Қорғаныс министрлігінде қорғаныс ведомствосының басшысы Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамына Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында өткен курс бағдарламасын аяқтағаны туралы куәлікті табыс етті.
Ұлттық қорғаныс университеті бас штабы факультетінің «Әскери және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратураға арналған оқу бағдарламасының негізіне сүйенген әскери өнер курсы қыркүйек пен маусым айлары аралығында өтті. Бағдарлама тек стратегиялық және жедел-стратегиялық басқару тобының басшылық құрамына арналған. Курс барысында жауынгерлік құрам, Қарулы Күштердің құрылымы, Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің әскери доктринасы туралы жалпылама таныстырулар толығымен қамтылды.
«Құрметті генерал және офицер мырзалар, бүгін ерекше жағдайда жиналып отырмыз. Біздің ведомствоның тарихында тұңғыш рет Қорғаныс министрлігінің басқарушы құрамына бас штаб факультетінің курстық бағдарламасын бітіргені туралы куәлік тапсырудамыз. Олар жыл бойы әскери істің қыр-сырын меңгеріп, оның ерекшелігі мен негізгі бағыттарын үйренді. Бұл орайда, құжатты тапсырмас бұрын барша тыңдаушылар атынан оқытушыларға үлкен алғыс білдіремін. Әр дәрістің тақырыбы мазмұны жағынан және кәсіби тұрғыдан өзекті болды. Тәжірибе жүзінде біз осындай оқыту пішімін алғаш рет қолданып отырмыз. Оның нәтижесінің тиімділігін түрлі бағыттан аңғаруға болады»,– деді Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
Курсты тәмамдағаны жөнінде куәлікті Қорғаныс министрінің қолынан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, Қорғаныс министрінің орынбасарлары генерал-лейтенант Оқас Сапаров, генерал-майор Талғат Мұхтаров, Нұрлан Сауранбаев, Берік Шолпанқұлов, Білім және ғылым департаментінің бастығы Айгүл Төлембаева алды.
Аталған курстарда заманауи әскери жанжалдардың мазмұны мен мәні, олардың стратегиялық негізі мен стратегиялық іс-қимыл пішіні оқытылды (Қарулы Күштерде қолданылуы). Сонымен қатар, Ирак, Ауғанстан, Украина, Сириядағы әскери қақтығыстардың тәжірибесі негізінде соғысты жүргізудің жаңа тәсілдері, әскери саладағы заңнама зерделенді.
Ендігі кезекте осындай курстар Бас штаб бастығының орынбасарлары, бас қолбасшылар, қолбасшылар, департамент және басқарма бастықтары үшін өткізілетін болады.
«Егемен-ақпарат»