Ресейдің «
Спорт-Экспресс» газеті бүгінгі нөмірін «Финал для двоих: Роналду против Гризманна» деген аншлагпен шығарды.
Басылымның баяндауынша, командалар кімнің чемпион болатынын анықтап қана қоя салмайды, сонымен бірге, олардың лидерлері – Криштиану Роналду мен Антуан Гризманның қайсысы күшті, қайсысының жылдың қорытындысы бойынша «Алтын доп» жүлдесін алуға лайықты екендерін шешіп алады... Португалдың жасы да үлкендеу, тәжірибесі де көптеу, сондай-ақ салмағы да ауырлау. Ол әлі өткен шаққа кеткен жоқ, нағыз осы шағында жүр. Бұған қарағанда, Гризманның жақын арадағы келешегі жарқын бола түсетін сияқты. «Жексенбі күні уақыттар тоғысқан кезде, сол жарқ ететін сәттер де көзге көрінеді», деп жазады газет бұдан әрі.
«Матч ТВ» телеарнасының комментаторы Константин Генич «Советский спорт» газетіне берген сұхбатында: «Матчтан ешқандай жарқыл күтіп отырғаным жоқ. Жалпы, финалдық ойындардың олай болуы өте сирек кездеседі. Мен осы орайда біз бұл күні қосымша уақытты да, матчтан кейінгі пенальтилер сениясын да көріп қалатын шығармыз деп ойлаймын. Түбінде бұл кездесудің тағдырын бір доп шешіп кететін болады... Менің ықыласым Франция жағында. Біріншіден, алаң иелерінің турнирді ұтқанын қалаймын, екіншіден, мені Португалия құрамасының футболынан гөрі осылардың футболы көбірек қызықтырады», деді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