Жақында облыс орталығында Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан істерінен хабардар етті. Бізді қызықтырған индустриялық-инновациялық туризмді дамытудың жайы болды.
Аудан әкімі Серік Зинабекұлының айтуынша, үстіміздегі жылдың бес айында ауыл шаруашылығында 6 миллиард 346 миллион 700 мың теңгенің өнімдері шығарылған. Ал жыл басынан бері өнеркәсіпте 966 миллион 900 мың теңгенің өнімі шығарылып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда алға жылжу байқалған. Есептік кезеңде негізгі капиталға жұмсалған инвестиция көлемі 1536,7 миллион теңгені құраған. Ауданда «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында индустрияландыру картасына «Бәтуа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты пластикалық құбыр зауыты енгізіліп, ол өз өнімдерін шығарып жатыр. Шетел инвестициясын тарту мақсатында өткен жылдың соңында көрші Қытай елінің және біздің бастамамызбен құны 2,7 миллион АҚШ доллары болатын Үржардағы темір-бетон бұйымдарын шығаратын инвестициялық жобаға қол қойдық. Зауыт құрылысына 7 гектар жер беріліп, қазір онда жабдықтарды орнату жүргізілуде. Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау бағдарламасы бойынша жыл басынан ауданның 110 шаруа қожалықтарына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 57009,0 мың теңге көлемінде субсидия төленді. «Алғабас» шаруа қожалығының төрағасы Мәулетбек Қалиев бұдан бірнеше жыл бұрын айшылық алыстағы Австралиядан «Ангус» асыл тұқымды ірі қарасын әкеліп, өсіріп жатыр. Ол жерсінді, қазір шаруа қожалығы 1800 бас малды бордақылауда.
– Облыс әкімі Д.Ахметовтің тапсырмасына сәйкес терең өңдеумен айналысатын жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін фабрика құрылысын салу ойда бар,– дейді аудан әкімі Серік Зайнулдин.
– Аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттары, техникалық-экономикалық сараптамасы және бизнес жоспары дайын. Жалпы құны 45 миллиард 22 миллион теңге болатын алып құрылыс іске қосылған соң 817 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлері омарта шаруашылығын мықтап қолға алған, өткен жылы жоғары сапалы 50 тонна бал арнайы қораптарға салынып, Қытайға жөнелтілген. Қазір үржарлықтар 200 тоннаға дейін бал өндіріп жатыр. Ауданда алманың жаңа сортын өндіру қолға алынған, соя дақылын өсіру дамып келеді.
Ауданның атақ-даңқын шығарып тұрған суы шипалы, адам ағзасына аса пайдалы Алакөлде өткен жылы 109 мың адам дем алған екен. Қазіргі таңда Алакөл жағалауында 120 туризм нысандары жұмыс істеп тұр. 88 демалыс үйі, 18 асхана, бір дәріхана, 13 сауда дүкендері жазғы маусымда демалушыларға қызмет көрсетуде. Туризмді дамыту жобасы бойынша екі ірі жоба жүзеге аспақ. Алакөл жағалауында «Дега» серіктестігі жалпы құны 250 миллион теңге болатын «Арасан-Алакөл» демалыс үйін пайдалануға бермек. Онда 15 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек. Биыл тағы бір ауданның кәсіпкері А.Суықбаев құны 200 миллион теңге болатын демалыс үйін салуды қолға алмақ. Алакөл жағалауындағы «Үржарайым» балалардың демалыс лагерінде жыл сайын жүздеген оқушылар демалады, денсаулықтарын түзеп, спортпен шұғылданады. Келер жылы – атақты әнші Әсет Найманбаевтың 150 жылдығы. Оған әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Таяуда мұражайда мәдени шара өтті, енді ескерткіш орнатылмақ.
Алайда, аудан әкімін алаңдататын жайлар да жоқ емес. Алакөл арнасынан асып, қатты толқындар туған кезде жағаны шайып, көлдің арнасы кеңіп, ауылға қарай жақындап келеді. Тіпті, көл демалыс үйлеріне қарай 15 метрге дейін жақындаған. «Бір кездері көлдің жағалауын бекіту мәселесі көтеріліп, қаржы бөлінген еді,– дейді аудан басшысы. Бюджеттен 3 миллиард 840 мың теңге бөлінсе де, ол қаржы жеткен жоқ. Жағалауды металл құрсаумен шегендеу ісі алға басар емес».
Бұдан кейін аудан басшысы спорт жайлы айта кетті. Бұл күндері ауданда жүздеген спорт модульдері мен спорт алаңдары жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Мамырбек Қарашев деген кәсіпкер Көлденең ауылында құны 90 миллион болатын спорт кешенін салып, жерлестеріне тарту етті. Шаңғышы Оксана Яцкая, балуандар Алмат Кебісбаев, Әсет Мәмбетов ауданның мақтаныштары. Жыл сайын өтетін облыстық халық ойындарында аудан саңлақтары табысқа жетіп жүр.
Оңдасын ЕлуБАЙ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы