23 Маусым, 2016

Қазақстан жолы – бірлік пен береке жолы

840 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
27-03-01Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Идеологияның басты мұраты – тәуелсіздігімізді баянды ету, мына шырғалаңы мол дағдарыс кезеңінен елді аман-есен алып өту, осыған дейінгі ғасырлар бойы жасалып келген рухани байлықтарымыздың қайнарларын бұзбай, оны өрісі кең әлемдік өркениетке ұластыру», деп халық алдына үлкен міндет қойғаны баршамызға белгілі. Мемлекет басшысы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясына, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасына және «Бес халықтық реформаға» басымдық берді. Аталған құжаттарды қабылдау барысында мамыражай өмір болмайтынын да жасырған жоқ. Қазақ халқы байырғы заманнан бері бірлік пен татулық мәселесіне айрықша мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағалап келген. Ха­лық бірлігі – егемендіктің, мемлекеттіліктің негізі екендігін түсінген елміз. Сол себепті де Ел­басының «Дамудың сыры – бір­лікте, Табыстың сыры – тір­лікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жан­бағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар», – деуі көрегенділік екендігі даусыз. Ел Президенті Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру басты елдік мақсат екендігін, үздік 30 елдің қатарынан табылу үшін елде бейбітшілік болуы қажеттігін әрбір бастамасында айтып келеді. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің «Отаны – ортақ, тілегі – бір, мақсаты – жалғыз: ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!» екендігіне сенеді және елді де сенуге шақырады. Біздің түсінігімізде еш уайымсыз бейбітшілікте өмір сүргеннен артық бақыт жоқ. Қазір телеарналар мен ақпарат құрал­дарынан күнделікті әлемнің әр түкпірінде небір қырғынның болып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Тәуелсіздік алған жылдан бері татулық пен тұрақтылыққа мән беретін елде туғанымызға, ел сенімін ақтайтын, халқына жанашырлық танытатын, бола­шақты болжай алатын билік­тің болғанына шүкіршілік ете­тінімізді де жасырмаймыз. Кез келген дағдарысқа біз ұлттық мүддемізді жоғары қою арқылы төтеп бере аламыз деп ой­лаймын. Ұлттық мүдде деген ұғымға келсек, мұнда Аристо­тельден алған сипатты келті­руге болады. Ол адамды әрекет еткізетін мүдде деген. Ал неміс ой­шылы Гегель халықтар өмірі­нің қозғаушы күші мүдде деген. Ұлттық мүдде деп өз халқының, мемлекетінің мақсат-мүддесін сезіне біліп, оны іске асыруға тырысушылықты айтады. Оған ұлтты еркін және тәуелсіз мемлекет ретінде ұстау, сыртқы қауіп-қатерден сақтау, әлемдік саясатта өз ықпалын кеңейту жатады. Г.Гегельдің «Әрбір мемлекет өзіне сай келетін мемлекетті құрады» деген пікірін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Қазіргі біздің қоғамда то­ле­ранттылық (бұл термин тағат­тылық деп те алынып жүр) және ксенофобия деген ұғымдар жиі қолданылатын болды. «Толе­рант­тылық» дегеніміз, негізінен төзімділік дегенді білдіреді. Яғ­ни, басқалардың пікіріне, мі­не­­зіне шыдамдылық таныту. Сая­саттанушылар толерант­ты­лық деп адамның, қауымдас­тық­тың, мемлекеттің, басқалар­дың өзі­нікіне ұқсас емес пікір­лер­ін тың­дап, сыйлай білуін, олар­ға өш­пенділікпен қарамауын айтады. Осы тұрғыдан алғанда, толе­ранттылық – достық, сабырлық, бейбіт көңіл күй арқылы ашыла түседі және агрессия, өшпенділік, ашу дегендерге қарсы тұрады. Барлық түсініктемелерде ол адамның моральдық-өнегелік тұрғыдағы шыдамдылығын, кішіпейілділігін, басқаларды түсіне білуін білдіреді. Толе­рантты деп әртүрлі мәдениетке, ұлттар мен нәсілдерге түсініс­тікпен қарайтын, басқаларының құқықтары мен бостандықтарын сыйлайтын, ешқандай күш қол­дану мен қысымсыз-ақ басқа­лармен келісіп, тіл табысуға тырысатын адамды білеміз. Міне, біздің елдегі кез кел­ген ұлт өкілінің бойынан толе­ранттылық қасиетті көре алуы­мыз біздің дамуға деген қа­дамымыздың сәттілігін аңғартса керек. Егер мемлекеттің қалып­тасу кезеңінде басты міндет – этносаралық төзімділік пен қоғам­дық келісім негізінде қоғам­ды ұйыстыру болса, ел дамуы­ның жаңа кезеңінде, стратегия­лық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағи­даттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету. Дәл қазіргідей экономика тұ­рақсызданып, әлемдік қаржы дағдарысы белең алып тұрған мына заманда, Елбасымыз атап көрсетіп отырғандай, еліміздің экономикалық, саяси-мәдени дамуына үлес қосып, әлеуметтік өркениетке көтерілетін, парасатты, денсаулығы мықты, білімді азамат тәрбиелеу – ұстаздар қауымына артылатын бүгінгі таңдағы мерейлі міндет. Білімді ұрпақ – ертеңгі ел тірегі екенін ескеріп, қазіргі қазақ жастары сапалы әрі үздіксіз білім ала отырып, сол үміт пен сенімді ақтау қа­жеттігін үнемі назарда ұстауы ке­рек. Қазақтың маңдайына біт­кен ақыл-ой иесі, зергер сөз ше­бері, өлең патшасы Абай атамыз: Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан, – деп жырлағандай, әр адам қол қусырып отырмай, еліміздің өсіп-өркендеуіне, мемлекетіміздің болашағына өз септігін тигізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өмір сүрудің өзі бәсекеге айналған мына заманда оқу жүйесіне тың жаңалықтар енгізе отырып, жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландыру үшін алдымен әр адам елдің саяси ахуалынан хабардар болуы қажет. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берудің мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарын айқындап берді. Қазақстанның барлық азаматтарының білім алуға тең құқылы, әрбір азаматтың интел­лектуалдық дамуына, психоло­гиялық-физиологиялық ерекше­ліктеріне қарай, білімнің барлық деңгейіне кең жол ашылды. Әрбір азаматтың білім алуға құқылы екендігін негізге ала оты­рып, жастар бойына ұлттық құн­дылық қасиеттерін қалыптас­тырып, құрметтеуге тәрбиелеуде дидактикалық шарттар, яғни оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қа­лып­тастыру үрдісін жан-жақты қамту қажеттілігі туындайды. Қазіргі таңда Елбасымыз біз үшін білімге, ғылымға тереңірек дендеп енуіміз үшін өз қолдауын көрсетуде. Бізге үміті мен сенімін артып, барлық жағдай жасауда. Сол себепті ХХІ ғасырдың жастары ата-баба ерлігін мақтан тұтып, болашағымыздың жарқын болуы­на аянбай тер төгуілері қажет. Ел болашағына үлес қосу дегеніміздің өзі бүгінде ұлттық мүддеміз бен өз тілімізді құр­меттеп, оның жоғалып кетпеуі үшін туған тілдің құдіретін сезініп, оны аса құнды мұра ретінде бағалау емес пе? Мемле­кет басшысы Н.Назарбаев: «Елің­нің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жон теріңді сығып жүріп, еңбек ет! Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа», – деген болатын. Ел болашағы – бүгінгі жас­тардың қолында. Сондықтан да егемен еліміздегі тұрақтылық пен татулық біздің келешегіміздің ке­пілі десек, сол жастарға тәлім-тәр­бие беретін ағартушылар қау­ы­мына артылар жүк те жеңіл емес. Біз – мемлекеттер арасын­да алакөздіктің болғанын қаламай­тын елміз. Елдер арасындағы іріткінің қаншалықты зардап әкеліп жатқанын біліп те отырмыз. Осы орайда, Елбасының мық­ты саясаткер ретіндегі іс-әре­кетін әлем мойындап отырғанын да мақтан етуімізге әбден болады. Қай кезде де ата-баба мұрасына жүгінсек, қателеспейтініміз анық. «Елдестірмек – елшіден, жау­ластырмақ – жаушыдан» деген сөзде үлкен мағына бар. Әрбір жас осындай сөздердің қадір-қа­сиетін біліп өссе, еліміздің тұрақ­тылығы мен татулығына, бейбіт­шілігі мен бірлігіне сөзсіз қызмет етеді. Биыл – Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы. Оны шын мәнін­де тарихи жылға айналдырып, табыстың, тұтастықтың кілті бір­лікте екендігін тағы бір көрсете алсақ, алар асуымыздың қазір­гіден де биік болатыны күмәнсіз. Елбасының ұстанған сарабдал саясатының арқасында Қазақ елінің туы әрқашан жоғарыдан желбірей беруіне әр азамат үлес қосса, біз алмайтын қамалдың болмайтыны да ақиқат. Жұмакүл ТҰРАРОВА, «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» мемлекеттік мекемесі Лингвистика орталығының аға ғылыми қызметкері, Татьяна ЕРЕМЕНКО, ғылыми қызметкер