Олимпиаданың басталуына 56 күн қалды
Төрт жылдық циклды жарыстың кезекті кезеңі – Рио-де-Жанейро Олимпиадасы жақындаған сайын әлем жұрты көпшілігінің көңілі асып-тасудан гөрі күдікке көбірек көміліп, ертеңгі күннің қалай боларына қарап бал ашып отырғандай жағдайы бар. Бұған басты себеп – өткен жылдың соңынан басталған допинг дауының дүрмегі әлі күнге дейін басылмай келеді. Бұған құлшына кірісіп кеткен халықаралық тиесілі ұйымдар кеше мен бүгінді қойып, тіпті, ғасыр басындағы Олимпия ойындары уақытындағы нәтижелерді түртпектеуге кірісіп кетті. Осының бәрінің астарында әлдеқандай елдер мен әлдебір спортшыларды әлем алдында айкәпір етіп, жаһандық жарыс алдында дүрліктіріп қоюды көздейтін жымысқы саясат бар сияқты...
Осылардың қоса-қабатында даудың далабасына қаншама елдер мен спорт саңлақтары ілініп жатыр. Сол шарпуға біздің ауыр атлеттер де ілесіп кетті. Олардың саны қазір 6-ға жетті. Соның ішінде алдағы ұлы додадағы басты үміткерлеріміз саналатын екі бірдей Олимпиаданың үздігі Илья Ильин мен Лондон Олимпия ойындарының жеңімпазы Зүлфия Чиншанлоның «күдіктілер тізімінен» көрінуі көңілге біраз қаяу түсіріп тұр. Дегенмен, екі саңлақтың ақталып шығатынынан әлі де үмітсіз емеспіз. Сондықтан құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Ни оларды есептен сызып тастап отырған жоқ.
Мұндай дүрбелең мен зобалаңды тағы бірқатар елдердің спорт жұлдыздары тартып отыр. Осының бәрі алдағы спорт тойы алдындағы өрекпіген көңілді су сепкендей басады. Еңсені езе түсетін тағы бір жайт – бүгінде зика атты дауасыз дерттің дүркіреген бір ошағы Бразилия жері, соның ішінде Рио-де-Жанейро қаласы болып табылады. Осы кесапат кеселдің таралуы жағынан бұл шаһар елде екінші орын алады. Мұны білген бірқатар мамандар қанша уақыттан бері Ойындарды бұл жерден көшіріп әкету жөнінде ой көтеріп, жан-жаққа ұрандатып шапқылап жүр. Әлбетте, осындай тосын тірліктер мен күтпеген кедергілерден кейін осы Олимпиадаға қатысты мерекелік көңіл күйдің бола қоюы да екіталай нәрсе.
Осы екі аралықта Қазақстан спортшылары Олимпия ойындарына қатысу үшін алатын лицензиялары санын тағы екеуге арттырды. Оларды теннисшілер Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева олжалады. Сөйтіп, жолдамалар саны 91-ге жетті. Бірақ әлі еліміз құрамасы бұған дейін қатысқан бес Олимпиаданың бірде-бірінен әзір жолдама бойынша алға шыға алмай тұр. Қазақстан дербес мемлекет ретінде бірінші мәрте қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының өзінде біздің 96 спортшымыз спорттың 14 түрі бойынша жарыс алаңдарында атой салған еді. Ал одан кейінгі Ойындардың бірде-бірінде жүзден кем саңлағымыз болған емес.
Айталық, 2000 жылы Сиднейде спорттың 17 түрінен 130 оғланымыз еліміздің намысын қорғады. 2004 жылғы Афинада тап осынша спорт түрінен 119 тарланымыз елдің бағы үшін күресті. Содан кейінгі, 2008 жылғы Бейжің Ойындарында 132 спортшы спорттың 22 түрі бойынша республика атынан жан алып, жан берісті. Ал 2012 жылы Лондонда 20 спорт түрінен 115 спортшыны аламан жарысқа қосып едік.
Осы бес Олимпиаданың бесеуі де Қазақстан үшін табыссыз болған жоқ. Ең бастысы, бұлардың барлығында да алтын медальге қол жеткізе алдық. Мысалы, Атлантадан біз 3 алтын, 4 күміс, 1 қола, барлығы 11 медаль арқалап қайтқан едік. Бұдан кейінгі Сиднейде 3 алтын, 4 күміс, барлығы 7 медальды қоржынға салдық. Афинадағы көрсеткішіміз 1 алтын, 4 күміс, 3 қола, барлығы 8 медальмен өрнектелді. Бейжіңде 2 алтын, 4 күміс, 7 қола, барлығы 13 медальмен еңсеміз көтерілді. Біздің спортшыларымыз Лондонда да 13 медаль жеңіп алып, алдындағы асуға аяқ арта білді. Алайда, мұндағы медальдардың тең жартысынан астамы алтын жүлде болып шықты. Сонымен, 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен жаңа рекордқа қол жеткіздік. Әлбетте, алдағы додада тап сондай жетістіктің бола қоятынына бәріміз де күмәнмен қараймыз. Әр нәрсенің өз орны бар. Дегенмен, кемінде бірер алтын медаль алып қайтатынымызға үміт артқымыз келеді.
Сондай үмітті бағландарымыздың біразы ауыр атлетикада еді. Осы саланы федерацияның басшылығы жағдайдың қаншалықты қиын болып тұрғанына қарамастан, осы Ойындардың алдында Қазақстан біріншілігін өткізіп, команда құрамын тағы бір нақтылап алуға қадам жасады. Әлбетте, Алмас Өтешов, Жасұлан Қадырбаев, Александр Зайчиков секілді зілтеміршілердің допинг дауына кіріп кетуі қабырғаға қатты батқан соққы болды. Бізден қазір жалпы саны 10 атлет осы тізімге түсіп қалып отыр.
Талдықорғандағы чемпионат пәлендей көп жаңалықтар әкелмесе де, құрама мүшелері қатарындағы дайындықтың қандай дәрежеде екенін анық байқатып берді. Осының қорытындысында құраманың бас жаттықтырушысы құрамында Кирилл Павлов, Александр Зайчиков, Фархад Харки, Арли Чонтей, Денис Уланов, Селимхан Абубакаров, Нижат Рахимов және Илья Ильин бар алғашқы нұсқасын түзді. Ал әйелдер құрамасына Карина Горичева, Жазира Жапарқұл, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Маргарита Елисеева және Светлана Подобедова секілді саңлақтар енді.
Егер команда осы құраммен Риоға аттанар болса, бірқатар табыстардан дәметуге толық үмітіміз бар еді. Бірақ бұл соңғы нұсқа емес. Ол шілденің 15-індегі екінші қайтара іріктеуден кейін белгілі болады. Ал 18 шілдеде нақты шешім қабылданады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»