15 Маусым, 2016

Біліктілікті шыңдаудың таптырмас үлгісі

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақында Қызылорда қаласында «Қазгермұнай» БК» ЖШС базасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобындағы жас мамандардың IV форумы болып өтті. Шараға қатысушылар денін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес компания­лары – «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, «КРУЗ» ЖШС, «Жөндеу» ЖШС және ҚМГ БӨ-нің жұмыскерлері құрады. Естеріңізге сала кетсек, жас мамандар кеңестері «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ орталық аппараты мен компанияның 12 еншілес ұйымында 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Кеңестің басты мақсаты – жастарды компания жұмысына, оның өндірістік және стратегиялық мәселелерді шешу істеріне белсене қатысуға ынталандыру, мамандардың кә­сіби деңгейлерін арттыру үшін жағдай жасау, корпоративті құн­дылықтар түсінігін қалып­тастыру, ғылым саласында көр­сеткен шы­ғар­машылық мүм­кіндіктерін ашып, дамыту болатын. Осыған орай бұл жолғы форумда да инновациялық жобалар сайысы ұйымдастырылды. Са­йысқа 35 жас маман өндірісті дамытуға, компания қызметінің экономикалық тиімділігін арт­тыруға бағытталған өз жобаларын ұсынды. – Біз бұл сайысты компания­мыздағы ең белсенді және дарынды жұмысшыларды анықтау үшін өткіземіз. Жұмысшылардың ұсынған жаңа технологиялары мен жаңаша көзқарастарын пайдаланып, өндірістің кейбір үрдістерін оңтайландырып, жұмыс тиім­ділігін арттыруды мақсат ете­міз. Өткен жылдарда сайыста жеңіске жеткендердің жобалары өндіріске енгізіліп, жұмысының оң нәтижесін беріп жатыр, – дейді «Қаз­МұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ аппарат басшысы Бауыржан Асқаров. Жобалар сайыстың алты сек­циясы бойынша ұсынылып бағаланды. Геология, геофизика және игеру секциясында «KMG-Manager. Мобильді басқару» атты жобасымен «Қаз­гермұнай» БК» ЖШС кен орындарын модельдеу қызметінің 1-ші дәрежелі ин­женері Нариман Әбжанов және «Мұнай қыртысына су жіберу жұмысын модельдеу» жобасымен «Ембімұнайгаз» АҚ «Жылыоймұнайгаз» мұ­най-газ өндіру басқармасы зерттеу жұмыстары цехының ұңғы­маларын зерттеу жөніндегі операторы Самат Беков жеңімпаз атанды. Мұнай мен газ өндірудің техникасы мен технологиясы секциясы саласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ геология және кен орындарын игеру де­пар­таментінің аға инженері Дамир Шырақбаев марапатталды. Ұсынылған жоба «Өзенмұнайгаз» АҚ кен орындарында штангалық терең сорғыларды пайдалану кезіндегі зиянды факторлардан қорғанудың оңтайлы тәсілдері. Газ факторларының әсері», деп аталады. Ұңғымаларды жерасты жөндеу, ұңғымаларды күрделі жөндеу және бұрғылау уақытында кезекті жөндеуден өткізудің технологиялары секциясы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ жобаны басқару департаментінің аға инженері Ақжігіт Түйешиевтің «Роликтік қарнақты жерасты құ­рылғыларының қажалуына қар­сы қолдану» жобасы үздік деп танылды. Мұнай өндірудің тех­нологиялық үрдісі мен беткейлік қысымды тұрақтау жұмысындағы химияландыру, энергетика жә­не автоматтандыру секциясы бөлігінде «Өзенмұнайгаз» АҚ автоматтандыру және телекоммуникация басқармасының бақылау-өл­шеу құралдар және автоматика жөніндегі 6-шы дәреже­лі сле­сарі Жарылғап Өтешевтің «ВГУ-200 су қыздыру қондырғысы­нан арнайы техникаларға су құюды қашықтықтан басқару және автоматтандыру» атты жобасы же­ңімпаз атанды. Экономика және қаржы секция бағытында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ бюджеттік жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің аға эко­номисі Арман Батаев пен осы департаменттің жетекші экономисі Болатбек Ораловтың бірлесіп ұсынған «Ұңғымаларды жерас­ты жөндеудің басым­дылығын арттыра отырып шығын­дарды оңтайландыру» жобасы сайыста жеңіп шықты. Сайыстан өзге форумға қа­тысушылар «Қазгермұнай» БК» ЖШС игеріп жатқан Ақ­ша­бұлақ және Нұралы кен орындарына барып, Оңтүстік Торғай бассейніндегі өндірістің ерекшеліктерімен танысты. Со­нымен қатар, форум аясында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ бас директоры, Әл-Фа­­раби атындағы Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Құрманғазы Ес­қазиевтың жас мамандармен кездесуі өтті. – Біздің компания үшін ин­­новациялық жобаларды енгізу ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, кеніш­тердің көпшілігі бүгінде өн­дірістің шарықтау кезеңінен өткен орындар. Мұнай және газ нарығында қалыптасқан қиын кезеңге қара­мастан, аталмыш саланың және онда істейтін білікті мамандардың келешегі зор болатынына күмәнім жоқ. Болашақ көшбасшылар өз жолын осы форум­нан бастайды, – деді компания басшысы. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»