23 Маусым, 2016

Тиімділік және әлеуметтік кепілдіктер

650 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сауат Мынбаев (1)«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасалды. Онда өндіру компаниясының жүйелік проблемаларын шешуге және оның еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтауға бағытталған бірқатар алғышарттар бар. Бұл жөнінде осы аптаның екінші күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-та өткен баспасөз конференциясында басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың өзі әңгімелеп берді. Ұлттық компания басшысы журналистерге еншілес кәсіпорын – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жарғысына, екі ком­панияның арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы шарт­қа өзгерістер енгізуге орай ұлт­тық компанияның ұсыныстары тура­лы таратып айтып берді. Әлемдік мұнай нарығындағы ахуалға тоқталып, бүгінгі таңда қандайда бір нақты болжам жасау өте қиын екені туралы әңгімелеген ұлттық компания басшысы осы кезеңде түрлі жағдайға дайын болу керектігін жеткізді. «Мұндай жағ­дайда «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясы ұсыныстарының мақ­саты операциялық тиімділікті арт­тыру болып табылады. Расын айт­қанда, мұнай бағасының құл­дырауы жағдайында басқару мен өндірістік үдерісте жүйелік проб­лемалар шыға бастады. Компания қайтадан пайдаға шыға бас­тауы үшін ол мәселелерді шешу қа­жет­тілігі туындап отыр. Біз операциялық және әкімшілік шығындарды қысқартуға, бизнес-үдерістерді стандарттауға және жанама қызмет көрсету функция­ларын аутсорсингке шығаруға бағытталған әкімшілік-басқару персоналына қатысты бірқатар дағдарысқа қарсы шараларды ұсынып жатырмыз», деді ол. Басқарма төрағасы ұлттық компания осынау ұсыныстары бо­йын­ша акционерлерінің бар­лығы дауыс бере алуы үшін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру тура­лы ресми түрде жүгініп отыр­ғанын айтты. Оның сөзіне қара­ған­да, аталған ұсыныстардың толық бекітілуі үшін оны «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ ак­цио­нер­лерінің кезектен тыс жалпы жи­налысында дауыс берген мино­ри­тарлық акционерлердің басым көпшілігі қолдауы тиіс екен. Акцио­нерлердің бұл жиналысы осы жылдың 3 тамызына жоспарланып қойыпты. Баспасөз мәслихаты барысын­да түрлі сұрақтар туындады. Онда аймақтардағы қарапайым жұ­мысшылардың жұмыс орындары да айтылмай қалмады. Өн­дірістік аймақтарға жоспар­лы жұмыс сапарымен бару «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында дәстүрге айналған. Компания басшылығы мен арнайы мамандары еңбек ұжымдарының және кәсіподақтардың өкілдерімен тұрақты негізде кездесіп, толғағы жеткен мәселелерді дер кезінде талқылап отыруды әдетке айналдырды. Талқыланатын басты мәсе­лелер, негізінен, жұмыс пен тұрмыс жағдайларын жақсарту, қосымша жұмыс көлемімен қамтамасыз ету және тағы басқаларына қатысты. Көп жағдайда бұл талаптар әділ деуге болады, мұнайшының жұ­мы­сы климаты қатал өңірлерде ауыр жұмыстармен байланыс­ты. Сол себепті, кәсіподақ пен жұмыс­керлер көшбасшыларының барлық ескертпелері назарға алынып, мүм­кін болған жағдайда тиісті басшы­ларға оларды шешу туралы нұсқау­лар беріледі. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ-тың аймақтардағы жұ­мыс­шыларын қысқарту немесе персоналдардың қызметін оң­тай­ландыру шарасы бойынша да сұрақ қойылды. «Қазіргі күнде әлемдік эко­номикалық дағдарыстың сал­қы­ны біздің елге де кәдімгідей әсер етіп отырғаны жасырын емес. Осыған орай Мемлекет бас­шысы мүмкіндігінше жұмыс орын­дарын барынша сақтап қалу­мен қатар, өнім көлемін де қыс­қарт­пау бойынша тапсырма жүк­те­ген. «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясы осы тапсырмаға орай өз жауапкершілігін жақсы сезінеді. Сондықтан өндірістегі жұмыс­шы­ларды жұмыстан қысқарту ұлт­тық компанияның жоспарында жоқ», деді басқарма төрағасы. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»