09 Ақпан, 2011

Менің елім, менің тағдырым, менің Президентім

971 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Тарихты уақыт жасайды, ал тарих өз жадында қоғам мен біз­дің әрқайсымыздың өміріміздегі ең маңызды деген жайттарды ғана сақтайды. Биылғы маусым ай­ын­да менің Қазақстандағы өмірім мен жұмысыма 50 жыл толады. Бүгін біздің респуб­ликамыз­дың тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарса­ңын­да артта қалған хрущевтік ке­зеңнің 1961 жылы еске ора­лады. Сол жылы бүгінгі жастарға белгісіз комсомол мені Жітіқара асбест комбинатының құрылы­сы­на аттан­дырды. Қазақстан Дон­бас­тан келген эшелонды қонақ­жай­лылықпен салтанатты түрде қар­сы алды. Оркестр ойнады, митинг болды, жа­лынды сөздер айтылды. Қазақтың кең даласы хрущевтік жылымық­тан жадыра­ған сәт еді. Біз құ­ры­лыста жұмыс істей жү­ріп, өзіміздің бақытты болаша­ғымызға және мем­лекет келешегіне кәміл сендік. Сон­дық­тан да болар, алғашқы қи­ын­шылықтарға төз­дік, үш ай бойы еденде ұйық­тап, қолға түскенді қорек еттік. Мені Николай Жа­бин­­нің брига­дасына тас қалаушы-бе­тоншы ет­іп жіберді. Жұмыс ауы­сым­мен жүргізілетін, кейде тізе бү­гуге де мұрсат болмайтын. Әрбір сағат сайын дерлік бетон тиелген машина келіп жататын, оларды ар­найы науа – «туфель­каға» қота­рып, кейін мұнаралы кранмен жо­ғарыға беретінбіз. Мұндай ауыр жұмысқа үйрен­бе­ген біз титықтап қалатын едік, сәл-пәл демалысқа отырғанда ПТУ-дағы алаңсыз өм­ірді және Украинаның сұлу таби­ғатын еске алатынбыз. Өйткені, Қазақстан­ның қатаң табиғаты біздің маң­дайы­мыздан сипай қой­мады. Бір айдан кейін Донбастан келген бір жарым мың адамның бес жүзі басы ауған жаққа жақсы тіршілік іздеп кетті. Менің де кө­ңілім алаң еді, Ук­раинадағы Полесьеге қайта кеткім келіп маза­сыз­дандым. Бі­рақ аз да болса жолға ақша жинап, товар таситын пойызбен емес жолаушы пойы­зы­мен жүр­мек болдым. Күн артынан күн өтіп жатты. Біз де жаңа ортаға, жаңа жұмысқа үйреніп, осы өңірге бауыр баса бастадық. Ұшы-қиыры жоқ ен дала бізді өз құшағына тарта түсті, мөп-мөлдір аспан қиялға қанат бай­лады. Дәл сол кездің өзінде мен журналистикаға бір табан жа­қын едім, «За асбест» атанған осындағы көп тиражды газетке хабар-ошар жаза бастадым. Сол газеттің мате­риалдарынан аса ма­ңызды бүкіл­одақтық екпінді құ­ры­лыс – Темір­таудағы Қазақстан Магниткасы ту­ралы оқып, білдім. Сол құры­лыста ол кезде ешкімге белгісіз Нұр­сұл­тан Назарбаев та еңбек етіп жүр екен. 1960 жылы 3 шілдеде Орта Азия мен Қазақ­стандағы алғашқы домна пеші іске қосылғанда оның қуанышында шек болмаған-ақ шы­ғар. Енді Назарбаев құры­лыс­шы­дан метал­лур­ге айналды. Ол Борис Яго­витовтың бригадасындағы төр­тін­­ші горновой болды. Ал мен Жі­тіқара асбест комбинатының пай­далануға берілу қуанышын үш жыл­дан кейін сезіндім, ол кезде әскер қатарындағы міндетімді атқа­рып жүрген едім. Бригадирім Николай Жабиннің Ленин орденімен марапатталуы, кейбір бригада мү­шелерінің медальмен наг­рад­талуы алыста жүрген мені де ерекше толқытты. Сол кездері «Те­мир­тау­ский рабочий» және біздің Жіті­қа­ра­ның «За асбест» газеттері озат жұ­мысшылар тура­лы, әсіресе әрі жұ­мыс істеп, әрі оқитын жастар