2015 жылғы 25 желтоқсан, Астана қаласы
Еңбек төрелігі туралы үлгілік ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабының 21) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Еңбек төрелігі туралы үлгілік ереже бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Б.Б.Нұрымбетовқа жүктелсiн.
4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.ДҮЙСЕНОВА
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрiнiң
2015 жылғы 25 желтоқсандағы №1018 бұйрығымен бекітілген
Еңбек төрелігі туралы үлгілік ереже
1. Жалпы ережелер
1. Еңбек төрелігі уақытша жұмыс істейтін татуластыру комиссиясында келісімге келмеген кезде еңбек дауын шешу үшін уәкілетті адамдарды тарта отырып ұжымдық еңбек дауының тараптары құратын орган.
2. Еңбек төрелігі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
2. Еңбек төрелігінің міндеттері мен функциялары
3. Еңбек төрелігінің міндеттері:
ұжымдық еңбек дауын сотқа дейін реттеу;
ұжымдық еңбек дауын қарау кезінде қызметкерлер және жұмыс берушілердің еңбек құқықтарының және заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.
4. Еңбек төрелігі өзіне жүктелген негізгі міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды орындайды:
егер оның алдында ұжымдық еңбек дауы татуластыру комиссиясында реттелмеген болса, ұжымдық еңбек дауын оның мәні бойынша қарайды;
мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;
ұжымдық еңбек дауының тараптарына ұжымдық еңбек дауының туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде ұсыныстар енгізеді;
өз құзыреті шегінде қаралатын ұжымдық еңбек дауы бойынша тараптар үшін міндетті шешімдер қабылдайды.
3. Еңбек төрелігін құру тәртібі
5. Еңбек төрелігін ұжымдық еңбек дауының тараптары татуластыру комиссиясының жұмысы тоқтатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құрады.
6. Еңбек төрелігі мүшелерінің саны, оның дербес құрамы, еңбек дауын қарау тәртібі тепе-теңдік негізде тараптардың келісімімен айқындалады.
Еңбек төрелігі кемінде бес адамнан тұрады.
Еңбек төрелігінің құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы, Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін еңбек төрелігі жөніндегі кеңестің өкілі, ал қажет болған кезде мамандар, сарапшылар қосылады.
Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша талаптарын қарау кезінде татуластыру комиссиясының мүшелері еңбек төрелігінің құрамына кірмейді.
7. Еңбек төрелігін төрелік мүшелерінің қатарынан сайлаған төраға басқарады.
8. Еңбек төрелігі туралы ереже ұжымдық еңбек дауы тараптарының келісімімен бекітіледі.
4. Ұжымдық еңбек дауын қарау рәсімі
9. Ұжымдық еңбек дауын қарау рәсімін (нысан, шешімнің мазмұны, ұжымдық еңбек дауын қарауды тоқтата тұру мүмкіндігі, ұжымдық еңбек дауының тараптарына және әлеуметтік әріптестік органдарына шешімді тапсыру, отырыстарды шақыруды және өткізуді ұйымдастыру) еңбек төрелігі айқындайды және ол ұжымдық еңбек дауы тараптарының назарына жеткізіледі.
10. Ұжымдық еңбек дауын еңбек төрелігі ұжымдық еңбек дауы тараптары өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен, ал қажет болғанда басқа да мүдделі адамдар өкілдерінің қатысуымен қарайды.
11. Еңбек төрелігі өз құзыреті шегінде:
ұжымдық еңбек дауы тараптарынан осы дауды қарауға қажетті ақпаратты алады;
еңбек төрелігі процесіне қатысу үшін лауазымды адамдарды және ұйымдардың басқа да қызметкерлерін, ал қажет болған жағдайда сарапшыларды және консультанттарды шақырады;
ұжымдық шарттарда, келісімдерде қамтылған нормаларға құқықтық баға береді.
12. Еңбек төрелігінің шешімі ол құрылған күннен бастап жеті жұмыс күннен кешіктірілмей төрелік мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Еңбек төрелігінің бір немесе бірнеше мүшесі дәлелді себептермен болмаған кезде дауыс беру құқығын беруге, сол сияқты басқа адамдар үшін ұжымдық еңбек дауы тараптары актілерінің негізінде дауыс беруге жол беріледі.
Еңбек төрелігі мүшелерінің дауыстары тең бөлінген кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Дәлелді шешім жазбаша нысанда жазылады және оған төрелік мүшелерінің барлығы қол қояды.
13. Еңбек төрелігінің шешімі ұжымдық еңбек дауы тараптарының орындауы үшін міндетті болып табылады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12634 болып енгізілді.