31 Мамыр, 2016

Сабырлылық пен шүкіршілік – мұсылман айнасы

478 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сабырлылық пен шүкіршілікАлдағы 31 мамыр күні өте­тін «Дін терроризмге қарсы» халық­­аралық конференциясы қар­саңында қолыма қалам алып иман­дылыққа, адам­­гершілікке, ізгі­лікке тәрбиелеу ту­ра­­лы қысқа да болса нұсқа ой-пі­кір білдіргенді жөн көріп отырмын. «Отанды сүю – иманнан» дейді ақиқат дінінің қауымы. Иман – адам­гершіліктің арқауы болса, адам баласының өзін өзі тәр­биелеу ісі, сол адамгершілікті қалып­тас­­­ты­­рудың алғышарты болмақ. Сана­лы жаратылыс иесі болған адам баласының Жаратушы Иесі алдын­дағы сыналар тұсы да осы тәр­бие мәселесі болмақ. Ата-ана­дан, қоғамнан, аралас-құралас орта­дан алған тәрбиеден бөлек, өзін өзі тәр­биелеу ісінде атқарған істері, еткен амалдары сын безбеніне салынады. Тәрбиелі болудың ең алғаш­қы­сы – өзіңді жаратқан Алла тағала­ның разылығы үшін өмір­дегі қиын­дықтарға төзу, шыдам­дылық ету. Бұл ұғымның араб тіліндегі мағынасы – сабыр­лылық. Алла тағала Құранда мұсыл­мандарға тән сипатының бірі – сабырлылық деген (Рағд сүресі, 22-аят). Жал­пы, сабыр­лы­лық дегеніміз – мұсыл­манның тіршілікте кездесетін қиындық пен зорлыққа қажымай қарсы тұруы. Мақсатына жету жолында таусылмай еңбек етуі. Алла тағала біздің сабырлы болуы­мызға мұқтаж емес. Керісінше, біз қиын­дыққа сабыр сақтау арқылы Алла тағаланың жарылқауына қол жет­кізгенге мұқтажбыз. Асыл дініміз бен  хадис­­тері­мізде адам баласын осы игі қ­асиет­ке баулитын мысалдар же­тіп-артылады. Ислам дініндегі са­быр­­лылық туралы айтылған Құран аяттары төмендегідей тіз­бек­те­леді: «Имандылық екі жар­ты­­дан құралады. Бір жартысы – сабыр­лылық, екінші жартысы – шүкіршілік», «Сабырлы­лық иман­­дылықтың жартысы», «Адам­­­дармен қатынасып, олар­дың жағымсыз қылықтарына сабыр еткен мүмин, адамдармен қатынасын үзген және олардың жағымсыз қылықтарына сабыр етпеген мүмин­нен артық», «Алла тағала айтады: «Жақсы көрген адамын алғаннан кейін Тәңірінің сауабынан үміттеніп сабыр еткен мүмин пендем үшін жәннаттан басқа берер сыйым жоқ», «Алла тағала айтады: «Сынап, екі көзінен айырғанымда сабыр еткен пендеме, екі көзінің есесіне жәннатты сый етемін», «Алла тағала жақ­сылық қалаған пендесін түрлі жолмен сынайды», «Ақиқатында, зор сауап ауыр сынақ үшін бері­леді. Расында, Алла тағала бір қауымды жақсы көретін болса, оны түрлі жолмен сынайды. Сонда кім разы болса, сол Алла тағаланың рақы­мына бөленеді. Наразы бол­ған Алла тағаланың қаһарына ұшы­райды». Бұл бір парасы ғана. Көріп отырғанымыздай, сабырлылық дініміздің тірегі болып негізделген. Ақиқатында Алла тағала адам баласы өзіне бойұсынғаннан кейін, біреуге қайғы жіберіп, ал біреуге мол нығмет беру арқылы имандарының қаншалықты шынайы екенін сынайды. Ал кім осы сынаққа сабырлылық таныт­қан болса, бұл оның иманы­ның шынайы екеніне дәлел. Кері­сін­ше, кімде-кім сабырлылық таныта алмай, күпірлікке бой алдырса, иманының кемшін екендігін білдіреді. Яғни, адам жаны күйзе­ліске ұшыраған сәтте байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы – Ұлы Жаратушының құзырындағы іс. Біз бүгін сабырлылық мәсе­лесіне неліктен ден қойып отырмыз? Өйткені, бүгінде ел арасында сабырсыздар көбейіп бара жатқан сыңайлы. Босқа даурықпай, барлық мәселені ақылмен, пайым-парасатпен шешуге ұмтылғанның ұтыл­майтыны анық. Себебі, бұл дүниеде ешнәрсе өздігінен болып, өздігінен іске аспайды. Барлығы Жаратушы Жаббар Иеміздің бұйрығымен болып, орындалады. Тағдыр да, болмыс та, жыл мезгілдері мен Ай мен Күннің, Жердің қозғалысы да бір Алланың қолында. Ғаламдардың Иесі болған Ол біздің елімізді ғана емес, барлық әлемді жаратты. Ірісін де, ұсағын да, кеудесінде жаны барын да, жаны жоғын да – бәрін бір-біріне тәуелді етіп, бір бүтін жасады. Бүтінді игеру үшін топырақтан жаратылған құлына жан бітіріп, саналы етті. Оған таңдау мүмкіндігін беріп, істеген әрбір амалымен Жаратушысына бойұсынған құлының мерейін үстем етті, ал көкірегін менмендік меңдеген пенделерін түпсіз тұң­ғиыққа батырды. Сабырмен қаралған түйіннің шешілмейтін тұсы жоқ. Жеткен табыстарымызға шүкір айтып, берекелі бірлігімізді адал ырзық-несібемізбен бекемдей білейік. Әрбір мемлекетшіл тұлға сабырлы болуы керек екендігін есте ұс­тап, өзімізді осы игі амалға тәрбиел­ейік! Ахметжан қажы КЕРІМБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы ШЫМКЕНТ