Кеше Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми БАҚ басшылары мен қызметкерлерін, соттардың баспасөз қызметінің өкілдерін келе жатқан кәсіби мереке – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.
Кездесуде Қ.Мәми: «Заманауи демократиялық және құқықтық мемлекет үшін қоғамның барлық өкілдерін саяси өмірге белсенді араластыру маңызды. Ал бұл масс-медианың қатысуынсыз мүмкін емес. Осы ретте БАҚ халық пен билік арасындағы алтын көпір іспетті. Бір жағынан олар адамдарды толғандыратын мәселелерді айтса, екінші жағынан оларды шешудің жолдарын хабарлайды», деді.
Соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылының маңыздылығын айта келе, ол соттар қолданыстағы заңнама негізінде БАҚ-пен жұмыс істеуге дайын екендігін атап өтті. Бұл үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылының жаңа тұжырымдамасы қабылданды, өңірлерде үйлестіруші-судьялар мен баспасөз қызметтері белсенді жұмыс істеуде. 2015 жылдың қорытындысы бойынша БАҚ-та 53 мыңнан астам материал жарық көрді.
Кездесу барысында Жоғарғы Сот Төрағасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету бөлігін іске асыру барысы туралы айтып өтті. Атап айтқанда, сот жүйесіне жүктелген 11 қадамның барлығы орындалды. Осы жұмыстың нәтижесінде отандық сот жүйесі жаңғыртылды. Мәселен, 2016 жылғы 1 қаңтарда соттар үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті, Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы, Халықаралық кеңес пен мамандандырылған сот алқасы құрылды. Прокурорлардың азаматтық істер бойынша сотқа қатысуы заңнамалық тұрғыда қысқартылды. Тергеу судьяларының құзыреті кеңейтілді.
Судьялардың жаңа әдеп кодексінің жобасы әзірленді. Жоба Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды. Бұл құжат бойынша Еуропалық Кеңестің Венеция комиссиясы сарапшыларының қорытындысы алынды. Кодекс ағымдағы жылдың күзінде өтетін судьялардың съезінде қабылданады деп күтілуде.
Кездесу шеңберінде жоғары сот органының БАҚ-пен өзара іс-қимылын үйлестіретін судья Бағлан Мақұлбеков сөз сөйледі. БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтай келіп, ол: «Сот жүйесінің ақпараттық ашықтығы мен айқындығы – судьялардың VI съезінде Мемлекет басшысы айқындаған жұмыстың басым бағыттары. Мұндағы маңызды міндет – сотқа құжаттар келіп түскеннен бастап, шешім қабылданғанға дейінгі кезеңдегі сот жұмысын қоғамға дұрыс түсіндіру», деді. Бұған қоса, ол жиынға қатысушыларды соттардың қызметін ақпараттық сүйемелдеу бойынша ағымдағы жұмыстың барысымен таныстырды.
Барлық облыстық және оған теңестірілген соттарда өңірдегі сот корпусының басты спикерлері ретінде БАҚ-пен өзара іс-қимылға жауапты үйлестіруші-судьялар қызметі енгізілді. Олар барлық өңірлік және республикалық БАҚ үшін барынша ашық әрі өзара байланысты қамтамасыз етуі тиіс. Аталған судьялар БАҚ-та жарияланған барлық сыни материалдар, түйткілді мәселелер жөнінде үнемі біліп қана қоймай, олар бойынша ден қою шараларын әзірлеуі қажет.
Кездесуде сот жүйесінің ақпараттық жұмыс бөлігіндегі кейбір жетістіктері ашып айтылды. Атап айтқанда, интернетте жүйелі жұмыс алға қойылды. Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың ресми веб-сайттарының жұмысы жаңғыртылды. 2014 және 2015 жылдардағы «Қазконтент» АҚ-тың рейтингісінің қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың ресми интернет-ресурсы барлық орталық мемлекеттік органдардың веб-сайттары арасында қатарынан екі мәрте бірінші орынды иеленді. Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі соттар жұмысының өзекті тақырыптары бойынша бейнеблог жүргізіп келеді. Осы ретте 15 бейнеблог әзірленді. Оларды көрудің жалпы саны шамамен 400 мыңды құрады.
Салтанатты шарада жиналған БАҚ өкілдері атынан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Еркін Қыдыр сөз сөйледі. Ол сөзінде бүгінде Жоғарғы Сот Елбасының тапсырмалары негізінде құқықтық және сот реформаларын тыңғылықты жүргізіп келе жатқанын, мұның бәрі заң үстемдігінің артып, әділдіктің салтанат құруына жетелеп отырғанын атап өтті. «Осы арқылы халықтың сотқа сенімі артады, осы сенім арқылы мемлекет беделі өседі», деді ол.
Іс-шарада Қайрат Мәми БАҚ өкілдеріне құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында мұндай құрметке «Егемен Қазақстанның» шолушысы Александр Тасболатов та ие болды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»