ту­ра­лы жиі жаза­тын. Сөйтіп, біз горновой Нұр­сұлтан Назарбаев пен Қа­би­долла Сәркеновтің Қара­ғанды по­ли­тех­никалық институты Теміртау фи­лиалында оқитынын білдік. Мен де құрылыс техни­ку­мының кеш­кі бөліміне түстім, бі­рақ кейін құры­лысшы мамандығы­нан гөрі бүй­­­ре­гім журналистикаға бұрды. Тех­­ни­кум­ды тастап, кешкі мектепке бар­дым, ондағым аттестат ал­ғаннан кейін университетке тү­су. Журналистика мені тарих пен мемлекет сая­сатын тереңірек білуге, белгілі де та­лантты адамдар өмі­ріне зер са­лып, солардан үлгі алуға итермеледі. Николай Жабиннің бригада­сында да, Нұрсұлтан Назарбаев еңбек еткен бригадада да бірнеше ұлттың өкілдері еңбек етті, олар­дың абырой-беделі ұлттық белгілерімен емес, білімі, жауапкершілігі және өз мамандығына деген адалдығы арқылы айқындалатын. Біз бала кезімізде, содан жасөс­пі­рім шағымызда, кейін жігіт бо­лып, оң-солға сын көзбен қара­ған тұста да үлгіні әдеби кейіпкерлерден, аты шыққан жандардан ғана емес, ең алдымен өз тұстас­та­ры­мыздан алатын едік қой. Нұр­сұл­таннан оның ауылының бала­ла­ры, мектептес достары мен жол­дас­тары үнемі үлгі алды. Дегенмен оның өз қатарластарынан еш өзгешелігі жоқ та сияқты еді. Кейін өзінің табандылығы мен тө­зімділігін көрсетіп, қатарларының құрметіне бөленуді қалағандар да Нұрсұлтанға теңелуге тырысты. Кейін қоғамдық жұмыс өрге өр­летіп, ол енді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы болғанда жауапкершілік пен табандылықты көптеген жас содан үйренді. Москваға, БЛКЖО Орталық комитетінің хатшысына, тікелей телефон соғуға Нұрсұл­тан сияқты батыл, бірбеткей адам­ның ғана жүрегі дауалар еді... Енді оның төңірегіндегілер, оны жақсы білетін жандар Нұр­сұлтан Әбішұлының жанына топтаса бастады, ақыл сұрады, сыр­лас­ты, кеңесті. Сөйтіп, тағдыр ха­лық басшылығына алып келген адам­ның тұлғалық қасиеті қа­лып­тасты. Міне, осынау тұста мен қазақ халқының қонақжайлылығы мен төзімділігі, қиын жағдайға тап бол­­ған жандарға көмек қолын со­зуға даярлығы сияқты қасиет­те­рін танып, білген едім. Дәл сол шақта Қазақстанның болашағы мен бай­лығының негізі қаланып жатты. Сол болашақ пен байлық­тың құ­рамдас бөлігі Қазақстанға келген басқа этностардың мәде­ниеті, тілі еді. Кейде түсінігі мен түр-келбеті, мінезі мен өмірлік ұстанымы әр­түрлі жандар да ор­тақ іс үшін бір кісідей жұмылып жатты. Қазақстан Магниткасында Нұр­сұлтан Назарбаев ерекше тұлға еді. Ол ақылды, сындарлы, шы­ны­қ­қан, өз жолы мен өз қадірін білетін жас еді. Ол металлургтер ішінде де ерекшеленіп те тұра­тын. Ол менен бұрын комсомол белсендісі болды, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысты. Ол туралы газеттер жиі жаза бас­тады, Қазақстан комсомолының Х съезіне, БЛКЖО-ның ХVІ съезіне қатысты, Бүкілдүниежүзілік ІІІ жас­тар фестиваліне делегат болды. Бүгін толық сеніммен мынаны айтуға болады: кеңес кезінде жұмысшы мамандығы адамның өсуіне, ең бастысы – жастардың өз қабілеті мен талантын көр­се­туге жақсы мүмкіндіктер берді. Бұған бүгіндер Қазақстанның даңқ­­ты адамдарына айналған көп­­теген бұрынғы жұмысшылардың өмір­ба­яндары дәлел бола алады. Нұр­сұлтан Назарбаев басшылық ла­уа­зымға қызықпағанын кейін талай айтса да, бірақ ол дүр­мектің ортасында қала алмас еді, өйткені оның лидерлік қасиеті үнемі алға бастайтын. Белсенді еңбек адамы, жастар жетекшісіне Теміртау қа­лалық комсомол комитетін басқа­ру ұсынылды. Өз тә­жірибемнен білемін, мұндай ұсыныстардан дені сау адам бас тартпаса керек-ті. Бірақ Нұрсұл­тан Назарбаев бас тартты. Мұ­ны­сын ол мұндай жұмысқа психо­логиялық жағынан дайын емеспін деп түсіндірді. Оны бюроға шақыртты, әдеттегі­дей қысымға алды, жаза да қол­данды, бірақ көндіре алмады. Дәл осы тұста Назарбаев – тұлғаның бар бол­мысы менмұндалады. Ол БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы С.П.Павловқа дейін жетіп, өз тарихын баяндады. Об­лыстық партия комитетінің бю­росы қалалық партия коми­те­ті­нің Назарбаевқа жаза беру жө­ніндегі шешімінің күшін жойды, ал бірінші хатшы Катковқа қатаң пар­тиялық жаза қолданылды. Бі­рақ кейін Назарбаев Теміртау қа­лалық комсомол комитетін бас­қар­ды да. Өйткені, партиялық функ­ционерлер оның лидерлік қа­сиетін, адамдармен жұмыс істеу қабілетін, алғырлығын көріп-біл­ген еді. Бүгіндері бізге күнделікті өмірде осындай қасиеттер жетіспей жататыны өкінішті-ақ! Комсомолдан кейін және 1970 жылы Қарағанды политехника­лық институтын бітіргеннен соң Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ал сол кезде «Костанайтяжстрой» тре­сі комсомол комитеті хатшы­сы­ның орынбасары болып істейтін маған ең алғашқы үкімет наг­радасы – В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне шыға­рыл­ған мерекелік медаль тапсы­рыл­ған еді. Ленин партиясы, сол кезде КОКП-ны осылай атайтын, кадрларды тәрбиелеп, іріктей білетін. Араға көп уақыт салмай Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан металлургия алыбы партия ұйы­мын басқарды, одан кейін Қара­ғанды облыстық партия коми­те­тінің хатшысы болды. Ал 1979 жы­лы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып сайланды. Төрт жылдан кейін ол Қазақстан Министрлер Кеңесін басқарады. Біз, қатардағы партия қызмет­керлері мен партия мүшелері, бұл қызметтердегі оның жұмыс стилін, белгілі бір проблеманы шешудегі оның ықпал ету деңгейін тікелей сезінген жоқпыз. Ал сол кезде де, бүгін де, мемлекеттегі бірінші тұлғаға қоғамның мил­ли­ондаған мүшесі мен әрбір нақ­тылы адамының өмірі байланыс­ты еді. Өйткені, біздің барлық жеңістеріміз бен өкініштеріміздің бастауында солар тұратын. Комбинат парткомының хат­шы­­сы болып сайланған Нұрсұл­тан Назарбаев алдында сан түрлі мә­се­лелер тұрды. Комбинат ди­рек­торы О.И.Тищенко да жаңадан тағай­ын­далған еді. Тұтқа ұстаған екі бас­шы кәсіпорында оның ал­ғашқы күні­нен қордаланып қал­ған түйт­кіл­дерді шеше алмады. БАҚ-та сын мақалалар жарық көре бас­тады, журналистер кінәні директор мен партком хатшысына тақ­ты. Бірақ бұл қиыншылықтар ол­ар­дың са­ғын сындырмады. Мәскеуден келген бри­гада комбинат­тағы істің жай-жапсарын зерттегеннен кейін Н.Ә.Назарбаевты КОКП Орталық Комитетінің Сек­ре­тариатына ша­қыр­ды. Бұл тегін шақырту емес еді. Н.Ә.Назарбаев оған өз комби­на­ты­на көмектесу үшін жол тартты. Cекретариат отырысы бары­сын­­да Н.Назарбаев комбинаттағы жағдайды бүкпесіз, боямасыз ба­ян­дады. Комбинатты салғанда онда жұмыс істейтіндер жағдайы мүлдем ескерілмеген. Тұрғын үй, балабақша, азық-түлік пен тұр­мыс­қа қажет тауарлар жоқ, климат жағдайы ауыр және де басқа көп­теген проблемалар қорда­ланған. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдің сынағынан тұңғыш рет өтті. Әрине, ол сол кезде алда мұнда талай келіп, Горбачев, Ельцин және басқа адам тағдырын шешушілердің «құпия» меха­низм­­­дерімен таныс болатынын білген жоқ. Бірақ Н.Назарбаев мұндай сынақ-кездесулерде адам тағды­рын шешушілер туралы емес, өз елі, адамдарының тағ­ды­ры тура­лы ойлады. «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан жа­сам­паз­да­ры» атты кітап жазған ағ­ыл­шын жазушысы және биографы менің әріптестерім – журналистер ал­дын­да таң-тамаша қалады: «Ба­тыста далада туған жанның Президент болуы мүмкін емес». Иә, Батыс үшін Назарбаев тағдыры тосын. Онда осы күнге дейін ал­дыңғы кезекте адамдар туралы, со­дан кейін барып дивиденттер мен пайда туралы ойлайтын адам­­дарды түсіне бермейді. Шекарадан тыс жерде бұған қарама-қарсы. Назарбаев республикада адам­дардың өмір деңгейі, кадрлық өз­герістер мәселесіне ерекше мұ­қият қарады. Жоғары тұрған бас­тық алдында да жалпақтамады. Ол үнемі өз халқы туралы ой­лады, өзінің қайдан шыққанын, тегін ұмытқан жоқ. Мұның өзі оған КСРО-ның тараған сәтінде және егемен Қазақстанды дербес басқарған алғашқы жылдары кө­мекке келді. Астананы Ақмолаға көшіру кезіндегі шешімі оның табандылығы мен мақсаткерлігін айқын айғақтайды. Мұның ар­тын­да аса маңызды геосаяси проблема жатқаны да түсінікті ғой. Нұрсұлтан Назарбаевты КСРО-ның ыдырауынан көп бұрын қай­та құру деген дақпыртпен пар­тияның халық мүддесінен ал­шақ­тап, лениндік принциптерді белінен басуы алаңдатты. Одақтық республикалар ірілі-уақты мәсе­лелердің бәрін Мәскеумен келісетін. Мәскеу болса жергілікті жер­дің мәселесін шешу үшін елп ете қоймайды. Экономикалық және әлеуметтік түйткілдер қордала­нып, шешімін таппай жатты. Назарбаев пен оның жақтастары мұ­ның неге соқтыратынын жақсы біл­ді. Горбачев болса өзінің ба­тыс­тағы достарына жақсы көріну үшін алған бетінен қайтпады. Дегенмен ол жаңартылған Одақты сақтап қалатынына сенді. Оның үстіне Бүкілодақтық референдум саясаткерлерге келісімге келуге мүмкіндік берді, бірақ олар келісімге келе алмады. Ең алдымен Горбачев пен Ельцин текетіресі жалғаса берді. Олар тоталитар­лық жүйені жоямыз деген сыл­тау­мен милли­ондаған қарапайым ад­ам­дар мүд­де­сін ұмытты, ең бол­маса Қытайдың тәжірибесін қол­дана ал­мады, ал олар идеоло­гияны сақ­тай отырып, бүкіл елге жеке меншік енгізді, сөйтіп қысқа мерзімде өз эко­но­микасын көтере білді. Назарбаев Қазақстанның ұлттық мүддесін пар­тия съез­дерінде, КСРО Жоғар­ғы Кеңесі сессия­ла­рында, Горбачевпен жеке кездескенде көтеріп жүрді. КОКП ХХVІІІ съезінде сөй­леген сөзінде ол елді жаңартудың инициаторы – партия неге халық сынына ұшы­рап отыр деген сұрақ­қа жауап бере келіп, бұл құбы­лыстың негізгі себептерін айтты. «Қоғамның бас­­қарушы күші» қай­та құрудың нақтылы жоспарын, сол қайта құрудың ықтимал салдарын ой­лас­тырған жоқ, деді. Мен ол кезде Мәскеуде болған едім, журналистер Н.