанына негіздел­ген іргелі және қол­дан­балы ғы­лым­дардың кешенді ордасы. Осы саладағы әлемнің озық тәжіри­бесін байыптаған Елбасы отандық жоғары білім алдындағы бес мақсатты белгі­леп берді. Атап айтқанда, бірінші мақсат – қоғамдық құндылықтар мен білім жүйесі арқылы бәсекеге қабілетті болу, екінші мақсат – адам капиталын немесе «интеллектуалдық әлеуетті» дамыту, үшінші мақсат – инновациялық даму, төртінші мақсат – орындау сапасы, бесінші мақсат – саяси ерік пен ұлттық мәміле. Жиырма жылда Еуразия ұлттық университеті Мемлекет басшысы айқын­даған білім-ғылым бағыты бойын­ша бірсыпыра нәтижеге жетті, респуб­ли­ка­­ға, өңірге, әлемге танымал болды. Осы ретте маған дейін ректор қызметін атқарған А.Құсайынов, М.Жолдасбеков, С.Әбдіманапов, Б.Әбдірайым сынды әріптестерімнің еңбегін ілтипатпен атап өткім келеді. Бұл орайда, жетекші ғалым-оқытушылар мен жауапты қы­з­меткерлердің маңдай тері, бел-белесі – университет тарихына алтын әріппен жазылды. Сондықтан 2012 жылы Ел Прези­дентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуымыз – ұжымның ұзақ жылғы жұмысының нәтижесі әрі Қазақстан білім және ғылым саласының жеңісі. 2013 жылы ТМД деңгейінде «үздік қызмет» номинациясы жүлдесін алуымыз, әлемдегі 17 мың университет қатысатын QS рейтингінде үздік 300-дік қатарына енуіміз, Тәуелсіз ұлттық рейтингте топ бастауымыз – жүйелі жұмыстың бағасы болса керек. Өткен жылы QS-тен тағы бір сүйіншілеген хабар жетті: Еуразия ұлттық университеті соңғы 50 жылда ашылған әлемдегі 2 мың университеттің 30-дығы сапына кіріпті. Сонымен, Астана жүрегіндегі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мемле­кеттік білім-ғылым жоспарларын орындаудың қай тұсынан табылып жүргені – халықтың көз ал­-дында. Әсіресе, елорда төрінде отырып, мемлекет пен қоғамның үйлесіміне, дамуына, сапалануына бағытталған идеяларды қолдауды, білім мен ғылым тұрғысынан жүзеге асыруды ұжымның асыл парызы ретінде қарайды. Мақсат-міндеттің бас­тысы Елбасы айқындаған «Қазақстан-2050» Страте­гия­сынан өрбиді. Бұл құжат ел болашағын бағдарлап, жаңа басымдықтар арнасын көрсетіп берді. Мұнда Мемлекет басшысы «Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет», деп атап көрсетті. Біз оқу үдерісі мен ғылыми өредегі жұмыс бағдарын осы тапсырмаға сәйкес жан-жақты пысықтадық. Үкімет қаулысымен ашылған инженерлік зертханамыздан бас­тап өңірлерде қомақты жетістікке жеткен инновациялық паркімізге дейін іс-шара жоспарында Стратегия межесін өлшем етіп алды. Президент «Ғылым мен инновацияны екінші орынға ысырып қойған ел ешбір салада бірінші бола алмайды», деп атап көрсетті. Іргелі, ізденістік және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыратын универ­ситетіміздің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы жақсы дамыған. Ол іргелі зерттеулерден бастап ғылым нәтижелерін коммерцияландыруға дейінгі толық циклді қамтамасыз етеді. 2011 жылдан бері Еуразия ұлттық университеті базасында Инновация­лық парк жұмыс істейді. Ол ғалымдары­мыздың өндірістік сектормен байланы­сының ғылыми-технологиялық платформасы іспеттес. Осындағы стартап-жобалар аймағының жұмысы Қазақстан көлемінде белгілі бола бастады. Қолданбалы зерттеулеріміздің де саны жылдан-жылға артып келеді. Ғалым­дарымыз жылу насостарын пайдалану, жылу энергиясының кавитациялық көздері, крекинг-газ алу қондырғылары сияқты жобаларды дамытуда елеулі жетістіктерге жетті. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында университет баламалы энергия көздері, энергияны үнемдеу, тиімді жылу-жылыту жүйелері, тұрмыс және өндіріс қалдықтарын өңдеу бойынша бірқатар инновациялық жобаларды жүзеге асырмақ. Біздің ғалымдар «жасыл технологиялар» аталатын баламалы энергетиканы дамытуға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынып отыр. Стартап-жобаларды қаржыландыру қазір университетіміздің өз қаражаты есе­бінен жүзеге асырылып келеді. Жоға­ры оқу орындарын коммерциялық жоба­­лар­ға тартудың құқықтық тетігі жасал­ған жағ­дайда ғылым мен өндіріс ықпал­да­суы кезең-кезеңмен орындалады деп есептейміз. Зияткерлік меншікті қорғау саласында Еуразия университеті – 200-ден астам патенттің иегері. Ғалымдарымыз дәстүрлі республикалық «Шапағат» өнертапқыштар конкурсына қатысып, жүлделі оралып жүр. Мысалы, сала мамандарымыз «Ауыл шаруашылығы, құрылыс және машина жасау саласын­дағы инновациялық дамуға қосқан үлесі үшін» дипломымен марапатталды. Сегіз мем­лекеттің (Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Түрікменстан) территориясында қолданылатын Еуразиялық патенттеріміз де бар. Университетіміздің ұлттық зерттеу бағытындағы қалыптасуы жаңа міндеттер жүктеп отыр. Ғылыми әзірлемелердің сапасы, зерттеу нәтижелерін өндіріс пен оқу үдерісіне енгізу, ғылыми және ғылыми-өндірістік жұмыстардың қаржылық көрсеткіштерін жақсарту – басты талабымыз. Осы ретте біз отандық ғылымды дамытудың мультипликациялық әсерін ерекше айтамыз. Бұл – білім сапасын арттыру, экономикаға бағытталған инновацияларды әзірлеу, университетті халықаралық ғылыми қоғамдастықтың мойындауы дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары алдындағы зор міндет – ұлттық экономиканың шикізаттық қалы­бынан инновацияға қарай бет бұруын қам­та­масыз ететін маман даярлау және қауқар­лы технологияларды пайдаланып ғылыми-зерттеулер жүргізу. Бұл мәселеде Елбасымыз бен Үкі­метіміз, Білім және ғылым министрлігі уни­верситеттік ғылым-білімге үлкен сенім артып отыр. Мемлекет басшысы Жапо­ния, Оңтүстік Корея, Сингапур, т.б. озық елдердің даму тәжірибесін алға тартып, ғылым мен инновацияға басымдық беруді атап көрсеткен еді. Елдің мойындалған беделді жоғары оқу орындары секілді, Еуразия ұлттық университеті стратегиялық ұлттық зерттеу университетіне айналуға жұмылып, білім-ғылым-өндіріс ықпалдасуы аясында шетелдік және отандық ғалымдарды тартып келеді. Бұл бағытта таңдаулы мамандарды үйлестіріп, мемлекет пен бизнес кластерін жүйелеу, әлемдік деңгей­дегі іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыс­тарын жүргізу жоспарланған. Оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру – ғылым-білімнің абыройлы міндеті. Бұл дәрежеге жетуде әр оқу орнының өз көз­деген жолы бар. Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында біз өз міндетімізді анық­тап алдық. Жақын болашақта ЕҰУ білім-ғылым мен өндірістің тығыз ықпал­дастығына негізделген ұлттық зерттеу университетіне айналады деп сенемін. Қазақстандағы жетекші университет ретінде басым бағытымыз – ғылы­ми-зерттеу жұмыстарының инфрақұры­лы­мын дамыту, сонымен бірге, білім-ғылым мен өндірісті ықпалдастыру. Ғылыми-зерттеу жобаларымыздың да көлемін жылдан-жылға арттырып келе­міз, көлемінің өсімі байқалады. Осы бағытта 2011 жылы 276 млн. теңге­лік жоба орындалса, 2015 жылы 1,82 млрд. теңгені құрайтын іріленген 150 ғылыми жобаны жүзеге асырдық. Бұл ғылымды қаржыландыру көлемін 6 есеге арттырғанымызды білдіреді. Зерттеулер, негізінен, ғылымды дамыту­дың басым бағыттары – энергетика, шикізат пен өнімді толық өңдеу, ақпа­ра­т­тық және телекоммуникациялық технол­огиялар, өмір туралы ғылым, елдің зияткерлік әлеуеті бойынша жүргізілді. Жобаларды орындауға жас ғалымдар (магистрант, докторант) тартылған. Докторанттардың 40 пайыздан астамы қаржы­ландырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға қатысады. Ғылыми-зерттеу сапасының артуы Thomson Reuters және Scopus библио­метрикалық мәліметтер базасымен индекстелетін рейтингтік басылымдарда университет ғалымдары еңбегінің жариялануына тікелей байланысты. Осы ретте Р.Берсімбай, Р.Омаров (биология), Р.Мырзақұлов, А.Арынғазин, Қ.Сәбденов, А.Дәулетбекова, Ә.Ақыл­беков, С.Тілеукенов, Қ.Күтербеков, Т.Нұрахметов, С.Сауытбеков (физика), Т.Инербаев (нанотехнология), М.Өтелбаев, Н.Темірғалиев, Р.Ойнарұлы, Н.Боқаев, Л.Құсайынова, Н.Тілеуханова, Қ.Оспанов (математика), И.Іргебаева, Ә.Тәшенов, Р.Ерқасов, С.Рахмадиева, Е.Сүлеймен (химия, фитохимия), М.Қасен, Е.Нечаева, М.Сыдықназаров, Ж.Сәбитов (саясаттану) т.б. ғалымдардың табысын ерекше атап өткіміз келеді. Университетте профессор-оқыту­шы­лар құрамын шетелдік журналдарға сапалы мақалалар жазу бойынша ын­та­ландырудың кешенді жүйесі әзір­ленген. Соңғы үш жылда әлемдік рей­тинг­тік 300-ге жуық ғылыми жарияла­ным үшін материалдық сыйақы төледік. Маңызды көрсеткіштердің бірі – жоғары оқу орнында меншікті ғылыми мерзімді журналдың болуы. ЕҰУ-да қазіргі уақытта 7 ғылыми журнал шыға­­ры­лады. Соның ішінде Eurasian Mathematical Journal елімізде алғаш рет 2015 жылы қаңтардан бастап халықара­лық Scopus библиометрикалық мәлі­меттер базасына енді. Бұл журнал ғалымдарымыздың ғылым мен білімнің жаңа көкжиегін игеруіне себеп болады деп сенеміз. Бізде гуманитарлық ғы­лым саласы да – жетек­ші орын­да. Әдебиет­тану ақсақалы академик С.Қирабаев пен отан­дық философтардың көш­бас­шысы академик Ж.Әбділдиннен бастап, 100 томдық «Бабалар сөзінің» жетекшісі және белгілі фольклортанушы академик С.Қасқабасов, қыпшақтану мектебінің негізін қалау­шы академик Б.Көмеков, ұлттық филосо­фия­ның ұсты­­ны академик Ғ.Есім, түркітану, әде­биет­­тану тұлғалары, профессорлар М.Жолдасбеков, Ш.Ибраев, Қ.Сал­ғара­ұлы, Қ.Сартқожаұлы, С.Негимов, Т.Жұртбай, Д.Қамзабекұлы, дипломат, жур­налист, саясаттанушы, заңгер, дін­тану­шы профессорлар С.Батыршаұлы, Н.Омашев, Н.Қалиев, Е.Нұрғалиева, Б.Сматлаев, Ә.Муминов, экономист профессорлар М.Кемел, Д.Мадиярова, Ж.Раимбеков, т.б. аты мен заты біраз нәр­сені аңғартса керек. Күні кеше осын­да қызмет істеген марқұм академик­тер Р.Нұрғали мен М.Серғалиевтің, профес­сор­лар А.Қыраубаева мен А.Сейдім­бек­тің тағылымы ұмытылмақ емес. Еуразия университетінің тарихшылары да ғылымда олжа салып жүр. Қазақстан Ұлттық тарихшылар конгресі, үш тілдегі «Мәңгі ел» журналы тарихнама әдістемесі мен әдіснамасын, оқулық мәселесін жүйелеуде біршама жетістікке жетті. Бұл ретте гумилевтану мен еуразия­тану бағытындағы зерттеулер нәтижесін де ерекше атауға болады. «Лев Гумилев» тұлғалық энциклопедиясын, «Гумилев әлемі», «Еуразия мәселелері», «Ұлттық тарихшылар конгресі кітапханасы» сериясымен шығарған зерттеу топтамаларымызды ғылыми қауымдастық жоғары бағалады. Бізде Еуразиялық зерттеулер кафедрасы мен «Еуразия» ғылыми орталығы үйлесімді жұмыс атқарады. Әрине, университет деңгейін көтере­тін фактор – бірлескен сапалы маман­дардың мақсатты күш-жігері. Еуразия ұлттық университетінде еліміз бен шетелдерге танымал 200-ден аса ғылым док­торы, 600-ге жуық ғылым кандидаты және шетел тағылымдамасынан өткен 100 PhD дәріс оқып, ғылыммен шұғылданады. Академиктен қарапайым қызметкерге дейінгі, докторанттан сту­дент­ке дейінгі айрандай ұйыған 20 мыңдық ұжымымыз бір мүдде төңірегіне топтасқан. Бізде профессор-оқытушыларды жұмысқа қабылдау мен аттестаттаудан өткізу бойынша тұрақты комиссия жұмыс істейді. Бұл – кәсіби біліктілік сапасын айқындаудың жауапты тетігі. Профессор-оқытушылардың білікті­лі­гін орнықты арттыру – универси­тет­тің кадрлық әлеуетін көтерудің кіл­ті. Осы орай­да мамандарымызды тек қа­на ха­лық­­ара­лық QS рейтингі бойын­­ша ал­ғы шеп­тегі әлемнің жетекші уни­­вер­­­си­тет­теріне жібереміз. Атап айт­сақ, Испания, Гер­мания, Голландия, АҚШ, Фран­ция, Бель­гия мемлекеттері универ­си­тет­теріне ба­рып отырады. Соңғы 3 жыл­да 700-ге жуық ғалымымыз осындай курс­тардан өтті. Біз – оқытушыларымызды шетел білім-білік алаңдарына шығарып, ал шетелдік озық ғалымдарды студенттерімізге дәріс оқытуға, бірлесе ғылыми жобаларды жүзеге асыруға тұрақты шақырып жүрген оқу орнымыз. Қаржылық қиындықтарға қарамай, «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес, университеттерді интернационалдандыру стратегиясын жүйелі іске асырып отырғанымызды атап өткіміз келеді. Айталық, 2010-2015 жылдар аралы­ғында әлемнің 50-ден астам елінен шамамен мыңға жуық білікті профессор шақырыппыз. Бұл жұмыстың нәтижесі де ойдағыдай болды. Бір жағынан білім алушыларымыздың деңгейін көтер­дік, екінші жағынан мемлекетіміз бен университетіміздің танымалдығын арттырдық. ЕҰУ ғалымдарының шақы­рыл­ған шетелдік профессорлармен бірік­кен жарияланымы – 80 пайызды, біріккен ғылыми жобалары 20 пайызды құрайды. Сөз жоқ, жаңа заман университеті дамуының бір тетігі – халықаралық ынты­мақтастық. Бүгінде интернационал­дандыру – жоғары мектептің маңызды өрістеу компоненті. Осы орайда Еуразия университеті академиялық ұтқыр­лық бағытын белсенді дамытып, мемле­кеті­мізде жоспарланған студент алмасу жеңіл­діктерін, халықаралық білім гранттарын қолжетімді етіп отыр. Академиялық ұтқырлық бағдарла­масы бойынша жыл сайын Еуропа одағы, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне барып, деңгейлерін көтеріп отырады. Бұл жоба ҚР БҒМ желісімен қар­­жы­ландырылады. Өткен жылы акаде­мия­лық ұтқырлық бо­йынша 400-дей білім алушымыз шетелге барып оқып келді. Еуразия ұлттық университеті қос дипломдық білім беруді ТМД желілік уни­верситеттері мен Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы университеттері аясында дамытып келеді. Қазіргі уақытта 23 біріккен бағдарламаны іске асыратын 11 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық жасап отырмыз. Бұлардың ішінде Шанхай университеті, Мәскеу мемлекеттік халық­аралық қатынастар институты, Санкт-Петербург мемлекеттік универ­ситеті, Ресей Халықтар достығы универ­ситеті, Мәс­кеу құрыш және қорытпа институты, Ново­сібір ұлттық зерттеу университеті, «Дубна» халықаралық табиғат, қоғам және адам университеті бар. Магистрлер да­йын­дау бойынша 16 келісім жасалды, оның 9 бағыты Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да