25 Маусым, 2016

Әліптің артын баққан әрі-сәрі әлем

556 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
24-06-16-sankcia Әлем қазір қатты алаңдаулы. Ол белгілі бір белестен асқалы тұр­ғанда демін ішіне тартып, тың тыңдап тұрған тәжірибелі барысқа ұқсайды. Соңғы күндері әліптің артын баққан әлемнің назарынан Таяу Шығыстағы «мұсылман мемлекеті» тобыры да, Еуропаға қарай ағылған босқындардың жайы да біршама кейіндеп қалып, басқа бірқатар өткір сұрақтар алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұлардың тізбегінде Ресей жеңіл атлеттерінің допинг дауына байланысты Рио-де-Жанейро Олимпиадасына бару-бармауын шешу, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы сияқты мәселелер күн тәртібіндегі бірінші кезекке шығып кетті. Италия Ресейге қарсы санкцияға тұсау сала бастады Еуроодақтың бұдан бірер күн бұрын Ресейге қатысты санкцияны созу туралы шешіміне келіспейтін одақ мүшелерінің қатары көбейіп келеді. Осыған байланысты ЕО бұл шешімді түбегейлі қабылдауға бара алмай отыр. Radio Free Europe радиосының хабарлауынша, ресми Рим бұл жерде Ресей саясаткерлеріне қатысты санкция қарарының 2016 жылдың соңында қайта қаралуын алға тартып тұрып алған. Ол мұндай талапты талқылаудың ең соңғы сәтінде шығарған. Радиостанса тілшілерінің деректері бойынша, Италияның мұндай позициясы мәселені шешуді Еуроодақ лидерлерінің маусым айының соңында өтетін кездесуіне дейін қалдыра тұруға мәжбүр етеді. Ал Еурокомиссияның басшысы Жан-Клод Юнкер бұдан бұрын санкцияны ұзарту жөніндегі мәселенің шешіліп қойғанын, бірақ алдағы алты ай бойына шектеудің біраз әлсірейтінін мәлімдеген болатын. Осы екі аралықта Франция мен Швецияның парламенттері Еуропа одағының Ресейге қарсы санкцияларының мерзімін ұзарту жөніндегі ұсынысын қолдауға арналған процедура өткізді. Бірақ оның толық шешім қабылдайтын уақыты әзірге белгісіз болып отыр. Белгілісі, екі елдің де депутаттарының көбі санкцияны созуға қарсылық білдіре бастады. Соның ішінде француз депутаттары шектеулердің бірқатарын алып тастаған. Мұндай қарсылықтарды қазір Венгрия, Австрия және Болгария елдері де білдіріп жатыр. 24-06-16-golodӘлемді аштық жайлайтын шақ жақын Ұлыбританияның Лидс университетінің ғалымдары Жер бетіндегі ауа райының күрт жылып кетуіне байланыс­ты алдағы 10 жылдың ішінде әлемді жаппай аштық жайлай бастайтынын айтып отыр. Себебі, климаттың өзгеруі көптеген дәнді дақылдардың өнімділігіне кері әсер еткелі тұр. Осыған байланысты адамдар өздерін өздері асырай алмайтын халге жетуі мүмкін. Университеттің Энди Чаллинор бастаған мамандары командасы бұған Африка құрлығында жылдың орташа температурасының көтерілуіне байланысты пайда болатын құрғақшылық пен жылы толқын салдарынан жүгері дақылы шығымының өзгерісі ахуалын зерттеу арқылы көз жеткізген. Ал «қара құрлықтың» алынып отырған себебі тап осы аумақта адам санының өсуі барлық континенттен жоғары болып тұр. – Біз ауа мен топырақ температурасы жүгері өсіміне қаншалықты ұзақ уақыт ықпал ететінін тексеріп көрдік. Сонда байқағанымыз, температураның көтерілуі бұл мерзімді қысқартып жібереді екен. Олай болса, бұл алынатын биомассаны да азайтып жібергелі тұр, - деді Чаллинор. Ағылшындардың жүгеріні зерттеу нысанасы етіп алуларына көптеген дамушы елдерде, соның ішінде Африкадағы мемлекеттердің басым бөлігінде, Сахараның өне бойында дақылдың осы түріне айрықша басымдық берілетіні себеп болыпты. Жұмыс барысы 2018 жылға қарай мұндағы бірқатар елдерде жүгерінің өнімділігі түсіп кететінін көрсеткен. Ал 2030 жылға қарай құрлықтағы елдердің басым бөлігінде дақыл қалыпты деңгейде өсе алмайтын жағдайға жетеді. Ғалымдар парникті газдардың қоқыстары тоқтауының өзі бұл үдерісті тоқтата алмайтынын айтады. Соның салдарынан 2050 жылдың шамасында құрғақшылық шарықтау шегіне жетеді. 24-06-16-palestinaИзраиль Палестина жерін еврейлендіруге көшті Израиль өзі басып алған Палестина жерлерінің құрылымын өзгерту саясаттарын жалғастырып, бұл аймақтарда жаңа қалашықтар салу жоспары бар екенін мәлімдеді. Сионистер әкімшілігі Рамалла мен Құдс қалаларының ортасындағы ескі әуежайдың орнында жаңа қалашықтың құрылысын бас­тауды көздеп отыр. Палестина-Израиль келіссөздері жүріп жатқан өткен жиырма жылда Израиль басшылары уақытты пайдаланып, 1967 жылы басып алынған палестиналықтардың жерлері мен үйлерін тәркілеп, сионистер өмір сүретін қалашықтар тұрғызып, жердің негізгі иелері қайтып оралатын жолдарды жапты. Енді жаңа жоба бойынша 15 000 пәтер салады. 1990-жылдардың ортасынан бері мұнда құрылыс жүргізілмеген еді. Израиль үкіметі жексенбі күнгі отырысында Иор­дан өзенінің батыс жағасын сионистер қалашығына айналдырып, құрылыс салу үшін 72 миллион доллар қаржы шығарды. Сонымен бірге, 40 миллион доллар қала­шықтар кеңестерін дамытып, уақытша үйлерді тұрақты үйлерге айналдырып, олар туризмді дамытуға бөлінді. Израиль өткен онжылдықта саяси, эко­номикалық және мәдени оқшау қа­лып ұстап, 70 жылға жуық уақыт палес­тиналықтар жағдайын қиындатты. Қала­шықтар басып алынған жерлерде салынып, дамуда. Алайда, Палестина халқының әділет талап еткен айқайы олардың арасында жерлерін қайтарып алуға деген үміттің әлі үзілмегенін көрсетеді. 24-06-16-boko_haramНигерияда «Боко Харамнан» қашқан 200 адам аштан өлді Соңғы айларда Нигерияның Бама қала­сында «Боко Харам» содырларының шабуылдарынан қашып, үйлерін тастап кеткен 200-ден астам адам аштан өлді. Бұл туралы ВВС ақпарына сүйенген ras.kz хабарлады. Халықаралық «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының (MSF) хабарлауынша, содырлардан қашқандарды паналату үшін аяқ астынан жасала салған лагерьде қазір 24 мың адам тұрады. Бама қаласының тұрғындары мұнда күн сайын аштық пен аурудан өлген 30 адамның бейіті пайда болып жатқанын айтады. Олардың барлығы да «Боко Харам» террорлық ұйымының шапқыншылығынан қашып келгендерден құралған. Аталмыш ұйым қарақшылары Нигерия, Камерун, Чад мемлекеттерінің территорияларында лаң салып келеді. Тобыр үкімет әскерлерімен және Африка мемлекеттері біріккен контингенті жауынгерлерімен қақтығыстарда орасан зор шығынға ұшырап келе жатқанына қарамастан, аймақ үшін әлі де үлкен қатер төндіріп тұр. «Боко Харам» Нигерияның солтүстігінде исламның фундаменталистік пішімін орнату үшін 2009 жылдан бері күрес жүргізуде. Содан бері жеті жылдың ішінде терроршылар қолынан 20 мыңға жуық адам қаза тауып, 2 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. 24-06-16-turtsiyaТүркиямен сұхбаттасуға әзірлік танытты Ресей сыртқы істер министрлігі Мәс­кеудің Түркия сыртқы істер министрлігі қайраткерлерімен сұхбаттасуға әзір екенін жеткізді. Ливанның «Almayadeen» хабар арнасының мәліметіне қарағанда, Ресей сыртқы істер министрлігі бейсенбі күні егер Түркия Ресейдің Сочи қаласына шақыруын қабылдаса, Мәскеу осы елдің тиісті ведомство­сымен келіссөз жүргізуге әзір отыр деп мәлімдеген. Ал сол аралықта Түркия президентінің ақ­парат өкілі «қазіргі жағдайда ресейлік қыр­ғи ұшақтың Түркияның әуе күші тарапынан атып түсірілуіне қатысты кешірім сұ­­рау, Ресейге өтемақы төлеу Анкараның күн тәр­тібінде жоқ» екенін жасырмай айтты. Ибрахим Калын бейсенбіде Түркияның Ресеймен арадағы байланысты қалпына келтіру өтінішіне сілтеме жасап: «Келіс­пеушіліктерді шешу үшін ортақ шешім жолын табатын мүмкіндік бар, бірақ ұзақ жол­дан өту керек»,  – деген ойға салмақ салды. Анкара мен Мәскеу байланысы өткен жылы Ресейдің қырғи ұшағы Түркия армия­сы тарапынан атып құлатылған кезден бері бұзылған болатын. Осының салдарынан Ресей Түркияға қарсы бірнеше тармақтан тұратын санкция салды. Ол жақтан келе­тін көкөніс-бақша өнімдерінің жолдары кесілді. Соның ыңғайында Ресейден Анадолы жеріндегі теңіз жағалауларына ағылып барып жататын туристер қатары сап тыйылды. Бұл Түркияны біраз шығынға батырды. Топтаманы дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»