15 Маусым, 2016

Өрелі өнертапқыштың өзгеше өнімдері

373 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бағдат Лақбаев «ҚазМұнай­Газ» ұлттық компания­сының еншілес кәсіпорны – «ҚазТранс­Ойл» АҚ-тың «Жуантөбе» мұнай айдау стансасында дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Қос мүшелді артқа тастаған ол алақандай ауылда тұрып, аламан жұрт ауыз толтырып айтатын жаңалық ашудан жалыққан емес. – Бала күнімде суда өздігінен жүзетін кеме секілді ойыншықтар жасайтынмын. Қандай да бір өнертапқыштық затымды жасап болғанша тағатым таусылып, же­тілдірген сайын жаңашыл­дық­тарға аңсарым ауып тұратын. Элек­трондық бесік сол талпыны­сым­ның жемісі, – деп бастады әңгі­­месін Бағдат. 2011 жылы 22 жа­­сында ойлап тапқан бесігін бес жыл бойы жетілдіріп келеді. Бір атап өтерлігі, аталмыш бесік үшін шет­елден қымбат құрал­дарды тап­сырыс беріп алдыр­маған. Қолда бар түрлі заттарды, жарам­сыз болып қалған тұр­мыс­тық тех­­никалардың заттарын пайда­лан­ған. Аталмыш бесік біре­гей десек жарасар. Мәселен, бала­ның жылаған дауысы 75 децибелге жеткен уақытта автоматты түрде шам жағылып, әлди әні қосылып, өздігінен тербеледі. Автор флэшкаға анасының дауысын жазып қойса да болатынын айтады. Себебі, кез келген сәби өз анасының дауысын таниды және тез уанады. Сол секілді бесік бөлме температурасын сақтап тұруға шақталған. Яғни бөлмедегі бала күтіміне қажет температура шамасы төмендесе, я болмаса көтерілсе арнайы құрылғы іске қосылып, қажетті температурамен қамтамасыз етеді. Бағдат Лақбаев: «Алғашында мұндай дүниелерді кез келген адам ойлап таба береді деп ойлайтынмын. Кейіннен жасай бастағанда күрделене беретіндігіне көзім жетті. Қызығушылығың ояна береді екен. Мұны жасаудағы бірінші мақсатым, аналарға көмек, екіншіден қазіргі түрлі жиһаздың дамыған заманында қазақтың төл дүниесін ұмыттырмау», – дейді. Бүгінгі күні өнертапқыштық жұмысына Астанадағы зияткерлік орталығынан патент те алған. Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы Созақ ауданының Жуантөбе ауылында туып-өскен Бағдат Лақбаев тек қана электрондық бесікпен шектеліп қалған емес. Ол сонымен қатар, бокстар мен гараждарға арналған электронды қақпа (есік) ойлап тапқан. Жасаған қақпасын қазір өз гаражында пайдалануда. Алғашында бұл қандай «сиқыры» бар қақпа екендігін түсіне алмағанымыз аян. Сөйтсек, автоматтандырылған қақпа арнайы пультпен басқарылады екен. Көлік гаражға кіргеннен кейін белгіленген сызыққа дейін жүреді, одан соң арнайы шам жағылып, қақпа өздігінен жабылады. Егер ол сызыққа дейін бармаса немесе көлік теріс қойылса қақпа жабылмайды. Қатаң тәртіп міндетті түрде сақталуы шарт. Сол секілді төтенше жағдай болған уақытта, мәселен өрт шыққан кезде қақпа өзі ашылады. Бөтен біреу ашпаққа ниеттенсе дабыл ойнайды. Керемет дүние көзіміздің жауын алғандығын жасыра алмаймыз. Ал Бағдат қазір екі қабатты киіз үй жасап жатқандығын айтады. – Бұл жылжымалы киіз үймен айналысып жатқаныма біраз уақыт болды. Егер ойым сәтті жүзеге асып кетсе таптырмайтын дүние болғалы тұр. Себебі, бірін­шіден бұл жылжымалы. Кө­лікке тіркеп алып, кез келген жерге апаруға болады. Екіншіден тез жиналады. Екі жағындағы қос қанат жылдам жиналып, бұзылады, арнайы электргенераторлар орнатылады. Үшіншіден, арнайы электр энергиясы қажет емес. Ол энергияны күннен алады. Яғни кез келген асқа, немесе дала жағдайында өтетін тойларға шақталған. Төртіншіден екі қабатты киіз үй қонақ күтуге және сахна ретінде пайдалануға арналған. Бесіншіден, жылдың төрт мезгілінде де қолдануға болады. Яғни газбен жылытылатын қондырғылар орнатылады. Қазіргі күні зияткерлік орталығынан патент алуға өтініш бердік, жақын күндері оған да қолымыз жетіп қалар, – дейді автор ағынан жарылып. Жалпы, Бағдат Лақбаев Жуан­төбе ауылындағы Сәкен Сей­фул­лин атындағы орта мектеп­ті тәмам­дағаннан кейін Кентау қала­­сындағы қазақ-түрік универ­сите­тінің жанындағы арнайы маман­дандырылған орталықта қысқа мерзімді курстарды бітірген. Яғни дәне­керлеуші, электрик, сантех­ник, бағдарламашы секілді маман­дықтарды игеріпті. Одан кейін Шым­кент қаласында кол­ледж­­ге түсіп, электрмен жаб­дық­тау мамандығын алып шық­қан. Қазіргі күні «Жуантөбе» мұнай айдау стансасында дәнекер­леуші. Стансада жұмыс істеге­ніне тоғыз жылдай уақыт болып­ты. Көптеген конкурстарға қаты­сып жүлделі орындар иеленген. – Жұмысым жақсы. Барлық әлеуметтік жағдайлар жасалған. Өнертапқыштық жұмыстарыммен демалыс кезінде, түнде айналысамын. Стансадағы жерлес ағаларыммен көп ақылдасып, өзіме қажетті дүниелерді меңге­ру­демін. Олар қашанда қолдау білдіреді. Сөздің шынын айту керек, бүгінде өнертапқыштарға деген қолдау аз. Қаншама жас­тар соның кесірінен қолға алған дү­ние­лерін қойып кетіп жатыр. Мен өз туындыларымды ЭКСПО-2017 көрмесіне шығар­ғым келеді, – дейді ол. Дана ШАКАРМАН Оңтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар