Грац қаласында (Австрия) Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі (Австрия, Германия, Словакия, Словения және Италия) Құрметті консулдарының алғашқы кездесуі өтті. Оны Қазақстанның Грац қаласындағы Құрметті консулы Гюнтер Небель мен Қазақстанның Австриядағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің мақсаты Қазақстанның Еуропадағы қоғамдық өкілдері арасында байланыстар орнату және тәжірибе алмасу болды. Қазақстанның Австриядағы елшісі Қайрат Сарыбай өзінің сөзінде еліміздің штаттан тыс консулдарының рөлі мен мақсаттары, Қазақстан мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастардың ахуалы мен перспективалары, Отанымыздың соңғы халықаралық бастамалары, олардың ішінде «Әлем. XXI ғасыр» манифесі мен Қазақстанның ішкі саяси өмірінің маңызды оқиғалары туралы айтты, сондай-ақ, бес институттық реформаны іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негіздеріне ерекше назар аударды.
Қазақстанның Австриядағы Құрметті консулдарының дуайені Г.Небель жиналғандарды өзі басшылық ететін Құрметті консулдықтың Қазақстан мен Австрия арасындағы байланыстарды тереңдету мен кеңейту бойынша мақсаттарын іске асырудағы, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы мен Штирия федералдық жері арасындағы өңіраралық ынтымақтастық орнатудағы жұмысымен таныстырды.
Кездесу барысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің және Австрияда мәдениет саласында іске асырылатын «Қазақстанның інжу-маржандары – Ұлы Дала сарыны» жобасының тұсаукесерлері ұйымдастырылды.
Құрметті консулдар жұмыстарының тәжірибесі туралы ақпаратпен алмасты, өздерінің жұмыстарында жүйелі қарым-қатынас арқылы синергияға қол жеткізу жайын қолдады.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының мақсаттарын орындаудың жолдарына баса назар аударылды. Кездесуге қатысушылар бұл стратегиялық құжат Қазақстанды дамудың жаңа шыңдарына шығаруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Іс-шара Еуропаның орталық және шығыс өңірлеріндегі құрметті консулдар арасында байланыстар орнату мен өзара іс-қимылға негіз қалауға мүмкіндік беріп, шетелдерде Қазақстанның штаттан тыс консулы институтын қолданудың мүмкіндігін арттыруға өз үлесін қосатын болады.
«Егемен-ақпарат»