Назарбаев­тың бұл батыл сөзін ерекше жо­ғары бағалады. Назарбаевтың күр­делі жағдайда шешім қабыл­дауға деген қабілетіне басқа да мысалдар жетерлік. Мына жағдай қазір жалпы жұрт­қа жақсы белгілі, Горбачевті президенттік тақтан аластаған Беловежье келісімінен кейін М.Горбачев өзінің досы санаған үлкен Д.Буш, оған тіпті телефон да соқ­қан жоқ. Оның орнына ол Б.Ельцинмен әңгіме өткізіп, мемлекетте мәңгілік дос жоқ, тек саяси және ұлттық мүдде ғана бар дегенді тағы да бір еске салды. Міне, осы мүдде Н.Назарбаев өмірі мен қызметінде жеке бастың қамы, даңқы және популизмнен үстем тұрды. Назарбаев 50 жасқа тол­ған­да оны облыстық партия комитеттері хатшыларының ұсы­­ны­­сымен Социалистік Еңбек Ері­нің Алтын жұлдызымен мара­пат­­та­мақшы бо­ла­ды. Ол туралы біл­ген мерейтой иесі бұған үзілді-кесілді қарсы болып, өз орнына Ан­дрей Браун­ды наградтауды ұсынады. Тағдыр Н.Назарбаев алдына үнемі таңдау жасауды қойып келді: не тез шешім қабылдау керек немесе ойлану, салмақтау, нақты­лау қажет. Соның бәрінен ол дұ­рыс жол табатын еді. Онымен бірге болғандар оның іскерлігін, па­ра­сатты ақыл-ойын, іске деген прин­ципті көзқарасын айтудан жа­лықпайды. 1990 жылы Нұр­сұл­тан Назарбаев КСРО вице-президенті болуы мүмкін еді, бірақ Гор­бачев мұндай принципті ор­ын­басары болуынан қорықты. Нұрсұлтан Назарбаев Одақ ыды­рап, бұрынғы одақтас республикалар егемендік шеруін тойлап жатқанда да жұртпен бірге дақ­пыртқа ерген жоқ. Қазақстан өз тәуелсіздігін ең соңында жа­рия­ла­ды, ал шынтуайтқа келгенде рес­публика жастары егемендікке деген құқығы туралы 1986 жыл­дың желтоқсанында-ақ жария еткен еді. Нұрсұлтан Назарбаев яд­ролық қару арсеналын жойғанда да, рубльдік аймақтан шыққанда да және де басқа көптеген ма­ңыз­ды мәселелерді шешкенде де асы­ғыстықтан бойын аулақ салды. 90-жылдары қоғамдық-экономи­ка­лық формация, миллиондаған адам­дардың өмір салты өзгерген­де де ол өзін салмақты ұстады, халық алдында ол өзіне сенімді саясаткер болды. Сол үшін де ол жыл адамы атанды. «Файнаншиал Таймс» газеті сол кездері Назарбаев туралы былай деп жазды: «...ол бүкіл жан-тәнімен саяси және экономикалық одақты сақтауды жақтайтын бірден бір респуб­ли­ка­лық саяси қайраткер, ол нарық­тық реформаны жақтаған және оны өмірге белсенділікпен енгізген алғашқы лидерлердің бірі». КСРО-ның ыдырауынан кейін және тәуелсіздіктің алғашқы жы­лы біздерге, бұрынғы ұлы держава азаматтарына, психологиялық жағынан да және экономикалық жағынан да жеңіл болған жоқ, сол тұста Нұрсұлтан Назарбаев жұба­ныш пен үміт сөзін таба білді, ол былай деді: «Біз Кеңес үкіметі жыл­дары қазіргі қолда бар эко­номиканың, әлеуметтік инфрақұ­ры­лымның жасалғанын ұмыта­тын мәңгүрт емеспіз...» Бүгін біз, қазақстандықтардың орыс тілді бөлігі, Президент Назарбаев пен барлық қазақтарға Қазақстанның мемлекеттік тілді мәжбүрлеп оқыту жолымен кетпегені үшін шын жүректен алғыс айтуға тиіспіз. Сонымен бірге қа­зақ тілін біздің балаларымыз бен немерелеріміздің білуі үшін бар­лық жағдайды жасауымыз керек. Сол арқылы біз Президент – Ұлт Көшбасшысына халықты одан әрі топтастыруға жәрдемдесеміз. Рес­публика бастан кешірген күрделі тарихи кезеңдер және