09 Ақпан, 2011

«Мен даланың қызымын!»– дейді кішкене ғана Глазунов ауылының тұрғыны Галина Большакова

565 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстаннан басқа елге қоныс аударып, бірақ қайтып оралып жатқан жерлестеріміз аз емес. Қостанай ауданының Глазунов ауылында тұратын Галина Большакова да солардың бірі. Ол Қазақстаннан басқа жерде тұра алмайтыны туған ауылына деген бойын буған сағыныштан екенін жақсы түсінді. Қазір Қазақстанға қайтып оралғанына мың да бір риза. Оның әңгімесінен аузының ұшымен сөйлеген жасандылық емес, өзінің туған жеріне деген сезім шынайылығын байқадық. – Галина Викторовна, сіз Ресейге көшіп кеткеннен кейін Қазақстанға қашан қай­тып оралдыңыз? – Алдымен мені мәртебелі қонақ немесе лауазымы биік адам сияқтандырмай, Галина деп атаңызшы. Мен қарапайым қазақстандықпын ғой. – Жарайды, келістік. – Мен сіздің сұрағыңызды түсіндім. 1983 жылы Қостанай ауданының Глазунов ауылынан Ресейге кетіп, 1991 жылы сол жерге қайтып оралдым. – Сегіз жыл Қазақстанда тұрған жоқсыз ғой, бұл бір адамның өмірі үшін аз уақыт та емес шығар. – Білемін, аз уақыт емес. Мен сияқты көшіп кетіп, қай­тып оралғандар менің таныс­тарымның арасында да жеткілікті. Олар Тәжікстаннан, Белоруссиядан, Ресейден қайта кө­шіп келді. Бірақ олардың көп­шілігі оны өз арамызда, дас­тар­қан басында айтқанмен, жалпақ жұртқа жария етуден ұялады. Ал мен ашық айтудан қысыл­май­мын. Біріншіден, мен ол кезде мектепті енді бітірген жас қыз едім. Красноярск политехни­ка­лық институтына оқуға түстім, оны бітірген соң Кемерово об­лысындағы Киселевск қаласында жолдамамен барып үш жыл жұ­мыс істедім. Ол кезде Кеңес Одағының қай шалғайында болса да жас маманға жақсы қарайтын. Екіншіден, жасыратын несі бар, мен тұрмыс ауырлаған 90-шы жылдары кетіп, жағдай оңалған соң қайтып көшіп келгенім жоқ. Мен оралған 1991 жылы Қазақ­стан егемендігін алып жатқан­мен, экономикалық байланыс­тар­дың үз­ілген, әлеуметтік тұрмыс­тың тө­мендеген кезі болатын. Сол жыл­дары Глазунов ауылында да көші-қонның қызған, әсіресе, көштің басын басқа жаққа бұр­ғандардың көбейген кезі екен. Қазақстанның басқа шалғайынан біздің ауылға көшіп келгендер де аз болған жоқ. Соның барлығына куәмін. Ал Кемеровода жүргенде өз­ім­мен бір ауылда өскен, бір мектепте оқыған Николайға тұр­мысқа шық­тым, Ксения деген қызымыз сол жақта өмірге келді. Бірақ әрі қарай менің шыдамым тау­сылды, қайтып оралдық... – Ол жақта жағдай бол­мады ма? – Мен негізі өзімнің қоныс аударған жағымды жамандаудан аулақпын. Жағдайымыз болмай қалған жоқ, орналасып, орнығып кететіндей едік. Ол жақтың табиғатының өзі көзді арбайды. Толқып аққан Ени­сей­дің өзі, қалың орманы неге тұрады? Бірақ ...Мен бұл ту­ра­лы жеңіл-желпі айта алмай­мын. Пойыз бен ұшақ қай жерді жақын етпейді? Алайда Ре­сейдің біз барған солтүстік ай­мағы мен үшін жердің түбі, тым алыс сияқты көрінді. Екі көзім төрт болып, Қостанайды, туған ауылым Глазуновты аң­сап, қайтып келгенше асық­тым. Қостанайдың селеулі да­ласын аңсап, сағыныштан жү­регім сазды. «Даланың ерекше қасиеті бар». Бұл – менің анамның сөзі. Рас екен. – Сенің ата-анаң да Қазақстанда туған ба? – Жоқ.  