16 Маусым, 2016

Тестілеу мәресіне жетті: нәтиже қандай?

456 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Казмедиа-үлкенКеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ләззат Бөлебаева, осы министрлікке қарасты мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мен Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев 2016 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары бойынша брифинг өткізді. Брифингте елімізде өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің жай-жапсары айтылып, мектеп бітірушілердің ата-ана мен ұстаздар үмітін ақтағаны тілге тиек етілді. Аталған сынақ 13 жылдан бері оқушылардың білім бәсекесіндегі қабілеті мен олардың мектеп қабырғасында жүріп алған ілімін соңғы сәтте саралап келеді. Осы жылдар ішінде тестілеуге 1 миллион 587 мың түлек қатысса, бұл мектеп бітірушілердің 77 пайызын құрайды. Жиында Ләззат Бөлебаева биыл­ғы тестілеудің маңыздылығына, оқушы­лардың қатысуы мен жоғары балға қол жеткізуі жайына тоқталды. – Осы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміз бойынша 165 жерде өткізілді. Оған 121 мың 92 мектеп бітірушінің 86 999-ы қатысуға ниет танытып, білім бәсекесінде бағын сынады. Осы жерде айта кетейік, аталған түлектердің 83 330-ы қазақ тілінде, 37 762-сі орыс тілінде білім алған. Биылғы орташа балл 81,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 79,4 пайыз болған еді, – деді ол. Сонымен қатар, Ләззат Бөлебаева тестілеу нәтижесінде ең жоғары балл жинаған түлектерді тізбектеп өтті. – Республика бойынша 19 мектеп бітіруші 125 балға қол жеткізді. Мұның дерлігі – Астана, Алматы қалаларымен қатар, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қа­зақ­стан, Павлодар және Қарағанды облыстарының оқушылары. Тағы да статистикаға тоқталсам, 2015 жылы 5 оқушы дәл осындай 125 балды еншілеген болатын. Биыл 100-ден асырғандар саны 16 565 бала болса, өткен жылы 14 420 түлек жақсы нәтиже көрсеткен, – деді министрлік өкілі. Сонымен қатар, «Алтын белгі» иегерлер саны осы брифингте толық айтылды. Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның айтуынша, үздік оқушылардың 50 пайызға жуығы «Алтын белгіні» ақтап шыққан. Нақтырақ айтқанда, 4 831 мектеп бітірушінің 2 453-і ата-ана мен ұстаздар үдесінен көрініп, «Алтын белгіге» қол жеткізген. – Аталған «Алтын белгі» иегерлерінің 1 959-ы қазақ мектебінде оқыған болса, 469-ы орыс, 19-ы өзбек, 6-ы ұйғыр мектебінен білім алған. Тағы бір айта кетерлігі, «Алтын белгіге» 1 балл жетпеген 492, ал 2 балл жетпей қалған 377, сонымен қатар, 3 балды 304 бала ала алмай қалып, оларға «Үздік аттестат» берілді. Қазір барлық мектептерде оқушыларға аттестат беру шарасына дайындық жұмыстары өткізіліп жатыр. Қоштасу кеші 17 маусым күні өтеді, – деді Жаңыл Жонтаева. Мұнан кейін, тестілеу кезінде ереже бұзғандар айтылды. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевтің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 38 түлек тәртіпке бағынбай, бақылаушылар назарына іліккен. Олар дер кезінде тестілеуден шеттетіліп, көрсеткен нәти­желері жойылған. Сонымен қатар, 52 982 оқушыдан тыйым салынған заттар тәркіленген. Ал 14 252 мектеп бітіруші 50 балды жинай алмаған. Осы жерде Қали Әбдиев оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру барысына тоқталды. – Қайта тапсыру мерзімі тамыз айында өтеді. Әзірге түлектер тарапынан тестілеуді қайта тапсыру жөнінде өтініштер келіп түскен жоқ. Мүмкін, жоғарыда айтылған 50 балл ала алмаған оқушылар мен шілде айында өтетін кешенді тестілеуде сүрінген талапкерлер екінші рет бақтарын сынайтын болар. Десе де, біз тестілеуді қайта тапсыруға 50-60 мың оқушы өтініш берер деп жобалап отырмыз, – деді ол. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, сондай-ақ, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде де, одан кейін де өз-өзіне қол жұмсаған оқушылар болмағанын алға тартты. Олардың пайымдауынша, оқушылардың бойындағы «ҰБТ деген үрейді» сейілтуде ұстаздар мен ата-аналар тығыз байланыста баламен жан-жақты жұмыс істеген. Әрине, бұл тұрғыда мектеп психологтарының еңбегі зор. Олар әрбір баламен жеке-жеке сөйлесе отырып, өткізілетін тестілеудің соншалықты қауіпті емес екенін, тиісті балды жинай алмағанымен одан кейін де оқуға түсуге мүмкіндік бар екенін ұғындырған. Брифингте білім саласының өкіл­дері алдағы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің формасы өзгеретінін айтты. Сонымен бірге, осы сынақтың 13 жылдағы нәтижесі мен кемшілігі сөз болды. Жаңыл Жонтаеваның айтуынша, республика бойынша мектеп бітірушілер бір мезгілде, бір жерде тест тапсыруға мүмкіндік алса, кемшілігі, оқушылар осы жылдар ішінде тестілеудің сұрақтарын жаттап алған. – Алдымен тестілеудің жақсы жақ­тарына тоқталсам, қаладан бастап, аудан, ауыл балалары бір жерде тест тапсырды. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды, олар бірден мектеп емтиханын және сол мезетте оқуға түсу мәселесін шешіп кете алады. Ал кемшін тұсына назар аударсақ, балалар тестілеудің сұрақтарын жаттап алады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Сонымен қатар, бұрындары оқушылар 10-ға жуық пәннен ауызша және жазбаша емтихан тапсыратын. Қазір арнайы бір 5 пәннен ғана сынақ тапсырады. Міне, осыларды қаперге ала отыра, қорытынды шығарып, келесі жылы Білім және ғылым министрлігі үлкен жұмысты бастайды, – деді Жаңыл Жонтаева. Айта кетейік, тестілеудің жаңаша түрі министрлік тарапынан әлі де пысықталып жатыр. Ал бұл мәселе ұстаздардың алдағы тамыз кеңесінде нақты айтылатын болады. Айтпақшы, осы жиында «Назарбаев зияткерлік мектебінің» оқушылары неліктен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпейді, деген төңіректе сұрақ қойылды. Журналистердің бұл сауалына Жаңыл Жонтаева былай деп жауап берді: – Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары аталған тестілеуден де күрделі емтихандар тапсырады. Олар­дың ішкі ережесі мен тәртібі өзге мектептермен салыстыруға келмейді. Мойындауымыз керек, бұл білім ұйым­дарының оқушылары пәндік олимпиадалар мен халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Жиын соңында министрлік өкілдері биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу өткен жылдармен салыстырғанда, ерекше әрі осы жылы төтенше оқиғаның болмағанын зор қуанышпен атап өтті. Ең бастысы – оқушы да, ата-ана да, ұстаздар да Ұлттық бірыңғай тестілеудің жақсы нәтижемен аяқталғанына қуаныш білдірді. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»