Қазір Қазақстан қоғамдық ойдың тайқазанына айналып отыр. Әлем тынышсыз әрі мазасыз. Қазақстанда 5 миллионнан астам халық Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды көздеген бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Бұл сайлаушылардың 50 пайызынан асып жығылады.
Қазақстанның Ата Заңының 3-бабының 1-тармақшасында «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» делінген. Ал 2-бабында «халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған.
Сондықтан да Парламент депутаттары ұсынған Конституцияға өзгеріс Конституциялық Кеңеске жолданды. Конституциялық Кеңес бұл ұсыныстар Ата Заңға сәйкес емес деп өз қорытындысын берді.
Әлем саясаткерлері мен сарапшылары, Парламент депутаттары да, 5 миллион халық та Президенттен бәтуалы сөз күткен. Алыпқашпа әңгіме гуледі. Оппозиция бөркін аспанға атып, «Үкімет кетсін, Парламент тарасын» деп жар салды. Дәл осы сәт Президент ешкім күтпеген, Назарбаевша шешім қабылдады.
«Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды.
...Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын.
Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын.
...Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық және бізді біріктіретін жолды ұсынамын.
Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұл табылған шешім ғана емес, тарихи таңдау да еді. Президент үшін Ата Заң ең қастерлі, ең қасиетті. Өйткені, Президент Ата Заңның бұлжытпай орындалуының кепілі. Осы ретте Н.Ә.Назарбаевтың төмендегі сөзін еске сала кеткім келеді:
«...Конституциямыз бізге ең бастысын – өз өмірізді өзіміз жасау үшін таңдау құқығын – ең құнды қазынаны берді.
...Конституция туралы мәселе – ұлт келешегінің мәселесі. Бұл орайда ойланбай жасалған ешбір сынаққа жол берілмеуі тиіс және берілмейді де».
Міне, Конституцияның бұзылуына жол берілмеуін Елбасы көз қарашығындай сақтап отыр.
Конституциялық Кеңестің шешіміне сай әлемді елең еткізген Үндеу жариялады. Кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды және Парламентке тиісті заң жобаларын жолдады. Сондықтан да Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын ұсынды. Әрі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңдарға кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін қарастыратын түзетулер енгізілді. Ал Ата Заңға Елбасы ұсынысымен төмендегідей толықтыру енгізілді.
«Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады Конституциялық Заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі».
Ата Заңға және жоғарыда айтылған конституциялық заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар өмірдің сұраныстарынан туындап отыр. Біріншіден, сайлау туралы заңға сәйкес, кезектен тыс президенттік сайлау республика Президентінің шешімімен тағайындалады және екі ай мерзімде өткізіледі; екіншіден, кезектен тыс сайлаудан кейінгі президенттік кезекті сайлау бес жылдан кейін конституциялық мерзімде өткізіледі; үшіншіден, президенттік кезектен тыс сайлау кезекті сайлаумен бірдей тәртіппен өткізілетін болады; төртіншіден, сайлау іс-шараларын өткізу мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын болады: бесіншіден, Президент сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бір ай мерзім ішінде ант береді; алтыншыдан, Ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды; жетіншіден, кезектен тыс сайлауда ел Президенті болып сайланған адамның президенттік өкілеттігін сақтайтын кезең айқындалған.
Сайып келгенде, бұл – Қазақстандағы демократиялық үрдістердің жаңа бастауы, жаңа дәуірі.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Парламент Мәжілісінің депутаты.