24 Мамыр, 2016

Керекті клиника

571 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Губайдуллина Ж.А. - директор Соңғы жылдары Қазақстанда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің (ҚазҰМУ) жанынан өз клиникасы ашылып, елімізде халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатындағы алғашқы қадамын жасап, жетекші емдеу орындарының біріне айналып отыр. Клиникада науқасқа диагноз қою, оларды емдеу және алдын алуда заманауи деңгейде жаңа технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы медициналық көмекті ұсынады. Бағалары қолжетімді әрі қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде. Олар әлемдік өндірушілердің заманауи медициналық құралдарымен жабдықталған. Бүгін біз С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы Біріккен университет клиникасының директоры Жанар ҒҰБАЙДУЛЛИНАҒА жолығып, емдеу орны жайлы жақынырақ білген едік. – Жанар Аюпханқызы, Бірік­кен университет клиникасы қа­зіргі нарық заманында ден­­саулық сақтау саласына айтар­­лықтай үлес қосуда. Оқыр­мандарға түсі­нікті болсын, кли­никаға жеке тоқталып, оның мақ­сат, міндетін таратып айтып берсеңіз... – Бүгінде ҚазҰМУ құрамында заманауи құралдармен жабдық­талған, көптеген ауруларға кешенді диагностика мен амбулаториялық емдеу жүргізуге мүмкіндік бере­тін Біріккен университет клиникасы жұмыс істейді. Онда амбу­латориялық дәрігерлік кеңес беру орталығынан басқа бауыр мен іш-құрылыс патологиялары, буын мен омыртқа, дәнекер тінінің диффузды ауруларын, жүйке жүйесінің ауруларын, ішкі секреция бездерінің аурулары мен тамыр ауруларына нақты диагноз қойып, оларды емдеу және алдын алуда заманауи деңгейде жаңа технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы ме­ди­­циналық көмек көрсететін орталықтар бар. Ревматология бөлімшесінде науқастарға әлемдік медицинаның соңғы жетістіктері, оның ішінде гендік-инженерлік терапиясы қол­данылады. Ал эндокринология бөлімшесінде ауруды ерте диаг­ностикалау мен емдеуден басқа осы аурудың асқынуларын алдын алуға тиімді кеңестер мен ем алуға арналған «Диабеттік табан және қол» кабинеті жұмыс жасайды. Инсулин помпасын қолдану арқылы 1 типті қант диабетін емдеудегі жаңа технологиялар туралы кеңестер беріледі. Бауыр және асқазан ішек ауруларын және жүйке жүйелерінің ауруларын емдеуде де кіші инвазиялық ем-шаралар қолданылады. Клиникада науқастарды жо­ғары дәрежелі мамандар, профессорлар, ғылым кандидаттары мен докторлары, түрлі ауруларды емдеу саласының әлемдік деңгейдегі беделді дәрігерлер қабылдайды. Олар емдеу мен диагностикалауда инновациялық әдістерді қолданысқа енгізу мақсатында жа­қын және алыс шетелдерде өз кәсіби деңгейлерін үнемі арттырып отырады. Міне, Біріккен университет кли­никасында жоғары маман­дандырылған, кең спектрлі, сапалы медициналық көмек көр­сетіледі. Мақсатымыз – халқы­мыз­дың денсаулық сапасын және өмір сүру ұзақтығын, жұмыс істеу қабілеттілігін арттыру. Енде­ше, дәрігерлердің кәсіби деңгейі, әлем­дік және отан­дық медицинаның ең жаңа жетіс­тіктеріне негізделген тексеру­дің заманауи аспаптық әдістері және емдеу стандарттары – уақтылы алдын алу шараларын өткізуге және әрбір емделушіге ба­ғыт­­талған емдеу жүргізуге мүм­кіндік береді. Ал негізгі тұжырымдамамыз – ем­­­­­­делушіге бағытталған клиника жасау. – Емделушіге бағытталған кли­­­­ника деп айтып қалдыңыз, осы жөнінде толығырақ мәлімет ал­сақ... – Қазіргі кезде емделушіге бағытталған клиникаға нақты анықтама жоқ болғандықтан кейін, біз әйгілі фирмалар мен компаниялардың жұмыстарына талдау жасап, бүгінгі уақытта емделушіге бағытталған әрекет – науқас дертінің