17 Маусым, 2016

Ұтқырлық пен ұтымдылық

301 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ДСҰ нарығындаДСҰ нарығында бәсекелестікті күшейтеді   ДСҰ –1995 жылдың 1 қаңтарында, осыған дейін болған және 50 жыл әрекет еткен Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің жалғасы ретінде құрылған әлемдік ұйым. Алайда, бұрынғыға қарағанда, ең басты ерекшелігі, ол енді халықаралық ұйым ретінде заңды мәр­тебеге ие болды. Сонымен қатар, іскерлік ауқымы да кеңейіп, адамзат қоғамына тигізер әсері де ұлғайды. Енді, бұл ұйым­ға Қазақстан да қосылып отыр. ДСҰ-дан қорқудың қажеті жоқ. ДСҰ ережелері дамушы елдер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырады. Қазіргі күннің өзінде осы ұйымға мүше дамушы мемлекеттер да­мыған елдермен салыстырғанда өз на­рықтарын қорғаудың анағұрлым жо­ғары кедендік-тарифтік тетіктеріне ие болып отыр. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйы­­мына қосылуы қажеттілік екенін дәлелдейтін факторлар жеткілікті. Се­бебі, бүгінгі таңда күллі әлемде бірігу үде­рістері жүріп жатыр. Әлемдегі алып мемлекеттер болсын немесе шағын елдер болсын экономикалық одақтарға интеграциялану үстінде. Өйткені, көптеген халықтар экономикалық тұрғыдан түрлі одақтарға бірігуді жалпыадамзаттық жаһандануға қолайлы түрде кірігудің ең басты жолы деп санайды. Осыған орай, Швейцарияның Женева қаласында өткен ресми шарада Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Егер тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстан тек посткеңестік елдермен ғана сауда қатынасын жасаса, бүгінгі күні біз әлемнің 185 елімен сауда жасаймыз. Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі болып табылады. Біздің саудамыздың 40 пайыздан астамы соның үлесіне тиеді. Ресей, Қытай, АҚШ, Канада және басқа да бір­қатар елдер Қазақстанның сауда айналы­мына едәуір үлес қосуда», деп атап көрсетті. ДСҰ-ға мүше болу Қазақстанның сауда-саттық әлеміндегі көкжие­гін де кеңейте түседі. Отандық өнім өндіру­шілерге бәсекелестік пен оған қабілеттілік қажеттілігі туын­дап отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашып, тұтынушының таң­дау және сапалы да арзан тауарға қол­жетімділігін қамтамасыз ететін, сол арқылы отандастарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын арттыруға ықпал ететін қадам болатындығы айқын. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылымына тікелей үлес қосып келе жатқан технологиялық жабдық­тары­ның басым көпшілігі ескірді. Барша аза­маттардың құлағын елең еткізген осы бір оңды жаңалық, ең алдымен, ғылымдағы жабдықтар мен құрал-сай­мандар паркін түбегейлі жаңартуға септігін тигізеді. Қазақстанға келетін ғылыми-техникалық құрал-жабдықтарға салынатын кедендік салықтың мөлшері күрт азаяды. Бұл тамаша мүмкіндік болар еді. Ең бастысы, ДСҰ-ға кіру Қазақ елі­нің әлемдегі абыройын асқақтатып, халықтың саяси және экономикалық әлеуетін жоғарылатады. Әлемдік на­рыққа ұтымды кірігу, озық технология­лар мен заманауи ғылымға сүйенген инновацияларды кеңінен енгізу, еркін сауда мен бәсекелестік ортада қарыштап дамудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, мемлекеттің мүдделерін қорғау, елдің есесін ешкімге жібермеу, жан басына өндірілетін өнімді еселеп ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту – ең негізгі міндет болатындығы сөзсіз. Сон­дықтан, тоқмейілсіп тоқырауға, еріншектік жасап жалқаулануға, ысырапшыл шашпа болуға, ел аман, жұрт тынышта үдеріске ілеспей көштен қа­луға, досқа күлкі, дұшпанға таба бо­луға мүлдем жол жоқ. Тек, ұтқырлық пен ұтым­дылықты ұран еткен ел ғана көм­беге бұрын жетіп, көздеген мақсатын олжалайды. Айдар САБЫРОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті АТЫРАУ