22 Шілде, 2016

Сырдағы серпінді сала

370 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
alnazarova_akmaral (1)Қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы екені бесенеден белгілі. Әрбір мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндет – ел тұрғындарының денсаулық жағдайын нығайтып, олардың өмірінде салауаттылық салтын ұстануға барынша қолдау көрсету. Халқымыз қашаннан да денсаулықты құны жетпес қазына ретінде бағалай білген. Бұл орайда, Еуразия кеңістігінің орта тұсынан орнын еншілеген туған Отанымыз Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толағай табысы көңілге медет болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығының нәтижесінде денсаулық сақтау саласында көптеген келелі істер жүзеге асты. Осындай қолдаудың арқасында қоғамның басты байлығы – адам денсаулығын нығайтуда оңтайлы істерге мүмкіндік жасалды. Мұндай игілікті жұмыстар Сыр өңірінде де көптің кәдесіне жарағанын айта кеткеніміз артық болмас. 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаты­суымен облыстық диагностикалық кеңес беру орталығы іске қосылды. Сол уақытқа дейін Сыр өңірінде мұндай сәулетті ғимаратта орна­ласқан, барлық медициналық құрал-жабдықпен толықтай қам­тамасыз етілген денсаулық сақтау мекемесі мүлдем болмапты. Об­лыстық диагностикалық кеңес беру орталығы сондай қиындықтың артта қалуына септігін тигізіп, облыс өмірінде ерекше назар аудартқан елеулі істердің біріне айналды. Бұл халықтың келешек кемерінде елімізде атқарылатын жаңашыл жобаларға негіз қалады. Сонымен қатар, дәл осы уақытта біздің облыста тағы бір денсаулық сақтау мекемесінің тұсауы кесі­ліп, халықтың сұранысын қа­нағаттандыру бағытында өз қыз­метін бастады. Нақтылай айтатын болсақ, Қазалы аудандық емханасының жаңа ғимаратқа көшірілуі Сыр медицинасын бір серпілтіп тастаған толайым табысқа жол ашты. Әрине, бұл жылдарда қаржы мәселесі қыс­паққа алып, көптеген түйткілді мәселелер алдымыздан шығып жатты. Сол жылдары салаға бөлін­ген қаржы көлемі бар-жоғы 850 миллион теңге болатын. Халықтың әлеуметтік жағдайын жіті назарда ұстаған Мемлекет басшысы Кеңес ода­ғы кезеңінде басталып, ақша жетіспеушілігі салдарынан аяқсыз қалған 750 адамды қабылдау мүмкіндігі бар облыстық медицина орталығының құрылысын толықтай бітіруге тікелей тапсырма берді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан болгарлықтармен келі­сімдер жасалды. Бұл – өте үлкен жауапкершілік пен ха­лық алдындағы міндет еді. Нәти­жесінде, 1998 жылы ТМД елде­рінде теңдесі жоқ орталық емделу­шілерге есігін айқара ашты. Орта­лықтың салтанатты ашылу рәсіміне Елбасының өзі келіп арнайы қатысты. Мұндай тарихи жағдайдың орын алуы – Сыр медицинасының әрі қарайғы дамуының даңғыл жолы болды. Қазақстан мен Жапония Үкі­мет­терінің келісімі нәтижесінде ең ірі жоба – облыстық медицина ор­талығына 3 миллион 800 мың дол­лардың медициналық құрал-жаб­дықтары грант түрінде алынды. 2005 жылы Мемлекет басшысы еліміздегі «Денсаулық сақ­тау саласын реформалау мен дамыту» жөніндегі бағдарламасын бекітті. Бағдарламада саланың материалдық-техникалық жаб­дықталуы, дә­рігерлер білімін же­тілдіру, менедж­мент дайындау іске асырылды. Сол жылы саланы қаржыландыру 5 миллиард теңге болса, арада бес жыл өткенде сала­ның қаржыландырылуы 13 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылдар аралығында Арал, Қармақшы, Сырдария, Қазалы аудандарында 4 туберкулезге қарсы күрес диспансері іске қосылды. Сондай-ақ, Жаңақорған аудандық ауруханасы, Арал аудандық емханасы және 56 ауылдық емдеу ұйымдары жаңа ғимараттарға көшірілді. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайту бағы­тында 4 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлініп, қымбат баға­лы құрал-жабдықтар, магнитті рез­онанстық томограф пен ком­пью­­терлік томография өндіріске енгізілді. 2009 жылы республикада алғаш болып, облысымыз өз қар­жысымен шалғайдағы науқас­тарға шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында ұшақтармен қамтылған санитарлық авиация қызметін қолға алды. Дәл осы жылы аймақта кардиохирургиялық орталық ашылып, жүрекке ашық оталар жасала бастады. Бағ­­­дарлама аясында денсаулық сақтау саласындағы менедж­мент, ресурстарды басқару және қаржыландыру, дәрігерлер, жалпы мыңға тарта мамандар қайта даярлаудан өтті. 2011-2015 жылдар аралығында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасы қолға алынды. Саланы қаржыландыру 14 миллиард тең­геден 34 миллиард теңгеге дейін көтерілді. Осының нәти­жесінде бүгінгі заман талабына толықтай сай келетін Ана мен бала орталығы, №3 қалалық, Шиелі, Сыр­дария, Қармақшы, Жалағаш аудандық емханалары және ауыл­дарда 38 медициналық жаңа ғимараттар салынды. Саланың санитарлық авто­көліктерге деген сұранысы толық­тай өз шешімін тауып, 5 жыл ішінде 375 мамандандырылған санитарлық автокөліктер жаңа­дан алынды. Соның ішінде шал­ғай елді мекен тұрғында­ры­ның ден­саулығын тексеру мақ­сатын­дағы жылжымалы меди­циналық ке­шеннің қызметі орасан зор болды. Мұндай өрелі өзгерістер жыл­дан-жылға жалғасын тауып, медицина саласының қарышты дамуына оң әсерін тигізді. Сыр өңірінде бұрынғы жылдарда қол жетпей келген көптеген мәселелер жан-жақты шешімін тапты. Мәселен, 2012 жылы нейроинсульттік орталық ашылып, инсульт алған науқастарға ота жасау мен қалпына келтіру қолға алынды. Осындай шаралардың арқасында 5 жыл ішінде 3529 науқасқа жоғары ма­мандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Біздің облыс тұрғындары Алматы мен Аста­наның жоғарғы клиникаларына баруды азайтып, өзіміздегі орталықтардың қызметіне жүгіне бастады. 2014 жылы облыс дәрі­герлері елімізде 4-ші болып, бүйрек ауыстыру отасын жасады. Облыстың медицинасы алыс-жақын 28 мемлекетпен қарым-қатынас орнатты. Халықаралық бағдарламалар шеңберінде жұ­мыс орындарында оқыту жолға қойылды.Өңірдің денсаулық сақтау саласында 5 жыл ішінде 6000-ға тарта жалпы мамандар қайта даярлаудан өтті. Облыс әкім­дігінің қолдауымен «2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы» қабылданып, оны іске асыру үшін 4,4 миллиард теңге көлемінде қаржы қаралды. «Жол картасы» аясында ана мен бала денсаулығын нығайту үшін заманауи қондырғылар алынса, жедел жәрдем қызметі жетілдірілген автоматты жүйеге көшірілді. Облыстағы туберкулезге қарсы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Осы жылы өңірлер арасында денсаулық сақтау саласы бойынша 1 тұрғынға жұмсалатын шығын 53 105 теңге болып, облысымыз Астанадан кейінгі екінші орында тұрды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарса­ңында Елбасымыз 2016-2019 жылдарға «Денсаулық» бағдар­ламасын бекітті. Бұл облыс­тың денсаулық сақтау саласын­да іргелі өзгерістердің жүзеге асуы­на оң әсерін тигізді. Алғашқы медициналық көмек көрсету сапаға құрылып, емхана­ларда мамандандырылған бөлімдер ашылды. Биыл өңірдің денсаулық сақтау саласында көптеген игілік­тер жасалмақ. Айтулы мереке аясында бірнеше емдеу ұйым­дары, атап айтқанда, Жаңақорған аудандық емханасы, осы аудан­дағы Түгіскен дәрігерлік амбулаториясы, облыстық балалар ауруха­насы пайдалануға берілмек. Мемлекеттік-жекеменшіктік әріп­тестік аясында, аусымына 500 келушіге арналған емхананың құрылысы салынбақ. Сыр медицинасы тәуелсіздік жылдарында қандай жетістіктерге жетті? Қандай оң өзгерістер жасалды? Осы сауалдар төңірегінде ой қозғайтын болсақ, көңіл толарлық ілкімді істеріміз көп. Бұл халықтың тыныс-тіршілігінде айқын көрініс тауып отыр. Мұндай көрікті көріністер әрбір елді­мекеннен көзімізге жиі ұшы­ра­сып жатады. Соңғы 15 жылдағы жұмыс­­тарды саралайтын болсақ, 2000 жылдан бері жалпы туу көрсеткіші 6,7 пайызға артып, ана өлімі көрсеткіші 42,4 пайызға төмен­деді. Сәби өлімі көрсеткіші 10,8 пайызға төмендеді. Өмір сүру ұзақ­­тығы 64,4 жастан 71,9 жасқа жетті. Жыл басында Ана мен бала орталығында босанудан кейінгі сауықтыруға арналған 30 төсектік бөлімше ашылды. Ана өлімінің көрсеткіші 4,5 есеге төмендеген. Облыстық онкология орталығында 15 төсектік, аудандарда 35 төсектік паллативті көмек бөлімдері ашылды. Барлық ауданда 5 төсектік неврологиялық науқасы бар бала­ларға арналған бөлімшелер пай­далануға берілді. Сөз басында айтқанымыздай, адам денсаулығы – қоғамның бас­ты байлығы. Әрине, әрбір адам өз денсаулығын сақтауға ерекше мән беріп, мықты болу жолдарын қарастыруы тиіс. Он екі мүшесі сау, денсаулығы дімкәс емес әрбір жан еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Сондықтан, саламатты өмір салтын сақтауға назар аударып, соның жолында тиянақты жұмыс жасай білуі тиіс. Өйткені, еліміз­дің әрбір азаматы – кең-байтақ Отанымыздың келешегі. Қазақ­станның көркеюіне зор еңбек сіңіреді. Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қызылорда облысы