маңыздылығын түсіну, кілтипанын анықтау, нау­қастың мұқтаждығын бағалау мен қажеттілігін қанағаттандыру, сон­дай-ақ, науқастың емнен күткен нәтижелеріне сәйкес келу және психологиялық жағдайын түсіне біліп, біріккен шешім қабылдау. Сөйтіп, науқастың денсаулығына бірге жауапкершілікте болу. Бұл бағытты тек қана алғашқы меди­циналық-санитарлық көмекте ғана емес, стационар деңгейінде де қол­дану керек. – Клиниканың емделушіге деген көзқарасын қалай өзгерт­тіңіздер? – Біздің клиникада емделушінің рөлі белсенді, медициналық кө­мектің рецепиенті ғана болып та­­былмайды, яғни науқас үшін шешімді дәрігер, мейірбике және науқас бірге қабылдайды. Себебі, ме­дицинадағы көмек дертке емес, нау­қасқа бағытталған. Ал ем­де­лушіге бағытталған клиникада емделушінің рөлі белсенді: өзінің шешімін қабылдауға, ауруға қар­сы күресуге, мақсатын қоюға дәрі­гермен бірге атсалысады. Ол үшін біз емделушінің қажеттілігін үш топқа бөлдік: медициналық, пси­хологиялық, әлеуметтік. Медициналық топ – дер кезінде ем және ауру туралы ақпарат алу, дәрігер мен емделушінің ын­ты­мақтастығына ауруханада қолайлы орта жасау. Науқасты қарағанда, дәрігер уақытын толығымен бө­лу, емдеу жоспарын науқаспен бірге талдау, тағайындалған емнен қандай нәтиже күтетінін ақпа­раттау. Қорыта айтқанда, нау­қас пен дәрігердің арасындағы ашық қарым-қатынас орнату. Психологиялық топ – аурудың нәтижесінде пайда болған әртүрлі психологиялық қосымша сезім­дермен бірлесіп күресу. Науқасқа деген құрмет көрсету, шағымдарына назар аударып, қолдау көрсету. Әлеуметтік топ – емге келген науқасқа клиникада әлеу­мет­тік орта жасау. Осы ортада ол өзінің қандай қарым-қа­ты­наста болатынын ойлайды. Медицина қызметкерлерінің қайы­рымдылығы науқастың сенім­ділігін тудыру керек. – Жанар Аюпханқызы, өзіңіз айтып отырған емделушіге ба­ғыт­­­талған клиникадан қандай нәтиже күтесіз? – Осы тәсіл толығымен енетін болса, Қазақстанда денсаулық саласын толығымен өзгертеді. Біз медицина қызметкерлерінің моральдық және адамгершілік қағидаларын жоғарылату, жандүниелік құнды­лық­тарын арттыру және дамыту арқылы емделушіге бағытталған медициналық көмек көрсетудің жаңа деңгейіне өте аламыз. – Біріккен университет кли­никасының ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бү­гін­ге де­йін қаншама қала тұр­­ғын­да­рына ашық есік күнін өткізіп, өз тараптарыңыздан көмектеріңізді дәстүрлі түрде көрсетіп келесіздер. Соның бір­нешеуіне біз де куә болған едік... – Иә, биыл төртінші жыл қа­тарынан айтулы күндерге орай бір жылда бірнеше рет арнайы акция­лар өткіземіз. Мәселен, былтыр 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында Отан соғысына қатысқан және соғыс кезінде тылда еңбек еткен аналарымызды шақырдық. Оған 31 адам келсе, сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларды да тегін дәрігерлік тексеруден өткіздік. 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «АРДИ» мүмкіндігі шектеулі балалар қауымдастығының тәрбие­ленушілерін де тегін қабылдадық. Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орайластырылған акцияға 60-тан аса алматылықтар келді. Бір айта кетерлігі, келушілер ақысыз негізде дәрігерлерден кеңес алып, қажет дегендері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін емделді. Тағы бір ескеретін жайт, баршаға аян, қазір елімізде кез келген адам емдеу орнын, дәрігерді өзі таңдай алады. Ендеше, қараша айында Алматы қаласының тұрғындары өз таңдауларын жасап, біздің ем­ханаға тіркелулеріне болады. Сон­дай-ақ, олар күндізгі стационар бөлімінде де емделеді. – Әңгімеңізге рахмет.   Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»