07 Маусым, 2016

Экстремизмге орын жоқ

352 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
82076_main Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде жексенбіде Ақтөбе қаласында болған лаңкестік оқиғаға қатысты қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері өздерінің үндеуін жариялап, мәлімдемелерімен таныстырды. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының бір топ мүшесі өткен брифингке Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясы Төрағасының орын­басары – Қазақстан халқы Ассам­блеясы Хатшылығының меңге­ру­шісі Ера­лы Тоғжанов, Парла­мент Мәжі­лісінің депутаттары Сауыт­бек Абдрахманов, Ахмет Мурадов жә­не ҚХА Кеңесінің мүшелері Ана­толий Башмаков пен Айгүл Сәдуақасова қатысты. Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі экс­тремистік сипаттағы келеңсіз оқиғаға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі өзінің отырысын өткізіп, үндеу қабылдағанын, онда экстремистік сипаттағы әрекеттерді айыптайтынын жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары сөзінің соңында қалың жұртшылықты қауіпсіз және тұрақты Қазақстанды нығайту және дамыту жолындағы Елбасының сындарлы саясатының айналасына ұйыса түсуге, қыра­ғылық пен сабырлылық танытып, тұрақтылықты сақтауға шақырды. Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде діннің атын жамылған лаңкестерде қасиетті ештеңе жоқ екендігін қадап айтты. «Бұл оқиға Оразаға бір күн қалғанда орын алды. Осының өзі дінді бетперде етіп ұстанған адамдар үшін қасиетті ештеңе жоқ екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, бұл оқиғалардан әрбір қазақстандық сабақ алуға тиіс. Ең алдымен, біз мемлекетіміздің зайырлы сипатын, Конституцияда жазылған зайырлы мемлекет деген атымызды толық қалпына келтіру жөнінде көп жұмыстар атқаруымыз керек. Ақтөбедегі оқиға осыны тағы да еске салады. Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі әрбір қазақстандықты сабырлы, қырағы, ынтымақшыл болуға, қашанда еліміздің басты байлығы – достықты көздің қарашығындай сақтауға шақырады. Осы үндеу үлкен әңгіменің басы деп ойлаймыз», деді. Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмет Мурадов өз сөзінде еліміздің қай түкпірінде болған оқиғаның әрбір қазақстандыққа қатысы бар екенін айта келе, радикалдық, экстремистік, лаңкестік әрекеттерге тиісінше жауап беру қажет екендігіне тоқталды. Оған елдің мызғымас бірлігі арқасында мықты тосқауыл қоюға болатындығын жеткізді. «Аталған оқиғаға қатысты құзырлы орындар тарапынан қабылданған шешімдер алдағы уақытта оның қайталануына жол бермейді деп сенеміз», деді Мәжіліс депутаты. «Кез келген проблема конс­ти­туциялық және бейбіт жолмен, құқықтық тәсілмен шешілуі тиіс. Ақтөбеде орын алған оқиғаны айыптай отырып, алдағы уақытта қазақстандықтарды қырағы болуға, патриот болуға шақырамын», деп түйіндеді өз сөзін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анатолий Башмаков. Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуа­қа­сованың айтқаны зерттеу барысында нақтыланған халықтың пікірімен астасып жатты. «Жалпы, қазақстандықтар өздерінің ой-пікірлерін білдіргенде, елімізде бірлік болсын, елімізде мызғымас ынтымақ болсын дегенді көбірек айтады. Бұл – әлеуметтанушылар тарапынан зерттеу жүргізілгенде жиі кездесетін тұжырымдар. Сон­дық­тан Ақтөбеде болған оқиғаны сарапшы ретінде қарастырсақ, халық мұндай лаңкестік оқиғаларға жол бермеуге, осыған бір халық болып, бір ел болып, бәріміз бірге қарсы тұрайық деген пікірлерін айтып жатыр», деді. * * * Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов бұл зұлымдық әрекетті бір шеті ұрпақ тәрбиесінде кеткен кемшіліктен екендігімен, ата-аналар жауапкершілігінің төмендеп кеткендігімен түсіндірді. «Ақтөбеде болған жағдай бәрімізді үлкен уайымға салды. Бұл жағдай бәрімізді біріктіру керек деп есептеймін. Ең бастысы, біз қазір елдік мүддемізді, ынтымақтастығымызды көрсете білуіміз керек. Тағы да бір айтарым, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру қажет. Бұл – біріншіден. Екіншіден, біз ата-аналардың жауапкершілігін өте жоғары деңгейге көтеруіміз қажет. Барлығы өздерінің тәрбие жұмыстарына жауап беруі тиіс», деді Нұрлан Ерімбетов. Іскер әйелдер қауым­дас­тығының президенті Раушан Сәр­сем­баева өз сөзінде ел басына күн туған кезеңде бірігу керектігіне баса назар аударды. Еліміздегі бейбіт өмірді шайқалтқысы келетіндерге жол бермей, сол үшін күресуге, үрейге бой алдырмай, елдің тұрақтылығын қорғауға шақырды. * * * Орталық коммуникация­лар қызметінің келесі қонағы Қа­зақ­стан Коммунистік халық пар­тиясының құрметті хатшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев та ҚКХП Ақтөбедегі террористік актіні айыптайтынын жеткізді. «Радикалдық ағымдағылардың террористік әрекетінің кесірінен жазықсыз азаматтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тауып, бірқатарлары ауыр жараланды. Тағылық әрекет қасиетті Рамазан айының қарсаңында болды. Кінәлілер көп ұзамай ұсталып, жазаларын алатынына сенімдімін. Ақтөбеде орын алған оқиға лаңкестікке қарсы көпшілік болып күресу керек екендігіне көзімізді жеткізді», деді В.Косарев. * * * «Бірлік» саяси партиясы төр­аға­сының орынбасары Бауыржан Бөрі­бек «Бірлік» партиясының 5 мау­сымда Ақтөбеде орын алған жалған діни ағымның террор­лық әрекетін қатаң түрде айып­тайтындығын жеткізді. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында жа­сал­ған тағылық оқиға зұлым­дық­тың шегіне жеткен әрекет екендігін көрсетеді, деді ол. Сондай-ақ, Бауыржан Бөрібек партия атынан қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айта отырып, әрі қарай қоғамда ынтымақ мен бірліктің салтанат құруына мүд­делілік танытатындықтарын білдірді. * * * Кезекті брифинг «Ақ жол» демо­кратиялық партиясының өкіл­деріне тиді. Әуелі сөз алған партия төрағасы Азат Перуашев Ақтөбеде орын алған оқиғаға байланысты «Ақ жол» партиясы Орталық кеңе­сінің президиумы арнайы мәлім­де­ме қабылдағанын айта келіп, сөз­ді Парламент Мәжілісінің де­пу­таты Берік Дүйсенбиновқа ұсынды. Берік Дүйсенбинов Ақтөбе қа­ла­сында жантүршігерлік лаң­кес­тік шабуылдан жазықсыз жан­дар­дың опат болғандығын, шабуыл жасағандар жұртшылықты қорқыту, азаматтардың өз мем­лекетіне деген сенімін бұзу мақ­сатын алдына қойғанын атап өтті. «Ақ жол» партиясы болған лаң­­кестік шабуылға өзінің наразы­­лығын білдіреді. Және оны ұйым­­дас­тырушыларды батыл түрде айып­тайды. Қасиетті Ораза айы­ның қарсаңында жасал­ған қанды қырғынды ұйым­дас­тырушылардың шын діни сенім­ге, ислам болсын немесе басқа болсын, ешқандай қатысы жоқ екенін көрсетуде. Біз құқық қорғау ор­гандарын конституциялық тәр­тіпті қолдауға және біздің азамат­тарымыздың құқықтарын кез келген жерде қорғауды қамтамасыз етуге шақырамыз. Біз барлық қазақстандықтарды Ақтөбе өңірінің тұрғындарына ын­ты­мақтастық білдіріп, біздің тәуел­сіздігімізді байсалды да сенімді түрде қолдауға шақырамыз», де­лін­ген «Ақ жол» партиясының мәлім­демесінде. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»