іске асырылады. Біріккен білім бағ­­дар­­­ламалары бойынша 51 келісімшарт жасал­ды. Университеттің негізгі миссиясы – сапа­лы білім беру мен білікті маман даяр­лау. Бакалавр, магистр, PhD (әр ғы­лым сал­асындағы философия докторы) бағ­д­арламалары бойынша Еуразия ұлт­­тық университетінде білім алушы аза­мат­­­тардың саны – 17 мыңға жуық. Елор­да көшпей тұрып күндізгі және сырт­тайғы оқу бөлімі студенттерін қосқанда 4 мың­ның маңайы болатын. ЕҰУ – осыдан 12 жыл бұрын Қазақстанда тұңғыш рет сырттай оқу бөлімін жапқан университет. Бұл – білім сапасына жасалынған қадам еді. Бүгінде оқу орнымыз еліміз бойынша ең көп «Алтын белгі» иегерлері мен халықаралық олимпиада жеңімпаздары оқи­тын білім ордасына айналды. Бұл – Ел­басы негізін қалаған Астана факторы және жасампаздықтың қалауы. Елорданың әрбір оныншы жас тұрғыны – ЕҰУ студенті. Біз түлектерімізбен де мақтанамыз. ЕҰУ-да оқыған азаматтарды астанадан ауылға дейінгі барлық мекемеден, жауапты орындардан көруге болады. Тарихи түлектеріміз ел парламентін, облыс-аудандарды басқарса, бүгінгі түлектеріміздің алды – парламент депутаттары, вице-министрлер, комитет пен агенттік төрағалары, акционерлік қоғам президенттері. А.Винокуров, Г.Головкин сынды олимпиада чемпионы мен күміс жүлдегері, «Қазақстан барысы» А.Нұғымаров та – түлектеріміз қатарында. Еліміздегі жетекші құрылыс компаниялары прези­денттерінің, өңірдегі озық мектеп, колледж директорларының басым салмағы – ЕҰУ-ды бітіргендер. Бүгінде 13 факультет пен 68 кафедрамыз білім беру қызметін 168 маман­дық бойынша жүзеге асырады. Барлық білім бағдарламаларының атауы мен мазмұнына классикалық пәндермен бірге, әлеуметтік серіктестеріміз – жұ­мыс берушілермен келісілген пән­дер ен­гізілген. Мысалы, экономика маман­­дықтарына – Дүниежүзі сау­да ұйымы­ның, халықаралық қатынастар маман­дық­тарына – геосаясат пен елші­лік­тердің талаптарына сай модульдер қосыл­ды. Бұл ретте ЭКСПО сұранымы бағы­тындағы ізденістеріміз де бар. Әр мамандық бойынша оқытушы-профессор қауымының оқу-әдістемелік кешені, ғылыми-шығармашылық әлеуеті жыл сайын толықтырылып отырады. Елорданың мақтанышына айналған Еуразия ұлттық университеті білім алу­шы­­ларының азаматтық-рухани даму кел­беті де – басым бағыттарымыздың бірі. Студенттік «Шаңырақ» театрының қазақ және ағылшын тіліндегі сахналық қо­йы­лымдары мен «Аттракцион» театры ұжымының мюзиклін жастарды бы­лай қойғанда, Мемлекеттік хатшыдан Пар­ламент депуттарына дейінгі қай­рат­­керлер тамашалап, жоғары баға бер­ді. ЕҰУ «Студенттік кинотеатры» – «Қазақфильм» киностудиясының елор­далық алаңы іспеттес. Осында жаңа кинотуындылардың тұсауы кесіліп, тал­қы­­ланады. «Е-Studio» продюссерлік ор­та­­лығы мен «Еуразия» вокалды-аспапты ансамблі – музыкасүйер жастардың жан қуанышы, жас әншілердің тәжірибе алаңы. Ал «Самұрық» би мектебі, «Дала сазы» ұлт-аспаптар оркестрі универ­си­тетіміздің ғана емес, Астананың барша мәдени шарасының эстетикалық-рухани ажарын айшықтап жүр. Өнер ұжымының бәрі де – республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Студенттеріміз «Жасыл ел», «Жастар – Отанға», «Болашақ қауымдастығы», «Халықаралық экономикалық форум», «Жас Отан», «Дельфий ойындары», «Қазақстан студенттерінің конгресі» жұмы­сына, мемлекеттік-қоғамдық шара­ларға ЕҰУ-дың жастар өкілі немесе волонтер ретінде қатысып, қайрат­кер­лік шыңдалу мектебінен өтіп жүр­генін мақтанышпен айтамыз. Республика­мызда тұңғыш рет ЕҰУ-да ашылған Халық ассамблеясы кафедрасы мен Толе­ранттылық бағытындағы ЮНЕСКО кафедрасының жастар бойында ел бірлігі мен «Мәңгілік Ел» жауапкершілігін қалыптастырудағы рөлі зор. Мұнда адамзат ақыны О.Сүлейменов, «Мир» телеарнасының негізін салушы Ғ.Шалах­метов, «Тамыр» идеясын салаландырушы А.Башмаков сынды қайраткерлер қызмет атқарады. Университет профессоры, Мемлекеттік елтаңба авторының бірі Ж.Мәлі­бекұлының сәулет сабақтары – жастарымыз үшін үлкен олжа. Жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында «Елдік дәрістер» атауымен танымал мем­лекет және қоғам қайраткерлерінің, акаде­мик­тердің 1 мың тыңдаушыға дейін қаты­сатын дәрістерін өткізіп тұрамыз. Бұл шара­ның да қайтарымы мол екенін байқадық. Білім алушыларды әлеуметтік тұрғы­дан қолдауда жүйелі жолға қойылған. Ден­саулық қызметін сапаландыру мақ­сатында қалалық № 9 емханаға бекітілген ЕҰУ медициналық орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, студенттер мен қыз­мет­керлерге әлеуметтік-психоло­гия­лық көмек көрсететін «Дауа» жастар орталы­ғының қызметі де нәтиже бере бастады. Ата-анасының жәрдем беруге мүмкіндігі жоқ 500-ге тарта студент тұрақты және кезеңдік жұмысқа орналастырылды. Жатақхана – еліміз бойынша өткір мәселе екені белгілі. Дей тұрғанмен, Бақылау және Қамқоршылар кеңесінің күшімен, Үкімет пен министрліктің қолдауымен мұны да орайлы шеше бастадық. Мысалы, біздің тікелей атсалысуымызбен жанымыздағы ММУ Қазақстан филиалының жатақханасы пайдалануға беріліп, өзімізде жаңа «Студенттер үйінің» құрылысы аяқталуға жақын. Әлеуметтік қолдау мәселесіне келсек, 119 студентке ішкі грант бөлінген немесе білім ақысына жеңілдік жасалған. 126 студентке тамақтану мен киім алуына материалдық жәрдемақы төленеді. Жетім және мүгедек санатындағы барша студент «Студенттер үйінде» тегін тұрады. Көп­балалы отбасынан шыққан мыңнан астам студент жолақы билетімен қамтамасыз етілген. 120 студент жыл сайын «Сенім» кәсіподақ ұйымы тарапынан стипендия алады. Еуразия ұлттық университеті – Елба­сы­мыздың тәуелсіздік жылдары ашқан тұң­ғыш университеті. Бұл оқу орны ғылым-білім тұрғысынан аз уақыттың ішінде Еуразия идеясының арманнан ақиқатқа айнал­ғанын дәлелдей алды. Елдің өткенін, бүгін­ін, болашағын сабақтастырған алтын көпір бола білді. ЕҰУ жаңа заманның талабы­на сай мемлекетшіл маман даяр­лаудың тари­хи жауапкершілік жүгін арқалап келеді. Елбасының сенімі, елордалық мәртебе және соларға лайық жауапкершілік қызметіміздің салмағын ауырлата түседі. Сондықтан университеттің ғалым-оқыту­шылары мен білім алушылары мемле­кет­шіл іс пен қара шаңырақ миссиясын жете түсініп, аянып қалмайды деп ойлаймыз. Біз Қазақстанның жетекші универ­ситеті ретінде білім ордаларын алалауға қарсы­мыз. Астаналық университет те, өңірлік оқу орны да, облыстық университет те елге, қоғамға бірлесе қызмет етуі керек. Мақсат та, міндет те ортақ. Ол – тәуелсіз Қазақстанды сапалы мамандармен қамтамасыз ету, отаншылдық ұйытқысы болу, әлемдік ықпалдастық жолымен озық білім мен ғылымды, технология мен әдіс-тәсілдерді меңгеріп, оны өз жерімізде тұрлаулы, баянды ету. Осы жол Елбасы айқындаған елдің жүрегі – Астананың да, тұтас Отанымыздың да мәдени каптиталын қалыптастыра беретініне сенеміз.

Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры