ҚОС АЛТЫН, ҚОС КҮМІС
Шаңғымен спорттық бағдарлау
Азия ойындарындағы алғашқы алтындарды сыйлаған – құтты Солдатсай. Шаңғы стадионы. Алматы аспаны ашық. Күн жылымық. Қар ептеп еріген. Бүгін осында спорттық бағдарлаудан орта қашықтық бойынша ерлер мен әйелдер Азиаданың медальдарын сарапқа салды. Сөз басында Солдатсайын құтты дегеніміз, 31 қаңтар күні шаңғымен бағдарлаудағы спринттік жарыста қазақстандық сайыпқырандар Михаил Сорокин мен Ольга Новикова алтыннан олжа салған болатын. Оқырманға түсініктірек болу үшін спорттық бағдарлаудың ерекшеліктері туралы айта кетейік. Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енбегенімен, спорттың бұл түрі дүние жүзіне кең тараған. Әлем чемпионаты өтіп тұрады. Республикалық спорттық бағдарлау федерациясының президенті Владимир Тельновтың сөзіне бақсақ, бұл – шаңғыны аяққа байлап алып белгіленген қашықтықта жұлдыздай ағып өту емес. Онда жылдамдықпен қатар, арғы-бергіні бағдарлай алатын көрегендік, ақыл, ізшіл қасиеттер қажет. Араға минөт салып аттанатын спортшының кеудесіне карта мен компос салынған планшет бекітіледі. Әр спортшы беймәлім, өзіне бекітілген ауданды карта, компос көмегімен тауып, нүктелерді белгілейді. Мәреге шамамен 100 метрдей қашықтық қалғанда алдарын тосқан инспекторларға картасын өткізіп, жарыс жолын басып өткендігі жөнінде куәлік алады. Орта қашықтық бойынша ерлер 7,5 шақырым жүгіріп, 17 нүктені тауып белгілеу керек болса, қыздар 4,5 шақырымдық жарыста 10 бақылау нүктесін табу керек. Картаны жоғалтсаң жарыстан шығасың. Спортшылардың картасы қиыр-шиыр бұралаң жол. Осыдан өзіңе белгілеген ауданды тауып, электронды қондырғыларға чиптеріңді белгілеу оңайға соқпайтындығын ескерсек, спорттың бұл түрін шаңғыдағы шахматпен салыстыруға болады.
Қазақстан спорттық бағдарлау федерациясы ерлер сынына Михаил Сорокин мен Виталий Лиличенконы шығарды. Ал, қыздар арасындағы жұпты Ольга Новикова мен Евгения Кузьмина құрады. Әу баста осы спортшыларымыздың бағалы медальдар үшін күресетіндігі күтілген. Бірақ, корей, жапон, моңғол, иран, қырғыз спортшыларының мүмкіндіктері де есепке алынған еді. Көңілді күпті қылған сауалдың жауабын өзіміздің спортшыларымыз тарқатып берді. Жарыстың алғашқы күні спринттік жарыста шашасына шаң жұқпаған Михаил Сорокин 7,5 шақырымды 35 минөт 33 секөнтте жүріп өтіп, мәреге бірінші келді. Екінші орында – Сорокиннан 6 минөттай қалып келген Виталий Лиличенко. Үштікті ирандық спорттық бағдарлаушы Бижан Кангорлу қорытындылады.
Ал қыздар арасында 4,5 шақырымды 31 минөт 11 секөнтта жүріп өткен Ольга Новикова Азиаданың екінші алтынына қол жеткізді. Күміс медаль еншілеген тағы бір отандасымыз Евгения Кузьминаның уақыты 34 минөт 46 секөнт. Қола медаль қытай спортшысы Лю Сяотинге берілді.
Спорттық бағдарлауға жақпар тастарды, құламалы сайларды жағалап өтетін жолдары бар таулы жерлер, ағашы қалың ормандар таңдалынып алынады. Сондықтан да спортшылар жарыс жолының өздеріне ауыр соққанын айтып жатты. Қазақстанда өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарына арнайы келген Халықаралық спорттық бағдарлау федерациясының вице-президенті Хью Камерон мырза Солдатсайына орналасқан спорттық базаны жоғары бағалады. Халықаралық федерация кезекті әлем чемпионатын осында өткізуге қызығушылық танытып отыр. Ал, Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Рогге мақтауын жеткізген халықаралық трамплиндер кешенінде әлем кубогы жарысы өтпек. Бұл дегеніңіз, қазақстандық спорт кешендерінің әлемдік маңызға ие болғандығын байқатады. Әрі өз спортшыларымыздың да шеберлігін көтеруге септесіп, жастардың қысқы спорт түрлеріне көптеп келуіне жағдай туғызады. Спорттық бағдарлаудың – шахмат ойынына көбірек ұқсайтындығын айттық. Қиындығы сол, кейбір спортшылар бағытын жоғалтып, жарыстан шығып қалады. Айтқандай, қырғыз қызы О.Рыпатова мәреге уақытында келе қоймағандықтан жарысты ұйымдастырушылар марапаттауды бастап кетті.
Солдатсайда екі рет қазақ байрағы көтеріліп, екі рет әнұраны ойналды.
– Жанкүйерлерге рахмет. Өз жерімізде өтіп жатқан Азиадада отанымыздың мерейін көтеру үшін барымызды салып жатырмыз. Осындайда жанкүйерлердің қолдауы жігерімізді жанып, шаршағанымызды басып, күшімізге күш қосты, – дейді жеңімпаздар.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Алматы.