02 Ақпан, 2011

Жұрт тілегі – іске тірек

547 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Абай ауданындағы Топар кенті  бұрын аудан орталығы болатын. Сол мәртебеден ажыраған уақытта біраз қиындықтар береке кетірген еді.  Тұрғындардың бірқатары  жан-жаққа  қоныс аударып,  құлдырауға шақ қалған-ды.  Қазір соны көргендер болмаса өсіп келе жатқан ұрпақ  біліңкіремейді. Энергетиктер қалашығы саналатын  ол бұған дейінгі қалпына еніп, кескін-келбеті жылдан-жылға  көркеюде. Аудан әкімі Еркебұлан На­ша­ровтың есеп беруі алдында бас­қосуға жиналғандардың  жер­­гілікті көші-қон полициясы және бір орталықтан  қызмет көр­сету ғима­раттары  ашы­луы­на  куәгер болуы да  өзге­ріс­терге берік  бетбұрыс­тың жаңа бір нышанын танытты. Өңірдегі  жалпы жағдайға құ­лағдар  әрі  аудандық газет ар­­қылы таныс жұрт есепті баян­даманың қысқа да нұсқа жа­са­луын, аймақ  басшысы әңгі­ме­нің ұсыныс-тілектер, ашық  пікірлер төңірегінде өрбуі пай­да­лы болмақтығына ой тастауын жылы қабылдады. Осыны күт­кендей сөз кезегі микрофон ал­дына шығушылардың бірінен соң біріне тиіп жатты. Әкім­дердің көпшілікпен кездесулеріне алты жылдан бері үйреніп, тағатсыздана тосып жүретін жа­мағат осындайда емен-жар­қын тілдесіп қалуы әсерін  білетіндіктен, бұл жолы да көңілдегі мәселелерді ірікпеді. Ал олар аңғарылғандай кент тыныс-тір­шілігінде  аз емес екен. Топарлықтар  көше жол­дарының нашарлығына көптен ренішті.  Жыл сайын жөнделіп жат­қандай болады.  Бірақ,  аз уа­қыттан соң қайтадан таз қал­пына түседі. Іс қолға алынған екен  тың­ғылықты атқарылу керек емес пе. Кентіміздің таза­лығы да көзге  қораш. Боса-бол­масын  ауыз су, жылу құбыр­ла­рын қал­пына келтіру уақыт та­лабы, деп бір тоқталған байыр­ғы тұрғын Светлана Когурская, сондай-ақ қалашықтың кешкісін түн қараң­ғы­лығына  бөле­не­тіндігін, көше­лер мен үйлер ара­сында жарықсыз жүру қауіпсіз емес­тігін  де сыни тұрғыда айналмай өтпеді. Ол, сонымен бірге, ба­лаларды ұзар­тыл­ған оқу топ­та­рына тарту қажет­ті­лігін  еске сал­ды. Ата-аналардың кө­бі күндізгі мезгілде  жұмыста бо­ла­тын­дық­тан,  бұл ойласарлық  жай  екені аталды. Соңғы жылдары кент тұрғын­дары қатарын толықтырушы­лар­дың арасында ата-баба мекеніне оралушы ағайындар көп. Олар қарсы алушылардың  кең құшақ­ты қамқорлығы арқасында  жаңа ортаға тез сіңісіп жатыр. Алайда, Қытайдан қоныс аударған Дәурен Сейілхан ақсақалдың ортаға сал­ғанындай кейбір кірбің жайлар да баршылық. – Әрқайсымыз  азын-аулақ мал ұстауға тырысамыз.   Жаңа­дан орналасып жатқан бізге үй  тү­лігі  үлкен қолдау. Өкінішке  қарай, соны бағатын жер тар. Көп ретте біреудің жекеменшік жер теліміне  түсіп кетесің. Өріс ке­ңей­туге  мұрсат етілмейді.  Қой мен сиырды қашанғы бір орынға шиырлай бересің. Мал өсіріп, тұр­мысымызды түзетіп әкетейік десек осы жағы қинайды, – деді ол. – Мен Топардың ертеден бергі тұрғынымын. Несін жасырайын, кейінгі кезде тәртіп жайы бо­саңсып кетуіне қатты қынжыла­мын. Мекенімізде бүгін­де не көп, дүкен көп. Солардың алды, әсі­ресе, кешкісін жасөспірімдерге  толы. Ешқайсысының жас шама­сы сұралмай  арақ, темекі сатыла  салады. Соның салдарынан ұрыс-жанжал, төбелес кездеседі.  Бұ­рын  жаз бау-бақ­шаға малынар  саяжайларымызды мақтаныш  тұ­тушы едік. Енді қа­зір көрсетуге  ұяласың, баруға тайсақтайсың. Еккенімізді тонап, салғанымызды қирату еріккеннің ермегіне айналғандай. Мұны талай айтып бағып жүрсек те  елеп-ескеруші  тәртіп сақшыларынан ешкім жоқ, – деген Серікбай Ілиясов отағасы сөзі  жиналғандардың ор­тақ  ой­ын­дай естілді. Зейнеткер Раиса Корсунская  өз тарапынан  тұрғын үйлердің бі­рінші қабаттары  қалай болса солай дүкендер мен дүнгіршек­терге, дәмханаларға айналып жа­туына байланысты бұлардың сол үйлерге қатер төндіретіндігіне  алаңдаушылық  білдірді. Өйткені, мұндай өздігінен өзгертулер  әдет­те тиісті орындардың рұх­са­тынсыз, яғни,  бұған сәйкес  ере­же-талаптар сақталмай  сырт  ай­­налып жүргізіледі. Мұның арты  онсыз да талай жылдан бері пайдаланыстағы ескі үй­лердің аяқ астынан құлап қа­луына соқтыруы  кәдік делінді. Сөз сөйлеушілер ішінен  осы­лайша өз пікірлері  мен ша­ғымдарын ірікпей жайып салу­шылар аз болмады.  Осындайғы кездесулерде кейбір жерлерде шындықты шымбайға батыра айту оншалықты жақтырылмай­тындығы   барын жасыруға болмас.  Ал  Топардағы жиында жұрт тілегі мұқият тыңдалып, ара-ара­сында  түсінік  жасалып,  оған қатысушы аудан  мекемелері бас­­шыларына көздерінше тап­сырмалар  беріліп  жатты. Айт­қандары құлаққа жетіп, көңілге түйілуі  жұрт сенімі мен үмітін үл­кейткендігі сезілді. Айтпақшы, кездесу алды жо­ғарыда аталғандай екі жаңа ғи­мараттың қатарға қосылу қуа­ны­шымен басталса, соңында жер­гілікті  «Астро-Агро» ЖШС  картопты аудан тұрғындары үшін 1 килосын  70 теңгеден   са­туды ұйғарғаны туралы хабар ризалықпен қабылданды. Кө­көніс өндірушілер де өз өнім­дері түрлеріне бағаны ырықта ұстауды ұйғарыпты. «Жұрт тілегі – ісімізге  тірек» деп сөз қорытындылап, бел­гіленетін іс-шараларды  жыл­дың басты жиналысына қатысушы­ларға мәлім еткен  аудан әкімі ашық әңгіменің ал­дағы жұмысқа ықпалы зор болмақтығын атады. Елге сертті ақтау мен орындаудан артық қандай борыш бар, әрине. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы.