15 Шілде, 2016

Тәуекелдің төресі – еңбек

758 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Копия IMG_6833Өрге ұмтылып, кеңге талпынған, соның нәтижесінде елінің елеулісіне айналған тұлға туралы 17 шілдеде атап өтілетін Металлургтер күніне орай сөз қозғауымыздың да реті келіп отырған сыңайлы. Кейіпкеріміз кім? Ол – түсті металдардың «тілін» білетін инженер-металлург, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған ардагер Жолдасбек Смаилов. Смаиловтар әулетін металлургтер әулеті дегеніміз орынды. Әкесі де, балалары да металлургтер. Әкесі Бекмағамбеттің металл құятын цех­тағы қайнаған қызу жұмысы бала Жолдасбектің металл тілін білуге деген құмарлығын арттырып, Қазақтың тау-кен институтының инженер-металлург мамандығына түсуіне себепші болса, одан әрі өндірісте шыңдалған тұлға болып қалыптасуына зор ықпалы тигенін өмірдің өзі дәлелдеді. Бұған қоса өзінің ұлы Серік пен қызы Гүлнәр да инженер-металлург мамандығын таңдап, екеуі де өз саласы бойынша техника ғылымдарының кандидаты атанды. Келіні Мәдина Сауыққызы Тәкежанова да металлург, ал кіші қызы Айгүл дәрігер. Міне, әулеттен жалғасқан бұл ғажап қасиетті, оның ішінде ең ауыр саланы игеруде елі үшін қыруар еңбек еткен Смаиловтар отбасын Металлургтер күнінде қалай көсілтіп жазсақ та лайық. Кейіпкеріміз еңбекке деген ғажап қасиетін жоғары оқу орнынан соң 1957 жылы Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының агломерация цехында қатардағы жұмысшы болып жүргенде-ақ танытты. Арада жыл өтпей жатып-ақ, бірден зауыттың агломерация мен кеннің біріктірілген алып цехының аға мастері болуы – соның дәлелі. Ол рафинация цехының ұжымын басқарғанда инженерлік қабілетінің мығымдығын одан әрмен жіті таныта түсті. Мұның бірінші айғағы – оның таза қорғасын алуға қажетті жаңа қазанның жобасын жасап, оны Барнаул қаласында құйдырып әкеліп, іске қостыруы. Сол жаңа қазан зауытқа қорғасын қорытуды 20 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Ж.Смаиловтың өнертапқыш инженер-металлург екеніне одан кейінгі айғақтар: оның сол кездегі «чушка» деп аталатын салмағы 41 килограмдық қорғасын «кірпішті» енді бірден бір тонна етіп құю және қорғасынды мыстан тазарту әдістері. Осы соңғы мыс тазарту әдісі кезінде өндіріске бірден 486 мың сом таза пайда әкелді. Ізденімпаз инженердің бұл аталған әдістерін табанда немістер бастап, бүкіл әлем кеншілері қабылдап алды. Бірде Дінмұхаммед Қонаевтың осы ұжымға барғанда: «Мұның бәрін біздің инженеріміз Смаилов жолдас ойлап тапқан ба?!» – деген таңданысын неге айтпасқа?!. Жолдасбек Бекмағамбетұлының талантты өнертапқыш екеніне және бір айғақ – оның сол жабдықтағы қызмет ету мерзімін екі есе ұзартуды қамтамасыз еткен, аккумулятордағы қорғасын құра­мына 0,5-1 пайыз мышьяк қосу жөнінде тапқан жаңалығы. Қазір бұл еңбектің нәтижесі әлемдегі аккумулятор зауыттарында қолданылуда. Осындай іргелі комбинатта Ж.Смаи­лов рационализаторлық іспен белсенді айналысып, жиырмаға жуық авторлық куәлікке ие болды. Осынау айрықша жетістіктері үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген рационализаторы» деген құрметті атақ берілді. Бұдан әрі өз саласы бойынша кандидаттығын қорғады. Елуден астам ғылыми және отызға жуық ғылыми-көпшілік еңбектерін жазды. Мұның бәрі де өз заманында басылым беттерінде жарияланып, мамандар тарапынан жоғары бағасын алды. Ол енді алдымен өзі жұмыс істеп жүрген зауыттың кәсіподақ ұйымының төрағалығына, кейін бүкіл комбинат кәсіподағы ұйымының төрағалығына сайланды. Одан біраз уақыт өткеннен кейін ол Қазақ КСР Түсті металлургия министрлігінің техникалық басқармасы бастығының орынбасарлығына көтеріліп, одан әрі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің қара және түсті металлургия, сондай-ақ, геология секторын басқарды. Бұл қызметте қажымас қайрат иесі, білімдар металлург-инженер, қара қылды қақ жарар әділ азамат Ж.Смаилов – Қарағайлы мен Жезкент кен-байыту комбинаттарында, Жезқазған, Балқаш, Ақшатау кен-металлургия, Қарағанды металлургия комбинаттарының, Шымкент, Жамбыл фосфор өндіріс орындарының, Ақтөбе, Ақсу ферробалқыту зауыттарының жұмысындағы кемшіліктердің бетін ашып, оларды дұрыс жолға қоюға басшылық жасады. Қарағанды металлургия комбинатында алып ақ қаңылтыр цехын іске қосудың басы-қасында болды. Кеңестік кезеңде өнеркәсіп өндірісін басқарудың қаншама қыр-сырын меңгерген Жолдасбек Бекмағамбетұлы еліміз Тәуелсіздік алған кезде нарықтық қатынас талаптарына тез бейімделіп, 1992 жылы республикамыздағы кен өндіретін зауыттар, комбинаттар, басқа да кеніштердің басын біріктіріп «Қазақтүстіметалдар» концернін құ­рысты. Соның бас директорының орынбасары болды. Кейін ол концернді ірі ұлттық корпорацияға айналдыруға атсалысып, оның вице-президенті қызметін атқарды. Бүгінде «Казцинк» ашық акционерлік қоғамы атанып отырған тәуелсіз еліміздегі алып кәсіпорында инженер-металлург Ж.Смаиловтың да өзіндік қолтаңбасы бар. 2007 жылдан бастап Металлургия министрлігінде қызмет еткен арда­гер­лердің басын құрап «Қамқоршы» деп аталатын қоғамдық ұйым құрған. 100-ге жуық мүшесі бар бұл ұйымды күні кешеге дейін өзі басқарды. Сондай-ақ, осы ұжымды құруға атсалысқан В.П.Симоновке, В.В.Бедновқа, Т.В. Сту­ден­цоваға, Қ.Батырғожинға және Б.Тұр­ғанбаевқа Ж.Смаиловтың алғысы шексіз. Д.Қонаев бастаған тұлғалардың тікелей мұрындық болуымен республикамызда қаншама өнеркәсіп ошақтары – фабрика, зауыттар, комбинаттар орнады. Мұндағы мақсат – қазақ жерінің өз иесін – қазақтарды өнеркәсіп өндірісіне жаппай тартып, олардың өздерінің арасынан шексіз кен байлығымызды ұлттық қазынаға айналдыратын өнеркәсіп орындарын басқаратын жоғары білімді, білікті инженер маман кадрлар даярлап, жетілдіру еді. Діттеген мақсат орындалып, металлургия саласын Евней Бөкетов, Сауық Тәкежанов, Мінайдар Рамазанов, Темеш Садуақасов, Далабай Ешпанов, Ырзабай Қобдабергенов, Мұрат Байбеков, Баян Рақышев, Ақан Нұрсұлтанов, Кешірім Бозтаев және біздің кейіпкер Жолдасбек Смаилов меңгерді. Бұл аталғандардың бәрі де кейін өз мамандықтарының майталмандары болды. Олардың қай-қайсысы да Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің тасын өрге домалатты. Соның нәтижесінде Қазақстанда ғана бірден-бір одақтық Түсті металлургия министрлігі құрылған еді. Бір кездегі бір әулеттің жалғыз тұяғы, ал ата-анасының бар пәк тілеуі өзінің үстінде болған Жолдасбек ақсақалдан ауыр өндірістегі жетістіктерінің себебін сұрағанда: «Әркім өзі шыққан тауым биік болсын деген үміт дүниесінің желкен қайығымен жүреді. Мен айтар едім, бос қиялдан гөрі еңбегіңе сен. Тәуекелдің төресі сол. Таза еңбегің тауға да шығарады, дауылдан да алып өтеді. Әр кәсіптің өз қиындығы мен қызығы бар. Әңгіме сүйген істен сүйініш табуда ғой. Мен Қазақстанның аса ірі өнеркәсіп орнында алғашқы еңбек жолымды бастағанда осыған анық көз жеткізіп, өмірлік қағидаға айналдырдым», – деп еді кең ойлап, кең пішетін абыз жүрек. Жолдасбек Смаилов тек металлург емес, оның қалам ұстайтын қабілеті де бар. Бала күннен жүрегіне жақын дүниелерді қағазға түсіріп, түртіп жүруді әдетке айналдырған. Төрге жетелеген осынау тынымсыз жазбаның жемісі болар зейнеткерлікке шыққаннан соң айтулы үш еңбегін жазып, үш кітап етіп шығарды. 2005 жылы «Жүрек жыры, көңіл сыры» атты жыр кітабы, 2008 және 2010 (қайта басылған) жылдары «Қаракесек Шаншар Абыз әулеті» атты шежіре кітабы оқырмандарға жол тартты. Бұл еңбектерді жазғанда автордың көз жанарының бірі көруден қалса, соңғы еңбегін дайындау үстінде екінші жанарының да көруі әлсіреп, І топтағы мүгедектік алғанына қарамастан, Бас редакторы һәм құрасты­ру­шысы болып «Қазақстанның түсті метал­лургиясының тарихы» атты 564 беттен тұратын энциклопедиялық тұрғыдағы қомақты кітабын 2011 жылы жарыққа шығарды. Қазақстан экономикасының негізін қалап отырған табиғи байлығы – түсті металлургияның тарихын қамтыған осынау тұңғыш еңбекті осы саланың бір топ кәсіби маманы үлкен марапатқа лайықты деп біледі. Жалпы, түсті металлургия тарихын жазуға талпынғандар көп болды, талай кітап шықты да. Бірақ олар көбінесе жекелеген кәсіпорындардың технологиясын ғана қамтумен шектелген. Ал «Қазақстанның түсті метал­лургиясының тарихы» салмақты еңбек. Сол салмақты көтеріп шығу үшін де білік, білім, парасат керек емес пе. Жинақтың тағы бір маңыздылығы – автор осы саланың білгір маманы. Бұл жинаққа еліміздегі түсті ме­тал­­лургияның дамуын сипаттайтын көптеген материалдар мен фотосуреттер топтастырылған. Аталмыш сала­ның өсіп-өнуі, осы салада тер төгіп, қыруар еңбек еткен қазақ интеллигенциясы мен жұмысшы табының көрнекті өкілдері туралы мол мәліметтер және өндіріс ошақтарының көріністері мен панорамасы берілген. Сондай-ақ, республикамыздың барлық кен өндіру, байыту және металлургиялық кәсіпорындарының және олардың негізгі технологиялық үдерістерінің сипаттамалары келтірілген. Олардың арасында тек ірі алпауыттар ғана емес, кішігірім кеніштер, байыту фабрикалары мен зауыттары да қамтылады. «Қазақстанның түсті метал­лур­гиясының тарихының» бір данасын автор жарыққа шыққан кезде Елба­сымыз Н.Назарбаевқа жолдаған болатын. Алғашқы еңбек жолын металлургия саласынан бастаған Пре­зидентіміз бұл еңбекке лайықты бағасын беріп, авторға сол кезде жеделхат жіберіп, хатта: «Құрметті Жолдасбек Смаилов! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты Жаңа жылымен құттықтап, жақсы тілектеріңізді айтып, «История цветной металлургий Казахстана» деп аталатын кітабыңызды сыйлағаныңыз үшін көп рахмет! Хатыңызбен және кітабыңызбен танысқан Президент Сізге алғысы мен ізгі тілектерін жіберуді тапсырды. Түсті металлургия өндірісі жөнінде азды-көпті мәлімет беретін бұл еңбек тиісті мамандар мен осы салаға қызығушылық танытатын оқырмандар үшін құнды басылым болады деп сенеміз. Президент Сізге мықты денсаулық, бақыт, шығармашылық табыс тілейді. Кітап Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мұражайы кітапханасында сақталатын болады», – деп Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков қол қойған. Кітаптың тұсаукесерінде авторға жүрекжарды пікір айтқандардың дені осы саланың мықты білгірлері болатын. Солардың бірі тоқсаннан асқан, түсті металлургияның майталманы, геолог, Қазақстанның Орталық партия комитетінде 22 жыл қызмет атқарған Ю.Л.Шнейдер кітапқа мынадай баға береді: «Кітапта Қазақстанның түсті металлургия саласын өрге көтерген төрт жарым мың азаматтың есімі мен бір мың жеті жүз адамның келбеті берілген. Бұл дегенің – нағыз қайнаған еңбек қой! Яғни, нағыз еңбекшілердің тарихы!» – деп таңданса, академик Сұлтанбек Қожахметов: «Бұл кітаптың жазылу идеясын да, оны іске асырып, кітапты жазған да Жолдасбектің өзі. Жинақтың авторы елге танымал ақын да емес, майталман жазушы да емес. Ол – түсті металдардың «тілін» білетін инженер-металлург. Бұл аз десеңіз, ғалым, қоғам қайраткері. Кешегі кеңестік дәуірде партия қызметінде, басқа да салада еңбек етіп, еліміздің қара және түсті металлургиясын дамытуға зор үлес қосқан білікті маман ретінде танылған азамат», – деп тебіренеді. Шындығында солай ғой. Өз саласының білгір тұлғасы ғана емес, осы саланың тарихын тұтастай қамтыған энциклопедияға бергісіз еңбегін көзден қалыс, көңілден таса қалдырмай жетпіс­тен асқанда, оның үстіне бастаған үлкен ісінің соңына жетпей екі жанары бірдей оқудан қалған сәтте аяқтаудың қандай салмақтылығын біз ежіктемей-ақ, көзіқарақты жан түсінері сөзсіз. Қазақ металлургиясы саласының майталман сардары Жолдасбек Смайловтың саналы ғұмырында осындай сындарлы биікке жетуі – соқтықпалы өмір соқпағында «жарты құртты бөліп жеген» жан-жары, ұлағатты ұстаз Қамария Ғаппарқызының шексіз шарапатының арқасы. Ұзақ жыл ғұмырларын сыйластық пен сүйіспеншілікке бөлеген Жолдасбек ағамыз бен Қамария жеңгеміздің отас­қандарына алпыс жылдан асты. Екеуі қоғам мүддесі жолындағы қалтқысыз қажырлы еңбектерімен бірге ақар-шақар әулет шаңырағының береке-бірлігін маздатып, 7 немере мен 7 шөбере сүйді. Немерелерінің алды Арман ЭКСПО көрмесінің Түркиядағы комиссары болса, Алтынайы білікті банкир. Бар өмірін білім беру саласына арнаған ардагер ұстаз Қамария Ғаппарқызының шәкірттері бүгінде егемен елімізді гүлдендіру жолындағы жасампаз еңбекке жұмылған. Ісі мен сөзі алшақ кетпей, екеуін қабыстырған абзал ағамыз түсті ме­таллургиядағы ұзақ жылғы еңбегіне орай, таяуда төл мерекесі қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қызжібек БӘКІР АЛМАТЫ