Мираулар  отбасы Глазунов ауылында өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан тұрып келеді. Әкем Вик­тор Яковлевичтің ұлты неміс, ал анам Ядвига Мечиславовна поляк қызы. Тың игеруге келген жастар  осы ауыл­да табысқан екен. Қазір өздері тәрбие­леп өсірген екі қыз, бір ұлы, олардан көрген немерелерінің бар­лы­ғы айнала­сында. Анамның туыстары Белоруссия­да тұрады, оларға  қо­нақ­тап барып келеміз. Егер біз Германия­ға немесе анам­ның  туыстарына кө­шеміз десек, біздің  отбасының оған қуаты жетер еді. Бірақ  анам үшін Қазақстаннан артық мекен жоқ. «Даланың ерекше қасиеті бар» дегенде, анам даланың самалын, жері­нің шұрайын ғана айтып отырған жоқ қой, адамдардың бауыр­мал­дығын,  мейірімділігін, адамгершілігін меңзеп отыр. Кең-байтақ Қазақ­стан Глазунов сияқты шағын елді мекендерден тұра­ды. Мен  осы өзімнің туып-өскен жерімді ессіз жақсы көремін. Осы жерде балалық шағым өте бақытты өтті. Глазунов мектебіндегі біздің сы­ныпта 42 бала оқыдық. Бәріміз бір үйдің бала­сындай едік. Олардың  көпшілігі қазір Қазақ­станнан кетіп қалды, расын айт­қанда, Германияға қоныс аударды. Бірақ әлі күнге дейін хабарласып тұра­мыз.  Олар Қазақстанды, кішкентай Гла­зу­нов­ты са­ғынады. Өткен жылы Гер­мания­дағы  сыныптастарымыз кездесу кешін жа­сады. Мұның өзі олардың тарапынан Қазақстанға, туған жеріне деген құрмет деп білемін. – Қазақстанға қайтып келгеніңе өкінген кезің болды ма? – Жоқ, өкінген емеспін. 90-шы жыл­д­ардың ауылға қандай қиындық әкел­генін жұрттың бәрі біледі. Қиындықтың бәрін де  қазақстандықтармен бірге көр­дік, жеңдік деп білемін. Туған ауылыма келген соң мектепте жұмыс істедім. Білім ошағында барлық ұлттың өкілі бар. Мақсат біреу ғана – балаларға білім беру, тәрбиелеу. Жұбайым екеу­міздің  достарымыз бен ата-анамның сыйлас кісілерінің  басым көпшілігі қазақтар. Осы халықтың қонақ­жайлы­ғында, бауырмалдығында, адамгершілікке негізделген терең дәстүрінде шек жоқ. Олардың  қанындағы еркіндік, кеңдік даламен байланысты ма деп ойлай­мын. Мен де даланың қызымын деймін өзімді. Нақ шыным, біздің отбасы­мыз Қазақстанның  мемлекеттік мере­ке­лері­нің барлығын да тойлаймыз. Айна­ламыздағыларды құт­тық­таймыз. Тәуел­сіздік күні ауылда өтетін шаралардан  үйдегі қарт ата-анам да қалм­айды. Нан мен ән болсын деп тілеп отырады.  Айтпақшы, біз Ресейде жүргенде дос­тас­қан құрбым қонаққа келіп тұрады. «Қазақстандағы адамдар қандай  әдемі, сұлу» деген сөзді жиі қайталайды құрбым. Ал дініне, тіліне, түсіне қарамай, біздің арамыздағы достық пен сыйластық осы сұлулықты еселеп тұрған жоқ па?!  Қазір ойласам, мені сағындырған да осы екен. – Галина,  ашық-жарқын әңгімеңе рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Қостанай ауданы.