03 Маусым, 2016

Әділет жүйесі жетіліп келеді

247 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Казмедиа-үлкенКеше Орталық коммуникациялар қызметінде Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина мемле­­кеттің заңшығарушылық қызмет­тегі рөлі туралы айтып берді. Ви­це-министрдің сөзінен белгілі бол­ғандай, жыл сайын Әділет министр­лігіне 70 заң жобасы, 2 мыңға тарта Президент пен Үкімет акті­лерінің жобасы және 10 мың­нан астам орталық және жергі­лікті органдар актілері түседі екен. 2015 жылы әділет органдарының әлеуеті «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парын­дағы Елбасы тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталды. Осыған сәйкес заң­дық құжаттың тұжырымдамалық жобасы әзірленіп жатқан кезден бастап талқылауға түсетіні ерекше аталды. Вице-министр, бұл ретте, заң жобасын әзірлеуші органның интернет ресурсында заңдық құжаттың тұжырымдамалық жобасы орналастырылатынын, жеке азаматтар мен ұйымдар онда өздерінің өтініштері мен келіспеушіліктерін жазбаша түрде ұсына алатынын жеткізді. Оның үстіне жақында «Электронды үкімет» сайтынан нормативтік-құқықтық актілердің порталы ашылса, мұнда да заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар көрсетілген заңдық құжаттар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мәтіндері көрініс тауып отыр. Сондықтан да жеке азаматтар аталған порталда заң жобаларының тұжырымдамалық жобасына және өзге де нормативтік-құқықтық актілер жобасына өз ұсыныстарын жолдай алады. З.Баймолдинаның айтуынша, егер заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган ұсынған заңдық құжат жобасы талқылаудан өтпеген болса, онда олар кері қайтарылады. Мысалы, 2015 жылы 7 заң жобасы мен бір тұжырымдамалық жоба, ал ағымдағы жылдың осы кезіне дейін 3 заң жобасы мен 10 тұжырымдамалық жобасы осылайша кері қайтарылған. Негізінен, заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органға ұсыныстар мен тілек­терді жолдаған кезде олар жіті қаралып, қабылдануы немесе себебі түсіндіріліп қабылданбауы мүмкін. «Бұл ретте жеке азаматтар мен ұйымдар нормативтік-құқықтық актілер жобасын өздері де әзірлеп, мемлекеттік органдар қарауына ұсынуға да мүмкіндік бар. Алайда мемлекеттік орган заңдық құжат жобасын жарамсыз деп тапса, онда оған жазбаша түрде негізделген жауап қайтаруы тиіс», деп атап өтті Зәуреш Хамитқызы. Вице-министр орайы келгенде барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанынан құрылған қоғамдық кеңестер арқылы заңшығарушылық процесіне қатыса алуға болатындығымен де бөлісті. Екінші заңшығарушылық процесіне қатысу мүмкіндігін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асыруға болады екен. Қоғамдық кеңестер ұсыныстары және ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы нормативтік-құқықтық актілердің міндетті қосымшасы болып табылатынын да қаперге сала кеткен орынды. Үшінші мүмкіндік, Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия арқылы жүзеге асырылады. Аталған ведомствоаралық комиссияның жұмыс органы – Әділет министрлігі. Комиссия барлық тұжырымдамалық жобаны қарап, одан кейін заң жобаларын әзірлеуге көшеді. Оның құрамына үкіметтік емес сектор өкілдері, мемлекеттік органдар өкілдері 38 пайызды құрамақ. Сондай-ақ, елімізде нормативтік-құқықтық акті­лердің эталондық бақылау банкі құрылса, енді қабылданған барлық нормативтік-құқықтық актілер мен заңдар осы эталондық банкте жарияланады. Барлық нормативтік-құқықтық актілер мен заңдық құжаттар мәтіні баршаға тегін әрі қолжетімді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»