15 Маусым, 2016

Отыз алты жыл өткен соң...

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Құдай қосқан қосағы аяқ асты­нан дүние салған кезде Биғайша 24 жасқа енді ғана иек арта бастаған қол-аяғы балғадай келісті келіншек еді. Бұл тағдырдың салған ісіне не шара?! Ақбөпе, Елдос және Ақмарал атты үйелмелі-сүйел­мелі үш перзентімен бірге ол аза­­матының артында ботадай боз­­дап қала берді. Өзі жас, өзі көр­­кем келіншекке ел ішінде отбасын құрайық деп сөз салушы­лар аз болған жоқ. «Маған бай табылар-ау. Алайда, әкесінің артында қалған үш қарғашыма қа­ра­ғаш­тай пана, бәйтеректей сая боларлықтай асыл азамат табыла қояр ма екен?». Ең алдымен оны осы мәселе көбірек толғандырып еді. Осы сауал жетегінде қабырғасымен көп кеңесті. Алайда, түбегейлі де тиянақты шешімге келе алмады. Әйтсе де текті әулеттен шыққан ресейлік қазақ азамат орнықты да кесімді сөзін айтқанда Биғайша өзінің келешектегі тағдырын оны­­мен байланыстырғанды жөн көрді. Сөйтіп, біздің бүгінгі кейіп­керіміз сонау сексенінші жылдың жазында өз жүрегінің қалауын білдірген ресейлік қазақ азаматына тұрмысқа шығады. Әрі сол жаққа сол жазда қоныс аударады. Осы арада оның ішкі жан дү­ниесін қинаған бір мәселе бар еді. Үш перзентінің бірі Ақмарал­ды нағашы апасы дүниеге келген­нен-ақ өзіне жақын тартып: «Ақмарал маған қыз болады», деп өзінше еншілеп жүруші еді. Кетерінде ол кісі Биғайшаға: «Ақмарал­ды маған қалдырып кет. Өзім өсі­ріп өзім тәрбиелеймін ешкімнен кем қылмаймын», деген өтінішін айтады. Биғайша бұл тілекті қай­тара алмады. Бұл осыдан отыз жыл бұрын болған жағдай еді. Жас өспей ме, жарлы байымай ма дегендей арада біраз жыл өткен кезде Ақмарал да бойжетті. Оңы мен солын таныды. Осы кезден бастап оны анасын іздеп табу керектігі жөніндегі ой жиі-жиі мазалай берді. Осы оймен Казталов ауда­ны, Талдыапан ауылының тұрғы­ны Ақмарал Омарова 2000 жыл­дың бас кезінен анасына іздеу сала бастады. Республикалық «Бар­мы­сың бауырым?» бағдарла­масы­на бірнеше рет бас сұғады. Алай­да анасын іздеген қыздың іс-әрекет­тері­нің бәрі ешқандай нәтиже бер­мей­ді. Дегенмен, жыртық үйдің де құдайы бар дегендей өткен жы­лы анасының бір дерегі ашыл­ған­­­дай болады. Бұл қуанышты хабар­­ды жеткізуге түрткі әрі се­беп­­кер бол­ған мұра­ғат­танушы-жур­­налист, Жәні­­бек аудандық «Шұғыла» газеті­н­ің бас редакторы Ах­медияр Батыр­ханов болып шы­ға­ды. Сонда қалай болғаны? Бұл арад­а бірін­шіден айтайын дегеніміз, әріп­­тесі­міз Ахмедияр Батырханов бұған дейін де бір бірін жоғалтып ал­ған бауыр­ларды табыстыруға дәне­­кер бола білген құлағы түрік із­денім­­паз жан екендігі. Хабар Каз­талов ауданының Талдыапан ауы­­лын­да тұратын Ақмарал Омарова­­ның құла­ғына жетеді. Сөй­тіп, ол теле­­фон шалып оған хабар­ла­сады. Құла­ғы қашан да түрік жүре­тін аза­­мат қой. Ахмедияр Ақмарал­дың ана­сына қатысты анықтаманы кездей­соқ кездескен таныстардан есті­ге­нін мәлімдейді. Құдай сәтін сал­ған­да бұл анықтама шындыққа айналады. Сөйтіп, аудандағы әріптесіміз Ақмаралдың анасының қазіргі тұратын мекенжайын көзбен көріп қолмен ұстағандай дәлме-дәл анықтап іздеушіге хабар береді. Бұл бүгінде жасы алпыстың үстіне шыққан Биғайша есімді жасы ұлғайған жан болып шығады. Ол Ресейдің Волгоград облысына қарас­ты Быков ауданының тұрғы­ны екен. Тіпті, А.Батырханов Ақ­ма­рал­­дың анасының осы аудан­дағы Катричев ауылында тұраты­нын да дәл анықтап беріпті. Міне, нағыз азамат нағыз зерделі, сұңғы­ла жан деп осы Ахмедиярды айтыңыз. Ұзын сөздің қысқасы таяуда анасы мен қызы қайта табысты. Ресейге Ақмаралдың сүйіп қосыл­ған жұбайы Қауыс мәрттік таны­тып өзі бастап алып барыпты. Сөйтіп, қыз арада 36 жыл өткен соң анасының айдай дидарын көрді. Оттай ыстық омырауына көмілді. Анасы мен қызының құшақтары айқасып жанарлары жасқа толды. Екеуі бірін бірі аймалап, өбіп, біріне бірі елжірей ұзақ қарап тұрыпты. Облыстық «Орал өңірі» газетінен осы қауышу жөнінде Данияр Оспанның материалымен танысқан кезде оқиға ізімен тағы бір мәрте алға аттай отырып толғауы тоқсан тіршіліктің осын­дай бір иірімдері жөнінде әңгіме қоз­ғағанды жөн көрдік.  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы