01 Ақпан, 2011

Қылмысқа қаталдық – адамға қамқорлық

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елдің жеткен табысын айт­қанда, кейбіреулер оны ар-тық мақтандай көреді. Біле білсек, ол біздің жүріп өткен жолымыздың дұрыстығының дәлелі. Президент келтірген мына бір цифрды аттап өту қиын. 1994 жылы елімізде ішкі жалпы өнімнің мөлшері жеті жүз доллардан шамалы ғана асқан екен, биылғы жыл ба­сында ол 9 мың АҚШ дол­лары­нан асыпты. 12 есе өсіп­ті! Мұндай өсім тәуелсіздікке қолы жеткен ешбір елдің ал­ғашқы 20 жылында болмаған екен. Жұрт өнеге тұтып айтар Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур елдерінде де мұн­дай өсім қарқыны болмаған, тіпті жартысына да жетпепті. Құқық қорғау саласының адамдарын да сол табыстар тебірентеді. Осынау үлкен істе олар да өздерінің үлесі бар деп есептейді. Біз ісімізге кедергі келтіретін қылмыстарға қарсы күрес арқылы үлкен міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосамыз. Бұл жайында Президент Жолдауында да айтылған. Әсіресе, Елбасының сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы айт­қандарын халық айрықша құптап қарсы алатыны анық. Расында да, соңғы кезде бұл күрес жаңа сипатқа ие болды. Қармаққа шортандардың іліне бастағанын халық құптап отыр. Соңғы екі жылда рес­пуб­ликалық деңгейдегі 40-тан астам басшы, 250-ден астам облыстық, қалалық деңгейдегі басшылардың жемқорлыққа бай­ланысты қылмыстық жауап­қа тартылуы талайларды қыл­мыстан тартынуға мәжбүр етті. Тіпті министрлер, небір түкі­рігі жерге түспейтін компа­ния­лардың басшылары да жазадан құтылмады. Енді кім де болса, заңнан аттаған күнде жа­задан құтылмайтын күн туды. Жұрт сот адамдарын жаза­лаушыдай, қатыгездеу көреді. Әсте де олай емес, қылмысқа қа­талдық ол ең алдымен адам­ға қамқорлық деп қабылдаған жөн. Ешкім де адамдардың құқына, меншігіне қол сұқ­пауға тиіс. Ол үшін жазала­на­тынын сезінуге тиіс. Сонымен қатар, қылмыстық заңды­лық­та қайырымдылыққа айрықша мән беріле бастады. Қоғамдық қауіп тудырмайтын қылмыс­тарға еркінен айырмайтын жаза қолдану ойластырылуда. Соның арқасында биылдың өзінде жеңіл және орташа қылмыс жасаған 2 мыңдай адам еркінен айыру орын­дарынан босатылатындығын халық қолдайтыны анық. Жолдауды тыңдағанда, көп­теген ойға келдік. Өт­ке­ні-мізді екшеп, алдымызға қарадық. Сірә, жұрттың бәрі солай етті ғой деймін. Қалдарбек ДОСЫМБЕТ, Медеу аудандық сотының төрағасы. Алматы қаласы.