22 Маусым, 2016

Аласапыран сәт енді басталады

337 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
FBL-EURO-2016-MATCH27-RUS-WALБұрнағы күні футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа доп додасы тағы бір топтың ойындарын тиянақтап берді. Бұл жолы В тобындағы екі ойынның бірінде ірі есеп тіркелсе, екіншісі тең аяқталды. Тулузада ұтылған Ресей құрамасы енді еліне қайтатын болса, ұтқан Уэльс топтың көшін бастады. Ал Сент-Этьенде қатар өткен матчта Англия мен Словакия бір-бірлерінің қақпаларының құлпын аша алмады. Бірақ ресейліктердің ұтылып қалуларына байланысты словактар да келесі кезеңге өтті. Нәтижесінде Уэльс – 6, Англия – 6, Словакия – 4, Ресей 1 ұпаймен турнир кестесінің қорытындысын түзді. Ресейліктер бұл кездесуге Каре­лияның Сямозеро көлінде суға батып кеткен балалардың қазасын аза тұтатын қара шүберек байлап шықпақшы болып еді, оған чемпионат қожайындары рұқсат бере қойған жоқ. Ал ойынның басы олар үшін ерекше қауіп ұялататындай ештеңе байқатпады. Команда бірінші болып шабуылға шықты. Бірінші болып қарсы қақпаға доп ұрды. Алаңда да еркін қимылдап жүргендей көрінген. Бірақ мұның бәрі алдамшы кө­рініс екен. Құраманың қорғаныс шебінің шетені тым бос болып шықты. Ол Уэльс жасағы алғаш қауырт шабуылға шыққан кезде-ақ сетінеп сала берді. 11-минутта Джо Аллен өз алаңы беттен ұстай алған добын орталық қорғаушылар аймағының үстімен алға қарай зырлатты. Оны бірден қағып алып, қақпаға қарай ұмтылған Аарон Рэмси сол заматта-ақ Игорь Акин­феевпен бетпе-бет келді. Сол жекпе-жекте салқынқандылық та­нытқан валлийлік форвард допты қақпашының үстінен асырып тастай салды. Бұдан кейін Ресей құрамасы есепті теңестіру үшін алға ұм­тылды. Алайда, оның ойынында аса қатты тегеурін де, қақпаны қақыратып өтетін тура соққы да болған жоқ. Есесіне қарсыластарының оқта-текте құйғытып алғы шептен шы­ға салатын шапқыншылықтары қа­терді көбірек төндіріп тұрды. Осылайша бірінші таймның ортасында жасалған кезекті қарсы шабуыл кезінде Уэльс командасы тағы бір гол салып кетті. Сол дүрлігісте ең алдынан табылған Нил Тейлор алдымен голкиперге тура соққы жасады, сосын одан қайтқан допты бос қақпаға атып жіберді. Ал 67-минутта Рэмси ресейліктердің айып алаңына кіріп, ашық тұрған Гарет Бэйлді алға шығарды. Дарбаза алдына жалғыз келген ол Акинфеевті алдап түсірді. Есеп – 3:0. Әлбетте, матч алдында ре­сейліктердің ұтылып қалу ық­тималдылығын ешкім естен шы­ғарған жоқ, бірақ дәл мынадай есептің тіркелетінін сезгендер тым аз шығар. Мұны матчтан кейін журналистермен кездескен Леонид Слуцкий де аңғартты. Ол, сонымен бірге, Ресей құрамасының Еуропа чемпионатындағы сәтсіз ойындары үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін атап көрсетті. Ендігі жерде орнына жаңа адамның келуі керек екенін де оның өзі білдірді. Бұған қарағанда, Англия мен Словакия құрамалары арасындағы ойын біршама жайбарақат өтті. Ағылшындардың бапкері Рой Ходжсон мұның алдында Уэльс командасына қарсы кездесуге шыққан старттық құрамнан 6 ойыншыны алмастырды. Оның әріптесі Ян Козак болса, «жеңімпаз құрамын өзгертпейді» деген ескі қағидамен бұрынғы қалыпты ұстаныпты. Кездесудің бірінші таймында, сөз жоқ, Джейми Варди мен Адам Лаллана көбірек көзге түсті. Әуелі «Лестердің» форварды Натаниэль Клайн әуелетіп берген допты қақпа бағаны жаққа дәл бере алмай қалды. Содан соң қатар тұрған Мартин Шкртелді артқа тастап, қатты соққан добын Матуш Козачиктің қолына тура беріп қойды. Осы аралықта Лаллана командаласынан қала қоймады. «Ливерпульдің» жартылай қорғаушысы алғашқы 45 минуттықта есеп ашу үшін ең қолайлы сәтті жіберіп алды. Ол оң қапталдан дәл жанына әуелетіп берілген допты қақпаға қарай қатты ұрғанда, оны керемет шеберлікпен құлап қайтарған Козачик қақпасын аман сақтап қалды. Словактар шабуылдағы креа­тивті жасауға келгенде, көп кі­біртіктей берді. Олар тек екінші таймда ғана жойқын жорықтарға шыға бастады. Сол шабуылдардың бірінде Крис Смоллингтің өз қақпашысына сәтсіз тастаған добын Роберт Мак әдемі пайдаланып кете жаздады. Келесі эпизодта қақпашы Джо Харт словактар ұрған допты серпіп тастады. Осының соңын ала Клайнның жақын жерден қатты соққан добы жолына Козачик тосқауыл болып жата қалды. Тағы екі минуттан соң Шкртел қақпаға кіріп бара жатқан допты қайтарып үлгерді. Ал алаңға Уэйн Руни шық­қаннан кейін ойын тізгіні түгел ағылшындар қолдарына көшті. Олар матчтың соңына қарай бір­неше рет жеңіс добын соғып кете жаздады. Бірақ мақсаттарына жете алмады. Осының салдарынан топта екінші болып қалды. Кеше түнде Украина – Польша, Солтүстік Ирландия – Германия, Чехия – Түркия, Хорватия – Испа­ния арасындағы ойындармен екі топтың командалары кездесулерін аяқтады. Бүгін қалған екі топтың ойындары өз мәресіне жетеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»