02 Маусым, 2016

Қазақстанға Британиядан лорд Фрэнсис Мод келді

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
02-06-16-lord mones АСТАНА. 2 маусым. Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына Ұлыбритания елінен лорд Фрэнсис Мод келді. Бұл туралы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірасилов лорд Фрэнсис Модты қабылдады. Кездесу барысында Френсис Ұлыбританияның министрлер кабинетінде мемлекеттік қызметтің дамуына жауапты болғанын және осы салада бірқатар реформалар жөнінде бастама көтергенін, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесіне инновацияларды енгізумен айналысқанын айтты. Нәтижесінде мемлекеттік жобалар мен бағдарламалардың аудит жүйесі енгізіліп, ірі жобаларды басқару жөніндегі арнайы агенттік құрылған. Бүгінде оның басшылығымен көшбасшылық академиясы ашылған және Оксфорд университетінің Саид бизнес-мектебімен бірлесіп мемлекеттік органдардың басшыларын жобалық басқару бойынша оқыту үшін арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеген. Бұл Ұлыбританияда икемді жобалық басқару қағидаттары мен оларды бағалау жүйесін қысқа мерзім ішінде енгізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру тиімділігін тексеру нәтижелері туралы есептерді тұрақты түрде жариялау енгізіліп, азаматтардың мемлекетке деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етті. Осылайша, ұлттық жобаларды басқару бөлігінде, үкіметтің ашықтық және айқындық қағидаттары іс жүзіне асырылды. Ректор Болатбек Әбдірасилов академиядағы оқу процесін жаңғырту, мемлекеттік қызметшілерді оқытуда инновациялық тәсілдерді енгізу, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізу бойынша жаңа бастамалар әзірлеу барысы туралы және Ұлыбританияның мемлекеттік органдарымен, оқу орындарымен, сондай-ақ, британдық мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық менеджментті енгізумен айналысқан компаниялар төңірегінде өзара іс-қимыл тәжірибесін баяндады. Кездесу соңында лорд Мод академияның қызметіне жоғары баға берді және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік органдарының басшыларына арналған жобалық менеджмент бойынша семинарлар циклін ұйымдастыруға қызығушылық танытты. Талғат Райымбек. Дерек: Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі. Фото: inform.kz.