Азат ету операциясын бастады
Ирак әскері «Ислам мемлекеті» экстремистік топтарының бақылауындағы Фаллуджа қаласын қайтарып алу операциясын бастады. Бұл қала ел астанасы – Бағдадтан батысқа қарай шамамен 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан.
Кейбір ақпараттар бойынша, сүнниттер басым шоғырланған Феллуджада әлі 50 мыңға жуық бейбіт тұрғын қалған болуы керек. Бұған дейін Ирак билігі Фаллуджа маңына әскер шоғырландыру жұмысын аяқтағанын мәлімдеген еді. Ирактың шиитерден жасақталған полициясы мен АҚШ бастаған коалицияның әуе күштерінің қолдау көрсетуімен жүргізіліп жатқан Фалллуджаны азат ету операциясы 22 мамырда басталған болатын. 2014 жылдың басында «Ислам мемлекетінің» содырлары Фаллуджаны басып алып, алты айдан соң Ирак пен Сирияда өздері бақылайтын аумақта «ислам халифатын» құрғаны жарияланған-ды.
Сириядағы зардапқа кім кінәлі?
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Ресей, Иран және АҚШ-тың Сирия дағдарысына киліккендерін сынға алып, олардың Сирия президенті Башар Асадты биліктен кетіруге құлықсыздығы сириялықтарға зардап шектіріп отыр деп мәлімдеді.
Түркия басшысы осы мәселе туралы 29 мамырда Осман империясының Византия астанасы – Константинопольді (қазіргі Ыстанбұл) алуының 563 жылдығын атап өтуге арналған жиында айтқан. Бұдан бөлек, таяуда жарияланған сириялық күрд полициясы жасақтарының айырым белгісі бар америкалық сарбаздардың суреттеріне қатысты Реджеп Тайып Ердоған АҚШ әскерлері «террорлық ұйым өкілдерінің киімін кимеуі тиіс» екені жөнінде де пікір білдірген еді.
Ұсынылуға дауыс жеткілікті
Миллиардер Дональд Трамп Республикашылдар партиясынан өзінің АҚШ президенттігіне кандидаттыққа ұсынылуын қамтамасыз етті, деп хабарлады «Ассошитед пресс» ақпарат агенттігі.
Қазіргі кезде ол 1238 таңдаушының қолдауына ие болыпты. Бұл кандидаттыққа ұсынылған қажетті дауыстан бір дауысқа артық. Партияның съезі 18-21 шілде аралығында Кливлендте (Огайо штаты) өтеді. Трамптың консерваторлардан кандидаттыққа бірден-бір үміткер болатынын, оның соңғы бәсекелесі Джон Кейсик өзінің кандидатурасын алып тастағаннан кейін-ақ белгілі болды. Бастапқыда кандидаттыққа ұсынылу үшін консерваторлардан 17 адам бақ сынаған еді. Ал АҚШ президентінің сайлауы осы жылдың 8 қарашасында өтеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Австралияда құтқарушылар түн мезгілінде суда жүзіп жүргенде қолтырауын сүйреп әкеткен әйелді іздестіруде. Қайғылы оқиға Квинсленд штатындағы Дэйнтри ұлттық паркі аумағында болған.
* Венесуэланың батыс бөлігіндегі Трухильо штатында қарулы топ 11 тұрғынды үйінен күштеп аулаға шығарып, атып тастаған. Құрбан болғандардың барлығы ер адамдар. Оларды не үшін өлтіргені жайлы қазірге ақпарат жоқ.
* Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елдің ішкі істер министрі Мэльс Турганбаевтың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Оның отставкаға кету себебі белгісіз болып отыр.
* Сауд Арабиясы Иранның қажылыққа байланысты қойған талаптарын қабылдауға тұрарлық емес деп атады. Бұдан сәл бұрынырақ Теһеран Эр-Риядты «Аллаға апаратын соқпақты жапты» деп айыптаған еді.
Бір аптада – 700 адам...
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының мәліметтеріне қарағанда, соңғы бірнеше күн ішінде Еуропа жағалауына жетуге тырысқан 700-ден астам адам Жерорта теңізіне батып кеткен.
Негізінен олар теңіз суларында адам тасуға арнайы жабдықталмаған кемелердің батып кетуі салдарынан қазаға ұшыраған. Адам өліміне соқтырған мұндай қайғылы оқиғалар негізінен Италия жағалауының оңтүстігінде орын алған. Агенттіктің Италиядағы өкілі Карлотта Самидің хабардар етуінше, кемелер бортына тиісті мөлшерден ондаған есе көп адамды тиеп алады. Оның соңы кеменің суға батып кетуіне соқтырып жатады. Агенттік өкілінің есептеуі бойынша, жыл басынан бері Жерорта теңізінде суға бату салдарынан 1,5 мыңнан астам мигрант қаза тапқан. Кейбір мәліметтерде Еуропа елдеріне келген мигранттардың саны 1,5 миллионнан асып кеткені айтылады.
Жаңа басшысына ант берді
Ауғанстанның оңтүстігінде 500-ден астам содыр «Талибан» терроршыл ұйымының жаңа басшысы Хайбатулла Ахундзадеге ант берді. Бұл жөнінде «Интерфакс» ақпарат агенттігі хабарлады.
Экстремистер қозғалыстың жаңа жетекшісіне ант беру үшін Баглан провинциясындағы Данд-Гури уезіне жиналған. «Талибанның» жаңа басшысы Хайбатулла Ахундзаде ұйымның бұрынғы жетекшісі Ахтар Мансұрдың көзі жойылғаннан кейін осы терроршыл қозғалысты қолына алып отыр. Ант беру рәсімі ауғандық «Ариана-ТВ» телеарнасы арқылы көрсетілген екен. Провинциялық кеңестің мүшелері осыған байланысты орталық және жергілікті биліктің әрекетсіздігіне ашу-ыза білдіріп, «Данд-Гури уезі терроршылар үшін баспана болды» деп мәлімдеген. Ал кейінірек Баглан провинциясының губернаторы Абдулсаттар Бориз күш құрылымдары бірнеше күннен бері өңір аумағын содырлардан қорғап жатқанын хабарлады.
Азаматтарын қажылыққа жібермейді
Иран Ислам Республикасының мәдениет министрі биыл ел азаматтарын Меккеге қажылық жасауға жібермейтінін мәлімдеді. Бұл ақпаратты Би-би-си таратты.
Министрдің сөзіне қарағанда, Сауд Арабиясының билігі түрлі кедергілер жасау арқылы ирандықтардың қажылық борыштарын өтеп қайтуларына бөгет жасап жатқан сияқты. Өткен жылы қажылық кезінде 770-тей адам қаза тауып, 934 адам жапа шеккен. Мерт болғандардың ішінде 130 ирандық болған. Министрдің айтуынша, Сауд Арабиясының билігі қажылықты ойдағыдай ұйымдастырмады және қажылыққа барған мұсылмандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдамады. Екі мемлекет арасындағы кикілжіңнің өрши түсуіне осы өңірдегі бәсекелестік те себеп болып отыр. Оның үстіне Иран мен Сауд Арабиясы Сирия мен Йемендегі әскери қақтығыстарда бір-біріне қарсы екі тарапқа да қолдау білдіруде.
Интернет материалдары негізінде әзірленді