«Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады» дейтін аталы сөз бар. Беларусь жерінде өткен биылғы «Славян базары – 2016» байқауында бақ сынаған жерлесіміз жас әнші, қазақ эстрадасында «АDAM» деген атпен танылған Дәурен Оразбеков үшін алаңдап, үміт күткендер көп болды. Өткен жылы Димаш Құдайбергенов аталған аламанның алдынан көрініп, бас бәйгені қанжығасына байлап қайтқанын баспасөз беттері жарыса жазғаны белгілі. Дегенмен, «жыл сайын жылы қабақ таныта бере ме, осы жолы олжасыз қаламыз ба?» деген күдік те болды. Бірақ, «әрекеттің берекеті болады» демекші Адамның еңбегі еленіп, бірінші орынды еншілеп қайтты. Әлемнің 44 елінен келіп сынға түскен өнерпаздардың арасынан өзінің бағы жанып, жүлделі орынға ие болғанын жас әнші үлкен жетістігім деп бағалап, әрі қарай табанды еңбек етуге талпынатынын жеткізді.
«Осымен ХXV мәрте өткізілген халықаралық байқауға қатысудың өзі жеңіс деп ойлаймын. Маған қолдау білдіріп, қолұшын берген Мәдениет және спорт министрлігіне, жанкүйерлеріме үлкен алғысымды білдіремін. Мен байқаудың бірінші күні Данил Коротаевтың сөзіне жазылған «Исповедь» әнін орындап, 77 ұпайға, ал байқаудың соңғы күнінде «Sam Smith “I’m Not The Only» әнін орындап, 78 ұпайға ие болдым. Осылайша екі күн бойы жинаған 155 ұпайым арқылы бірінші орынға қол жеткіздім», – дейді жас әнші.
Халықаралық байқаудың қазылары қатарында Валерий Леонтьев, Наталья Могилевская, Нағима Есқалиева және Александр Тихонович болған.
Төрт күнге созылған өнер бәйгесінде бағы жанып, бабы келіп, көрермендердің көңілінен шығып, қазылардың жоғары ұпайын алған беларусиялық әнші жеңімпаз атанғанын да айта кеткеніміз орынды.
Сөз басында былтырғы «Славян базары – 2015» байқауының жеңімпазы Димаш Құдайбергенов болғанын атап өттік. Ал осы жылы фестивальды ұйымдастырушылар Димашты концерттік бағдарламаға ресми түрде шақырған. Ол онда «Опять метель» композициясын орындаған.
Аталған ән байқауының жүлде қоры да аз емес екен. Жеңімпаз жерлесіміз қанжығасына байлаған қаражатына үйленіп, той жасайтынын да жасырмады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»