Драматургияда алғаш рет бұдан аттай жиырма жыл бұрын «Мәңгілік бала бейне» атты әңгімесінің сахналануы арқылы бірден жарқ етіп көрінген белгілі қаламгер Роза Мұқанованың шығармашылығына көптен бері құлақ түріп, назар салып жүргеніміз рас. Сондықтан, драматург-жазушының Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Сарра» драмасының премьерасына үлкен бір үмітке үзір байлап келдік.
Атының өзінен байқалып тұрғандай, драма желісін бір замандарда Тәураттың тарауларында туындап, Құранның хикаяларына айналған аңыздардан алады. Автор бұл жерде негізінен Рабғүзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» атты пайғамбарлар тарихына арналған қиссасына арқа сүйейді. Әйткенмен, пьесаның «Сарра» аталуы автордың бұл алтын арқаудағы түпнұсқадан да тым алшақ кетпегенін аңғартады. Ал түпнұсқада біз Сара деп танып жүрген тұлға – Сарра. Бірақ Ажарға келгенде, драматург оның Агарь делінетін түпкі ныспысын керек етпейді. Осының өзінен-ақ туындының басты желісі, негізгі мазмұны Ибраһим пайғамбарға ұл туып беріп, ұрпағын жалғастырған Ажар емес, осындай бақытқа қол жеткізуіне бірден-бір себепкер болған, сол жолда өзі де теперіш тепкіні мен жан азабын бастан кешкен Сарра болып отырғаны, шығармадағы барлық ой мен идеяны осы Сарраның қуанышы мен күйініші, көңіл шалқытуы мен күйзелісі арқылы беруге байлам жасағаны байқалады. Бұл ретте жазушы көне діни әпсаналарды драматургия тілімен әдемі сөйлете білген. Мұның арғы астарынан драматургтің өз трагедияларына ежелгі грек құдайларын бас қаһарман етіп алатын Софокл, Еврипид, Эсхил творчестволарын жетік меңгергенін көреміз.
Сол оқиғалардың желісі бізді Нұх пайғамбардың он екінші ұрпағы – Ибраһим заманына жетелеп алып барады. Қырық жыл отасқан қосағы – пайғамбарға перзент сүйгізуге қолы жетпеген Сарра күндердің күні Палестина жеріне қоныс аударған кездерінде өздеріне Мысыр патшасы Садық жетелеп жіберген Ажарды күйеуіне қосуға шешім қабылдайды. Кейін жүкті болған Ажарды көргенде, бұған өзінің қалай қызғанышпен қарағанын сезбей қалып, пайғамбарға оны айдалаға апарып тастауды тапсырады. Басында бұған көне қоймаған Ибраһим жаратқаннан пәрмен келген кезде сол талапты орындауға мәжбүр болады. Автор адамның қанында жүретін етіп көрсеткен Ібіліс сол кездері Сарраға Ажарды «құлағын кесіп құнтитып, мұрнын тесіп шұнтитып» қоюды ұсынады. Сөйтіп, оны Ибраһим қайта қарай алмайтындай етуге кеңес береді. Ақырында бұл азғыруға түсіп қалған Сарра шынымен соған тәуекел етеді. Сосын Ибраһим «Құдайдың бұйрығымен қосылып», қырық жыл отасқан жарының тілегін орындауға көнеді. Бірақ оны өзінше атқарып шығады. Құлағын кескенде де, мұрнын тілгенде де олардың жанынан гауһарды қосып тігеді. Сонысымен екі ретінде де Ажар бұрынғыдан бетер ажарлана түседі. Драматург осы тұста Сарраның қызғаныштан қалай жарыла жаздағанын үлкен суреткерлікпен келістіре көрсетеді.