оларға Нұр­сұлтан Назарбаевтың көзқ­а­расы барлық қазақстандықтардың Қа­зақстанда жаңа лидер өсіп жетілді деген сенімін тудырды. Қостанай облыстық партия комитетінде қыз­мет істей жүріп соған дәлел талай мысалдарды кездестіргенім бар. 1989 жылы мамыр айында Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстан Компартиясы Орталық Ко­ми­те­ті­нің бірінші хатшысы бол­ды, ал 1990 жылдың 24 сәу­ірінде ол Қа­зақстан тарихында бірінші Президент болып сайлан­ды. Сонымен бірге ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комите­ті­нің бірінші хат­шысы портфелін де сақтап қалды. Содан бері, міне, 20 жыл бойы ол біздің Президент, Ұлт Көшбас­шысы және халық­аралық деңгей­дегі дана саясаткер, «Нұр Отан» партиясының Төраға­сы, ал партия беделі тікелей Назарбаев есімімен байланысты. Өт­кен кезең ішінде біздің бәріміз сияқты ол да ерекше өзгерді, ба­рынша сарабдал және адамдар мен олардың ісін қатаң бағалай­тын болды. Бірақ бір мә­селеде ол бұрынғы қалпында қал­ды, ол – өз халқына Ежелгі дала тарихына лайықты болу үшін көмек, қолдау көрсету. Оның бар­лық өмірі қа­зақстандықтарға белгілі және ол бізге әлемдегі күр­де­лі процестерді, ондағы адамның ор­ны мен рө­лін тереңірек ұғы­ну­ға көмектеседі. Назарбаев кезінде республика еге­мендік, халықаралық бедел ал­ды, индустриялық-инновация­лық да­­му жолына түсті. Қазақ­стан Тәу­ел­сіздік жылдары 120 миллиард АҚШ дол­лары мөлше­рінде инвестиция тарта білді. Бұл елге өз тәу­елсіздігін ны­ғайтуға жә­не Қазақ­стан­ның әлемдік бәсе­кеге қабілетті ортаға кіруі үшін алғышарт жасады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі саясаткер ретіндегі шын мәнін­дегі лидерлік, адами қасиеттері мен оның көрегендігі, менің ой­ым­ша, халықтар арасындағы келісімді ны­ғайтуда ерекше көрінді. Және Нұр­сұлтан Әбішұлы мұны өзіміздің қазақстандық үйде де, сондай-ақ әлемдік масштабта да ойдағыдай жүзеге асыруда. Назарбаев – Қа­зақ­стан халқы Ассам­блеясын құ­ру­дың және оны жү­зеге асырудың авторы, әлемдік дін лидерлері съез­дерін, ТМД елдері мәдени жә­не рухани дамыту форумын өт­кі­зу­дің инициаторы және ЕҚЫҰ да­мытудың осы за­манғы басты қоз­ғаушысы. Нұр­сұл­тан Назарбаев­тың әлем хал­қына Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік принциптерін сақтау жө­ніндегі үндеуі менің Қазақ­ста­нымның басшысының мем­лекет­аралық қатынастар мәдение­тін жо­ғарылатуға жаңа импульс әкелу­ге ұмтылушылығын тағы бір дә­лелдейді. Әлемге халық мүддесі мен арман-тілегін жоғары қоятын перзент берген халық та даңқ биігіне көтерілмек. Сөз жоқ, Нұр­сұл­тан Назарбаев Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық, ал қа­зақтар бол­са түркі халқы мен пост­ке­ңес­тік кеңістікке жаңалық атаулының бастаушысы ретіндегі өз рөлін баяғыда-ақ дәлелдеді. Бүгіндері кейбіреулер Прези­дент­тің жаңылыс басуы мен қате­ліктерін еске ала бастады. Ал бас­қа мемлекет басшыларында қате­лік жоқ па? Мұндайды Президент сенімін ақтамағандар, мемлекеттік қызметтен аластатылғандар айтады. Бұлар дұрыс баға бере алмайтын, аяғының астынан бас­қаны көре алмайтын адамдар. Пре­зидент ондайлардың мемлекетте бар екенін де жақсы біледі... Ең бастысы – халық, Прези­денттің ізбасарлары мен тілеулес­терінің үлкен командасы онымен бірге. Нұрсұлтан Назарбаев солар үшін өмір сүріп, жұмыс жасайды. Оның осы ұмтылысы миллион­даған қазақстандықтар мүддесіне сай келіп, жарасым табады. Оның ішінде мен де бармын. ...Өткен жылы Мәскеуде, ме­нің «Казахстан: от суверенитета к мировой конкурентоспособности» ат­­ты кітабымның тұсауке­се­рінде мәс­кеулік қазақтар мені Қазақ­стан­ның этностық емес пат­риоты деп атады. Мен оны мақ­тан етемін, өз Отаным деп мен Украи­наны санасам, өзімнің ту­ған елім деп Қазақстанды санай­мын. Бұл менің елім, бұл менің тағдырым және бұл менің Президентім. Сергей ХАРЧЕНКО, аймақтық «Костанайские новости» газетінің бас редакторы, саяси социология докторы, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі. Шетелдік саясаткерлер не дейді? Мың мәрте дұрыс қадам Юрий СОЛОЗОБОВ, Ресей ұлттық стратегиялар институты халықаралық бағдарламаларының директоры: 2007 жылғы реформа Президент Назарбаевтың бірнеше мәрте қайта сайлануына рұқсат берді. Егер ол кезекті президенттік сайлауға баруға шешім қабылдаса, он­ың тамаша жеңіске жететініне мен сенімдімін. Сонда ба­тыс­тық «бөрілер» де тоқ, наразылықтар да алынып тас­талады – сайлау өткізу институтын ешкім жойған жоқ. Әлемнің саяси турболенттілікке кіруінің өзі На­зарбаевтың табысқа жететініне кепіл болады. «Қырғызстандағы сияқты сынақтарға ұшыра­та­тын­дай, біздің мемлекеттілігіміз бізге өте қым­бат», дейді Қазақстанда. «Сынған шыны аяқты қайта желімдеуге болмайтынын Қырғызстан көр­сетіп отыр». «Независимая газета». Дмитрий СУЩЕВИЧ, ТМД атқару комитетінің кеңесшісі: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың референ­дум­ның орнына мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ұсынуы мың рет дұрыс: Конституция, тіпті ізгі ниеттермен болса да, жеңіл-желпі қайта көшіре салатын құжат емес! Ал Қазақстан халқының дұрыс таңдау жасайтынына еш күмән жоқ! Қазақстанның туыстас халқына шын жүректен бақыт пен өркенді даму жолын тілеймін. (Са-News). Манфред ГРУНДА, Бундестаг депутаты: Қазақстан Президенті мен Конституциялық Ке­ңес шешімі кеңінен қолдау табуда. Ол демо­кра­тия­лық принциптерден, ең алдымен, саяси жауапты бас­шыларды бірқалыпты дауыс беру нәтижелері бой­ын­ша сайлау қажеттілігінен бас тартуға жол бермейді. 31 қаңтарда Конституциялық Кеңес Президент өкілеттігін ұзарту жөнінен жоспарланған референдум ел Конституциясына сәйкес келмейді деп ха­бар­лады. Одан кейін Президент Назарбаев референдум орнына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өт­кізуді ұсынды. Президенттің шешімін Конституцияның демо­кра­тиялық принциптеріне адалдық ретінде бағалаған жөн. Қазақстан модернизация жолымен дамыды, табыстар, әсіресе бұрынғы Кеңес одағының өзге елдерімен салыстырғанда, көзге көрініп тұр. Мемлекет басшысы елде тұрақтылықты, экономикалық және әлеуметтік прогресті қамтамасыз етті. Саяси реформалармен байланыстыра отырып, осы прогресті болашақта да қамтамасыз ету қажет. Президент Назарбаевтың шешімі осы бағыттағы жолды жалғастыра алады. (Германиядағы билеуші ХДС/ХСС одағы фрак­ция­сы Атқарушы хатшысының баспасөз үшін мәлім­демесі).