06 Шілде, 2016

Естен кетпес ерек күн

501 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
10504828_10201666030967036_4805279763513988411_oТарихи оқиғаға қайта ойыссақ. Сол жылы мектеп оқушылары арасында жас Астананың символы болуға лайық аруды анықтау үшін конкурс ұйымдастырылды. 200 үміткер сынға түскен са­йыста №31 мектептің шәкірті Мәдина Закирова лайық деп танылды. – Әрине, бұл Астана тарихын­дағы айтулы күн. Отандық дизайнерлер маған арнап әдемі көйлек тікті.  Сол кеште еліміздің танымал әншілері Бауыржан Исаев пен Нағима Есқалиева «Астананың алғашқы таңы» әнін шырқағанда, Пре­зидентке гүл шоқтарын ұсын­дым. Қобалжығаным рас.  Бірақ, «жас Астананың символы», «Еуразия аруы» деп хабарлап жатқанда бойымды тіктеп, тек алға қарай ұмтылдым, – деп еске алады Мәдина. Мәдинаны алғаш көргенде, таңданып қалдық. Сол баяғы сұлу қыз. Астанамен бірге құлпырып, жыл өткен са­йын жасарған­дай.  Айтуынша, мектеп бітірген соң заңгер мамандығы бойынша жо­ғары білім алған. Оқуын  тәмамдағаннан кейін түрлі сән агенттіктерінен бірлесіп жұмыс істеуге шақырту алыпты. Алайда, бәрінен бас тартып, ұлттық ком­па­нияға жұмысқа орналасады. Мақсаты – өз саласының маманы болу. Кейіннен өмірлік жарын жолықтырып, тұрмысқа шығады. «Қыздың басты мақсаты – ке­­лін болу. Ата-анамнан алған тәрбием ғой, өз отбасымның, өз балаларымның болғанын қаладым.  Өйткені, сәбиді өмірге әкелу бар, ал оны тәр­биелеп, азамат қатарына қосу үлкен жауапкершілікті қажет етеді» дейді ол. Мәдина инженерлер отбасынан шыққан. Әкесі Қанат Базкенұлы Астанаға еңбегі сіңген инженер. Сонау елорда  құрылысы қайнап тұрған шақта оның жетекшілігімен  бірнеше тұрғын үйлер, зауыттар, комбинаттар  са­лынған. Ал, анасы Мәрияш Көшербайқызы «Целиноград тяжстрой» кәсіп­оры­нында талай жыл жұмыс істе­ген. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Бүгінде Мәдинаның өзі Өскен­баевтар әулетінің келіні.  Көпбалалы ана. Жолдасы Алмаз  екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.  Әрине, балаларына бас-көз болып, оларды еркелететін ата-енесінің барына шүкіршілік айтады. – Бір әулетке жаңадан  келін болып түскеннен кейін, сіңісіп кетуің керек. Бұл ретте анам Мәрияш пен дүниеден өткен әкем Қанатқа қарыздармын.  Олардың өмір бойы берген білімі, тәлім-тәрбиесінің арқасында сүйікті келін атандым. Аллаға шүкір, ата-енем де жақсы адамдар. Мені өз қыздарындай бауы­рына басты. Білмегенімді үй­ретті. Ең бастысы отбасымызда береке бар, – дейді ол. Негізінде, Өскенбаевтар әу­леті астаналықтарға етене таныс. Әулеттің әкесі Болат Айтпайұлы  Өскенбаев зейнет демалысына шық­қанша құқық қорғау органдары саласында еңбек еткен. Астана қаласы Жол по­лиция­сы басқармасының бастығы болған. Елорданың гүлденуіне,  жолдағы тәртіпті қадағалауға үлес қосқан азамат. Зайыбы Мәншүк Серік­пайқызы білікті дәрігер, бар ғұ­мырын медицина саласына арнап келеді. – «Адам ұрпағымен жасайды», тәп-тәтті неме­ре­леріміздің құл­дыраңдап жүгіргені қуантады. Әрбір жетістігіне мәз боламыз.  Балам мен келінімнің үлкен қызы Айдана  6-сыныпқа өтті. Атқа мінгенді ұнатады. Тігін тігіп, анасына тағамдар дайындауға көмектеседі. Одан кейінгі немерем Әл­мансұр 3-сыныпқа көшеді. Өзі футболмен әуестенеді. Биыл 1-сыныпқа баратын Абдулмәлік те спортқа құмар, оның ішінде каратэ және хоккей үйірмелеріне  барып жүр. Ал, екі жастағы кішкентай ерке Әминамыз көз-қуанышымыз.  Инабатты келін – ұлттың ұйыт­қысы, деп жатамыз ғой. Біздің әу­леттің шын жанашыры, жасы келген кісіні сыйлап, жан-жағына  ізеттілік таныта білген Мәдинаны біз де мақтан тұтамыз, – дейді Мәншүк апай. image-08-06-16-04-49Әңгіме арасында, Мә­дина елорданы жанындай жақсы көретінін айтты. Қаламыздың жеткен әрбір жетістігіне шын қуана білетін  патриот жандар­дың қатарында екенін жасырмады. – Астана көз алдымызда көр­кеюде. Халықаралық жиындар­дың орталығына айналып үлгерді. Тұрғындардың  жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалуда. Әсіресе, балаларымыздың болашағы зор болады  деп ойлаймын. Елорданың әрбір тұрғыны бақытты болса екен деп те армандаймын. Еліме тек бейбітшілік, жақсылық тілеймін, – дейді ағынан жарыла. Астананың тұсаукесер рәсімінде Мәдина киген көй­лектің ерекшелігі – матадан тігілмегендігі. Қолмен то­қылған. Кринолин, мөлдір мон­шақ, түрлі-түсті ұсақ тас­тармен әшекейленген. Әрі жібек кестемен өрнектелген. 36 түстен тұратын көйлек  па­йетка және венециялық бисермен тоқылғандықтан ерекше жар­қырайды.  Салмағы – 9 келі. Қазақстанда ең алғашқы ашыл­ған  «ОХІ» сән үйінің бұл көйлегі тарихи экспонат деп танылған.  «Астана-Еуразия аруы»  композициясы ре­тінде күні кешеге дейін Президент мәдениет орталығына келушілердің назарын аудартты.   Бір қызығы, қазақстандық он шебердің қолынан шыққан туынды жұмысына  сегіз ай уақыт кеткен көрінеді. Құны сол жылдары  Астанадағы үш бөлмелі пәтердің бағасына тең түскен. Ав­торы әрі бас дизайнері – Оксана Корби-Шамина. 2000 жылы Мәскеуде өткен «ХХІ ғасыр – жаңа Ресей» атты халықаралық көрмеде «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы» сән коллекциясына енген аталмыш көйлек  жоғары бағаланған. Француз сән қауымдастығының прези­денті Шарль де Костель-ба­жака  фестивальдің арнаулы жүлдесімен марапаттаған. Осы байқаудан кейін тарихи сәттің куәсіне айналған көйлек бұрынғы Президент мәдениет орталығына  тап­сырылған екен.  Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ, журналист