Тегінде, түпнұсқасы мықты болса, оны қоюшы режиссердің де жүгі жеңілдеп, қиялына қанат бітіп, қадамы қарқынмен қарыштай түседі. Қойылымнан біз осыны анық аңғардық. Ал драманың тілі өте шұрайлы. Оның өн бойы қанатты сөздерге толы. Кей сәттерде төгіліп түскен ақ өлең жолдарына ұқсайды. Кейіпкерлер кестесі келіскен көркем сөздер мен нақышты нақылдарды төкпелеп өткенде, өзіңді жанға жылылық пен жұпар иіс шашып кететін жайлы нөсер жаңбырдың астында тұрғандай сезінесің. Оралымды ойлар мен сипаты бөлек сөйлемдермен әдіптелген пьеса өте күшті де қуатты үнмен басталады. Сахна төрінде авансценаға қарап сөйлеп тұрған Сарра көңілінің хошы жоқ. Қабағы қатыңқы, ерні қабаржулы. Бірақ айтып жатқан сөздері мірдің оғындай, зілдің зорындай. Себебі, ол ішті құса болып кернеген, жегі болып мүжіген ұзақ түндергі аласапыран ойлардан туындаған тұжырымды амалсыз сыртқа шығарып тұр. Мұның бәрі – шындық. Ал шындық қашанда ащы келеді. Сол себепті де оның аузынан ашыну арынында қатты шыққан: «Сұраншыдан тіленші туады, соқырдан көрмес туады, сараңнан бермес туады. Пайғамбардан пайғамбар туады. Ибраһимнен ұрпақ болмаса, ол – Сарраның күнәсі. Пайғамбар – күнәдан таза! Уа, Ибраһим! Мен – Сарра, күнәһар болдым! Сен кеш! Мінәжат еттім Аллаға. Харанқызы Сарра саған Хақ-тағаланың бұйрығымен жар болды. Сен айтпадың, мін артпадың, айыптамадың мені. Олай болса, сөзіме құлақ ас, пайғамбарым!» – деген кезде денең дір ете түсіп, тұла-бойың шымырлап кетеді.
Біз бұдан драматургтің мәселені неден және қалай бастау керектігі жөніндегі өте-мөте маңызды шешімді дәл тапқанын көреміз. Ал туындының көтеріп отырған басты тақырыбы – осы кезге дейін адамзат баласын мына тіршілік-жалғанда қатты толғандырып келе жатқан, бірақ әлі түйінді бір шешімге тоқтала алмай жүрген «Өмірдің мәні неде?» деген сұрақтың төңірегінде ой тарқату. Дегенмен, мұны көп адам перзент сүйіп, ұрпақ өсірумен, өмірді жалғастырумен байланыстыра қарастырады. Сарраның да түпкі ойы сондай. Ол ұрпақ жалғастығын қалыптастыру үшін өзінің өмірдегі алатын орны мен атақ-даңқынан бас тартуға дайын. Еліне еге, халқына қалқан болатын ерлерді қатарға қосу – мерейлі міндет. Қас қылғанда, Жаратқан ие Сарраға мұндай бақытты бұйыртпапты. Дәлірегі, кешегі күң Ажардан туған Смайылдан көп жыл кейін өзі Исақты дүниеге келтіргенге дейін бұған ана атану құдіретін жазбаған екен.
Бір қызығы, Ибраһим пайғамбар мұндай ойдан ада. Ол тек Сарра айтып, айғағын келтіріп бергеннен кейін ғана ойлана түседі. Жалпы, ол шығарманың бүкіл желісі бойына өзінің пайғамбарларға тән сабырлылығы мен салиқалылығына, сөзге құлақ асушылығы мен істің ақырын күтетіндігіне салып, барлық оқиғалардың барысында Сарраның айтқаны мен көрсеткені бойынша жүріп отырады. Ақылдылығы мен адуындылығы астасып жататын айбынды әйелін ол түптің түбінде осылай жеңеді. Бірақ өзі бастаған қайырлы істі дендеп жүзеге асырудың орайында Сарра өзінің әйелдігіне тартып, қырық құбылады, мың өзгереді. Оны ең алдымен әйелге тән қызғаныш пен көре алмаушылықтың жалын-өрті шарпып, көп жағдайда ақыл-санасын тұмандатып жіберіп жатады. Міне, Сарра мен Ажардың осылайша құбылған және жастық кезеңдерін көрсету барысында режиссер оларды үш тұрғыдан қарастырып, өте бір жақсы тұжырым тапқан. Осылайша бір қойылымның барысында ол Сарра мен Ажарды үш түрлі кейіпте алып, үш бірдей актрисаны сахнаға шығарады. Олар жас ерекшеліктеріне қарай белгілі бір уақыттың шеңберінде шектеліп қалмай, бір-бірлерін ұдайы алмастырып отырады. Себебі, спектакльде бір-бірімен тікелей қиыспайтын бірнеше линия кезек-кезек келіп тұрады. Осы сапырылыста Сарра бірде сахнаға Әз Ана болып шықса, тағы бірде Құт Ана кейпінде көрінеді. Мұндай гипертрофиялық образға айналған Ажардың бір мезет Бибі Ажар болып кетсе, тағы бірде Бикеш ретінде төбе көрсететіні бар. Бұл – режиссердің қойылым құрылымы жағынан ұсынған бір жаңалығы. Дұрысы, бұрыннан бар тенденцияны өте орынды пайдалана білуі. Жалпы, спектакльде бірнеше актрисаның қатысуымен бір рөлді перформанстық пішімде пайдалану біршама сәтті шыққан. Қоюшының тағы бір жетістігі – пьесадағы кейіпкерлер арасынан тек осы үш тұрпаттағы Сарра мен Ажарды ғана сахнаға шығарады. Ал Ибраһим пайғамбарды жаңғырық даусы арқылы береді. Бұл бір жағы режиссердің пайғамбарларды сахнадан көрсетуге болмайтыны сияқты жазылмаған ережені жақсы білетінін білдіреді.
Драманы сахналау үшін арнайы Ақтаудан шақырылған Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық театрының режиссері Гүлсина Мерғалиева қазіргі заманғы талаптарға сай қойылым шығарған. Спектакль заманауи талаптар мен тілектер деңгейінен табылу жолында барынша жаңартылған, жаңғыртылған қалыпта көрсетілді. Біздің бұл сөзімізге суретші Берік Бүрбаев жасаған сценография да анық айғақ. Асып-тасып бара жатқан декорациясы жоқ сахна бәрібір оншалықты жұтаң болып көрінбейді. Себебі, ондағы әрбір заттың өз символдық мәні мен белгілері бар. Осындай аз-маз дүниені тек керекті заттар ғана құрайды. Мысалы, Ажар апарылып тасталып, Смайылды дүниеге келтірген Сафа және Марва тауларының аралығындағы аңғарға келгенде, біз сахнадан тек әртүрлі қойтастарды ғана көреміз. Ал осы тастардың бірін қозғап қалғанда, аспанға шапшып атқан тас бұлақ өте керемет берілген. Арнайы эффект құралдарымен жасалған сол көріністе шынымен жер астынан бұрқырап бұлақ шығып жатқандай әдемі әсер қалдырады. Режиссер, сондай-ақ, грек мифтерінде кездесетін Олимп тауы етегіндегі адам тағдырын шешуші әйел – Мойраның әрекетін Сарраға телу арқылы ұтып кеткен. Сахнада Сарра шиыршықталған орама жіпті төмен салбыратып жіберіп тұрып, адамзат өмірінің жалғасын шешуге тырысады. Егер жіп үзіліп кетсе, жердегі ғұмыр да үзіліп кетпек.
Қойылымда үш Сарра мен үш Ажарды сомдаған актрисалардың барлығы да атап өтуге тұрарлық. Айталық, Сарраны бейнелеген «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева, Әз Ананы алып шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйла Бекназар-Ханинга, Құт Ананы сомдаған Жастар одағы сыйлығының лауреаты Майра Омар жөнінде сөз бөлек. Сол сияқты Ажарды ойнаған Гауһар Жүсіповадан бастап, Бибі Ажарды бейнелеген Айнұр Бермұхамбетова мен Бикеш рөліндегі Алтынгүл Серкебаева жөнінде де осыны айтуымызға болады. Әртістер автор мәтінінің ерекшеліктерін жете түсініп, сөздерді бұзбай бере білген.
Жазушы-драматург Роза Мұқанова өзінің бұл пьесасы арқылы қазір әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан үшін де өзекті мәселелердің бірі болып отырған демография жайына біздің назарымызды аудара кетеді. Ол бұл проблеманың дұрыс шешілуі үшін әйел-ананың қоғамдағы алатын орнына көңіл бөлу керектігін еске салады. Осы идеяны жеткізуде автор мен режиссер өз қаһармандарына санадан тыс еркін стихияны артып қойып, өзін өзі ұмыту мен төзімділіктің, бағыныштылық пен табандылықтың арасындағы шекті зерттейді, кімнің түбінде махаббатқа қол жеткізіп, кімнің одан айырылып қалатынын анықтайды. Осылайша драмада құмарлық пен құштарлықты іздестіруге бағытталған әлдеқандай бір эксперименттен адам жүйесінің басты сезімін сынақтан өткізетін спектакль көрерменнің көңіліне жылы ұялап қалды.
Жаңагүл СҰЛТАНОВА,
театртанушы
АСТАНА